«AMANAT»: Қытайдың бас консулы Семейде бір ғасырлық тарихы бар ғимаратқа барды

Кезінде бұл ғимаратта көпес Федор Медведевтің үйі, Қытай елшілігі, әртүрлі деңгейдегі әкімшілік ұйымдар орналасқан.

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалына Алматыдағы Қытай Халық Республикасының бас консулы Цян Вэй, консул Чжан Вэй, консул-атташе Цзинь Си келді. 

ҚХР-дың Алматы қаласындағы бас консулы Цян Вэй ханым бастаған делегация Абай облысына іскерлік сапармен барды. Мақсаты – Қазақстан мен ҚХР басшылары қол жеткізген уағдаластықты іске асыру, сондай-ақ ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР СУАР парткомының хатшысы Ма Синжуйдың Қазақстанға жақында жасаған сапары шеңберінде қойылған бірқатар міндеттерді орындау. 

 

Абай облысының әкімі Н.Ұранхаевпен кездескеннен кейін делегация мүшелері 1920-1940 жылдар аралығында Қытай консулдығы орналасқан тарихи ғимарат болған «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалына барды. 

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы, партиялық бақылау комиссиясының инспекторы М.Құржықаева қонақтарды қарсы алып, «AMANAT» партиясының негізгі бағыттарымен таныстырып өтті. 

Ғимарат тарихы жайлы айтатын болсақ, кезінде бұл ғимаратта көпес Федор Медведевтің үйі, Қытай елшілігі, әртүрлі деңгейдегі әкімшілік ұйымдар орналасқан. Қазір мұнда облыстық филиал жұмыс істейді. 

 

ҚХР-дың Алматы қаласындағы бас консулы Цзян Вэй ханым филиал қызметкерлеріне делегация құрамын жылы қарсы алғанына алғыс айтты. 

«Бас консул ретінде Қазақстан бойынша бірінші іссапарым тарихи мекен саналатын Семей қаласына түскеніне қуаныштымын. Филиал ғимараты бір ғасырлық тарихы бар сәулет ескерткішін сол қалпында сақтап қалғандарыңызға ерекше құрметімді білдіргім келеді. Екі ел арасында саяси әрі экономикалық байланыстар одан әрі күшейе түседі деген ойдамын», – деді Цзян Вэй.