Қалдаяқовтың айтылмаған әні табылды

Атырау архивінен композитор Шәмші Қалдаяқовтың айтылмай жүрген «Айша қыз» деген әні табылды. Әннің сөзін ақын, жазушы Берқайыр Аманшин жазған. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің про­фессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет айтып берді.

Оның айтуынша, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың халқымыздың Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Мол­да­ғалиев, Қадыр Мырзалиев, Нұр­сұлтан Әлімқұлов, Зәкір Шү­кіров, Ғафу Қайырбеков, Нұт­фолла Шәкенов секілді танымал ақындарымен шығарма­шылық байланыс орнатқанын белгілі. Әсіресе, Жұмекен Нәжі­меденов­пен бірге жазған «Менің Қазақ­ста­ным» әні тәуелсіз еліміз­дің Ән­ұранына айналды. Өмірден ерте өткен ақын Төлеген Айбер­ген­овпен Атырауға келген сапа­рын­да «Ақ ерке, Ақжайық» әнін жазған. Композитор ақын, жазу­шы, аудармашы Берқайыр Аман­шинмен бірге «Айша қыз» атты ән де жазыпты. 

– Бұл ән бұрынғы облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1959 жылғы 15 мамырдағы санында нотасымен жарияланған. Газет тігіндісін Атырау облыстық мемлекеттік архи­ві­нің қорынан таптым. Шын­дығында, Шәмші ағамыздың әлі жарыққа шықпаған әні көп болуы мүмкін. Соңғы жылдары сондай әндерінің кейбірі орындалып жүр. Бірақ дәл осы әннің радиодан, не телебағдарламалардан орындал­ғанын көрмедім. Сол себептен, бұл ән қызығушылығымды ту­дыр­ғаны рас. Қазақтың өнерін, халық әндері мен компози­тор­ларының, оның ішінде Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын зерттеп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановқа хабар­ласқан едім.Өнер зерттеушісі Шәм­шінің әлі де жарыққа шық­паған, тіпті жоғалып кеткен ән­дері барын айтты. Алайда компо­зи­тордың «Айша қыз» әнін есті­меген. Бұл ән туралы Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, мә­дениет қайраткері, Қазақ ра­дио­сының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаевадан да сұрап көрдім. Ол бұл әннің алтын қорда жоқ екенін айтты, – дейді Аққали Ахмет. 

К.ҚАРҚЫН