Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты.
«Аға өмірден өтсе де, қалдырған мұрасы еліміздің әдебиетінде, ән өнерінде, халық жадында мәңгі сақталады. Аға жайлы айтылар сөз көп. Кеңес Дүйсекеевпен жазған «Қарағым-ай» әні елімізді әлемге танытып, барша халық қосылып шырқайтын әнге айналды. Артына қалдырған мұрасын насихаттау – баршамызға парыз. Ұйғыр театрының бастамасына алғысымызды білдіреміз. Мен өзім Шөмішбай Сариевтің батасын алған баланың бірімін. Студенттік шағымызда өнерімізге сәттілік тілеп, өзінің ақ тілегін арнаған еді. Жанашырлығы баршамызға өнеге болды», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева ақын Шөмішбай Сариев ХХ және ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясын жоғары көтерген тұлғалардың бірі екенін айтты. «Болмысы бөлек болатын. Ақынның қаламынан туған өлеңдері халық жадында мәңгі сақталады», – деді Роза Рымбаева.
Айта кетейік, театрдағы таныстырылым аясында Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
К.ҚАРҚЫН