Жаңа талап пен ережеден тұратын құжатты Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы дайындаған. Аталған басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа қағида «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңының 4-бабы 9-24-тармақшасына сәйкес әзірленіпті.
«Қағиданы бекітудегі мақсаты – жазғы алаңдарды қаланың сәулеттік келбетіне сәйкестендіру, тұрғындарға жайлы жағдай жасауға ықпал ету. Қоғамдық тамақтану нысандарының жанынан жазғы алаңдар орнату қағидасын әзірлеу кезінде өрт қауіпсіздігі, жер заңнамасы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, сондай-ақ сауда қызметін реттеу саласындағы заңнамалар қаралды», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.
Кәсіпкерлер қарсы
Алайда жаңа қағидаға кейбір кәсіпкерлер қарсы болуда. Себебі бұл біріншіден, кәсіпкер үшін қосымша шығын. Екіншіден, әрбір жазғы алаң иесі өз иелігіндегі тамақтану орнын өзгеше дизайнмен жасағысы келеді. Оның себебі, келушілерді қызықтыру. Бірақ жаңа қағида бұған мүмкіндік бермейтін көрінеді. Жаңа ережеге сәйкес, жазғы тамақтану алаңын ашамын деген адам нысан орналасқан жердегі өзге бизнестік басқа да орындардың дизайнымен барынша үйлесіп тұруға тиіс.
«Бұл қағида туралы маған әкімдік өкілдері келіп айтып кетті. Бірақ мен келіспеймін. Біріншіден, мен үшін бұл қосымша шығын болғалы тұр. Онымен қоса, жаңа қағида бойынша мен өз нысанымның дизайнын қасымда тұрған кафе немесе басқа орындармен бірдей етіп, соған барынша ұқсатып жасауым керек екен. Бұл келушілердің санын азаюына әкелуі мүмкін. Оны қайта жасап шығу үшін жоғарыда айтқанымдай, қосымша қаражат жұмсауым керек. Онсыз да өткен жылы әкімдік пен полицияның тексерістері салдарынан айыппұл төлеуден көз ашпадық. Жаңа қағида да тексерушілер үшін жаңа бір сылтау болғалы тұр», – дейді аты-жөнін атамай-ақ қоюды өтінген кәсіпкер.
Өзгеріс енгізуді талап етуде
Алматы кәсіпкерлер палатасы да енгізілген жаңа қағида туралы өз алаңдаушылықтарын білдіріп отыр. Олар осы қағиданың орындалмағанын сылтау қылған әкімдік пен жергілікті полиция қызметі кәсіпкерлерді ретсіз мазалап мезі қылуы мүмкін дейді.
«Бұл жерде кәсіпкерлердің реніші мен шағымы орынды. Біздер өз тарапымыздан қаладағы рестораторлар қауымдастығымен бірлесе отырып, қазір осы қағиданы қайта талқылауға ұсынып жатырмыз. Қазір Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы осы саладағы кәсіпкерлердің пікірлері мен шағымдарын жинауда. Жақын күндердің бірінде Алматы қаласы әкімдігімен аталған жаңа қағиданы қайта қарап шығамыз. Нәтижесінде, бекітілген ережедегі кейбр талаптарға қатысты тиісті өзгерістер енгізіледі деп күтіп отырмыз», – дейді Алматы кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы Айдын Айырбеков.
Заңсыз тексерістер де анықталған
Жоғарыда пікір білдірген кәсіпкердің айтуынша, жазғы маусым кезінде қоғамдық тамақтану нысандары бойынша полиция рейдтері де күшейетін көрінеді. Бұл пікірді Алматы кәсіпкерлер палатасы да растап отыр. Былтырғы маусым кезінде қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағым түсірген. Кәсіпкерлердің айтуынша, өздеріне қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 505-бабына сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар негізсіз толтырылған.
Шағымдар бойынша жұмыс жүргізген палата өкілдері қаладағы Алмалы ауданының әкімдігі жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, жазғы алаңдардың жұмысын тоқтату бойынша заңсыз рейдтер жүргізгенін анықтаған.
Осыған қатысты Алмалы ауданы прокуратурасының атына жоғарыда аталған адамдардың іс-әрекеттерінің заңсыздығы туралы хат жолдаған. Оның нәтижесі бойынша прокуратура Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалардың күшін жою туралы сотқа наразылық енгізген.
«Осылайша, былтыр прокуратурамен бірлескен жұмыс нәтижесінде бизнес субъектілеріне 349 800 теңге сомасында салынған айыппұл заңсыз деп танылған болатын», – дейді палатаның баспасөз қызметі.
Жазғы алаңдар жұмыссыздықты азайтады
Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының дерегінше, мегаполисте жазғы алаңдарды ұйымдастыру және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің саны мыңнан асады. Олар осындай маусымдық қоғамдық тамақтану орындары қала бюджетін томпайтумен қатар, жұмыссыздық санын азайту секілді өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпалын тигізетіндігін атап отыр. Сондай-ақ дәл осындай тамақтану орындары мыңдаған студент жастарды жазғы демалыс кезінде уақытша жұмыспен қамтитын көрінеді.
«Кәсіпкерлердің ұсыныс, пікірлері ескерілмей, жаңа қағида өзгеріссіз қалатын болса, бұл әрекет шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Ондай жағдайда дәл былтырғыдай кәсіпкерлерден құқық қорғау орындарының әрекетіне қатысты шағымдар саны біршама көбейетіні түсінікті», – дейді қалалық кәсіпкерлік палатасының өкілдері.
Әзірге әкімдік жаңа қағиданы ендіріп, оны құзырлы орындарға тіркетіп қойды. Өкінішке қарай, жаңа қағиданы бекітер тұста қоғам мен кәсіпкерлердің пікірі ескерусіз қалған секілді. Кәсіптің осы түрімен айналысатын мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдерінің наразылығын тудырған жаңа қағидаға алдағы уақытта қаншалықты өзгеріс енгізілетіндігі белгісіз. Дегенмен әрбір өзгеріс жасалар кезде қоғам мен сол сала мамандарының пікірі ескеріліп барып жасалса, құба-құп болмақ. Бұл талап, әсіресе қала бюджетіне тікелей әсер ететін кәсіпкерлік секілді салада тіптен жоғары болмағы абзал. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кері бұл жерде жүрмейді. Жаңа қағиданы жасап шыққан мамандар осы жерде «келісіп пішкен тонның, келте болмасын» алдын ала ескермеген сыңайлы.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы