Балуандар ұлықталды

Қарағанды облысының әкімі Ер­ма­ғам­бет Бөлекпаев балуандар Ибрагим Магомадов, Эльмира Сыздықова және Алмат Кебіспаевпен кездесіп, оларды Азия чемпионатында тамаша өнер көрсетулерімен құттықтады. Спорт­шы­лар мен олардың жаттықтырушы­ларына алғыс хаттар мен ақшалай сер­тификаттар табысталды.

Күрес түрлері бойынша Азия чемпионатына 24 елден 400 мықты спортшы қатысты. Күрес­тің әр түрінде 10 медаль жиынтығы ойнатылды. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, қараған­ды­лық спортшылар Қазақстан ұлттық құрама­сының қоржынына екі алтын және бір қола медаль қосты. 

Эльмира Сыздықова мен Ибрагим Магомадов чемпион атанды. Алмат Кебіспаев үшінші орын үшін күресте жеңіске жетті.

Сонымен қатар грек-рим күресінен халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Ибрагим Магомадов «классиктер» арасындағы жарыста Қазақстан командасына жалғыз алтын медаль алып келді. Ол 72 келіге дейінгі салмақта жеңіс­ке жетті. Спортшыны Жармұханбет Өрікбаев жаттықтырады.

– Біз Қазақстанда чемпионат болатынын білгенде қатты қуандық. Көп дайындалдық, өйткені үйде біз нашар өнер көрсете алмаймыз және еліміздің намысын лайықты түрде қор­ғауымыз керек. Мен жеңіске жеттім. Осындай маңызды және беделді жеңіске ұзақ уақыт қадам басып келдім. Қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына дайындық жоспарлануда, – деп атап өтті Ибрагим Магомадов.

Әйелдер күресі бойынша 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионаттары мен халықаралық тур­нир­лердің бірнеше дүркін жүлдегері Эльмира Сыздықова өзінің көптен бергі қарсыласы қырғызстандық Айпери Медет­қызы­мен кілем­де кездесті. Бұл жолы қараған­дылық спортшы 76 келі салмақта үздік атанды. 

Эльмираның жаттықтырушысы Владислав Сутормин шәкіртінің жеңісі үлкен еңбек­қор­лықтың арқасында қол жеткізген жетістік дейді.

– Бүгінде біздің облыста спортты дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалған. Біз үшін барлық залдар ашық, – дейді Владислав Сутормин. – Биыл екі мәртебелі турнир – әлем чемпионаты және Азия ойындары өтеді. Әлем чемпионатында 2024 жылғы Олимпиада ойын­дарына алғашқы бес лицензия ойналады.

Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Алмат Кебіспаев 67 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылық спорт­­шылардың жеңіске деген жоғары ұмтылысын атап өтті.

– Азия чемпионатында біздің облысты үш спорт­шы таныстырып, үшеуі де жүлделі орын­дарға ие болды. Құттықтаймын! Сіздердің ар­қа­ларыңызда Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болды, – деді облыс әкімі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы