Бұл жолғы апталықтың тақырыбы қонақтарға ә дегеннен-ақ белгілі болды: подиум айналасына тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен декоративті ағаш-бұталар іс-шараның көркін келтірді. Kazakhstan Fashion Week жобасының негізін салушы әрі арт-директоры Алексей Чжей түп-тамырымызға тереңінен үңілетінімізді, сондықтан топтамаларда, безендіруде, сондай-ақ стилизацияда этникалық элементтер басым болатынын мәлімдеді. Сән көрсетіліміне келген қонақтардың өзі бірі – тақиясын, бірі – шапанын киіп, енді бірі ұлттық әшекейін тағып келген.
Ұлттық сән апталығының 32-маусымында халықаралық байқаулардың лауреаты, модельер Адиля Ботабаева Қазақстандағы алғашқы трансформерлер бренді YANG LAIN-нің «Ozgeshe» топтамасымен жұртшылықты таңғалдырды. Топтаманың атауы жайдан-жай таңдалмаған екен. Yang Lain сөзі малай тілінен қазақ тіліне аударғанда «ешкімге ұқсамайтын» деген мағынаны білдіреді. Көшпенділер бейнесінен шабыт алған дизайнер қазақ мәдениетінің заманауи интерпретациядағы кейпі болып саналатын 12 трансформер бейнесін жасаған.
«Бренд тұжырымдамасы өндірушінің де, тұтынушының да саналы болуын көздейді. Функционалды трансформерлерді жасау – бұл сән индустриясының қоршаған ортаға теріс әсерін азайтудың амалы. Бұл топтамада киімнің бір бөлігін немесе аксессуарды бірнеше түрде қолдануға болады. Жаңа топтамада барлық бұйым Zero-Waste әдісімен жасалған: матаның қалдықтары да кәдеге жаратылды», – деп атап өтті дизайнер.
Брендтің атап өтетін тағы бір ерекшелігі – авторлық принттер. Жаңа топтама арқылы дизайнер Адиля Ботабаева табиғатпен терең байланысы бар қазақ мәдениетінің философиясын жеткізгісі келетінін айтты. Принттің негізгі элементі – түйе.
Сән апталығында Zalkar брендінің «Аян» топтамасы да көзге түсті. Бренд дизайнері Залқар Асқаралиевтің айтуынша, топтамадағы барлық киім зығыр және мақта секілді табиғи маталардан тігілген.
Ал елордалық танымал дизайнер Динара Сатжан Kazakhstan Fashion Week сән апталығында этно-стильде кескінделген топтамасын ұсынды. Жібек мата мен киіздің күрделі үйлесімі көрерменді бей-жай қалдырмады.
Айтпақшы, бұл іс-шарада биылғы ең сәнді түс те аталды. Шара қатысушысы әйгілі дизайнер Аида Кауменова өз топтамасында таңқурай түстес киімдерді ұсынды. Дизайнердің сөзінше, Viva Magenta 18-750 деп аталатын бұл түс биыл сәнде. Ол шынайы қуанышты, өзін-өзі таныту еркіндігін, оптимизмді және шабытты білдіреді. Айта кету керек, жылдың үздік түсін америкалық Pantone институты арнайы зерттеулерге сүйене отырып белгілейді.
Еске сала кетейік, Kazakhstan Fashion Week ұлттық сән апталығы 2004 жылдан бастап өткізіліп келеді. Еліміздің басты подиумы республиканы ғана емес, шет елді мойындатқан бірқатар отандық дизайнердің бағын ашты.
Ботагөз ИКРАМОВА