Түстерде де тылсым бар

Осыдан бірнеше жыл бұрын англия­лық Norwich City футбол клубы өз алаңындағы ста­дионда қонақ коман­даның киім ауыст­ы­ратын бөлмесін қызғылт түске бояған болатын. Бұл шешім бәсекелес клуб ойыншыларының тестостерон деңгейін төмендетіп, солайша олардың жеңіске жетуге деген ынтасын бәсең­дету үшін қабылданған екен.

Қызғылт түсті қабырғаға қатысты эксперимент Еуропа түрмелерінде де жүргізілгені белгілі. Ресми түрде P-618 немесе «Бейкер-Миллер қызғылты» деп аталатын бұл түстің не сиқыры бар? Ғалымдар белгілі бір реңктердің көңіл күйімізге, ден қою қабілетімізге және тіпті, дәм сезуімізге ықпал ете алатыны жайлы не айтады? Біз осыны анықтап көрдік. 

Аптықты басқан алқызыл

Он шақты жыл бұрын Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде түрмелердің төбесін алқызыл түске бояу кеңінен етек ала бас­тады. Бұл тәжірибенің кең тарал­ғаны сонша, 2014 жылы Швей­цариядағы түрмелер мен полиция бекеттерінің әрбір бесіншісінде қызғылт түсті камералар болған. 

Бұл жай ғана әлдебір ди­зай­нерлердің эстетикалық таңдауы емес-ті, дұрысы, 1970 жылдарда жүргізілген ғылыми зерттеу нә­тижесін практикада қолданып көру болатын. Сол кездері аме­рикалық ғалым Александр Шаусс өз экспери­менттерін негізге ала отырып, әскери-теңіз түзету мекемесіндегі бірнеше камераны ал­қызыл түске бо­яуға, бұл реңк тұт­қындардың тәртібіне оң әсер етуі мүмкін еке­ніне иландырады. Расында, бұл тә­жі­рибенің көрсет­кіштері оның бол­жа­мының дұрыс болғанын дә­лелдеді: АҚШ-тың әскери-теңіз күштері бюросы ұсынған мәлі­метте тұтқындардың агрессивті қы­лығын басу үшін алқызыл ка­мерада 15 минут отыру жеткілікті болғаны, сондай-ақ зорлық-зом­былық көрсету ықтималдығы азай­ғаны айтылады. Өзге де тү­зету мекемелерінде жүргізілген эксперименттер Шаусстың тұ­жырымы дұрыс болғанын дә­лел­деген соң әлемнің әр түкпіріндегі түрмелер ғалым айтқан реңкті жаппай қолдануға көшті. 

Ресми түрде P-618 деп белгі­ленген, бірақ Шаусстың тұжы­рымынша, Baker-Miller Pink (қа­зақшалағанда – «Бейкер-Мил­лер қызғылты»; алғашқы экс­перимент жасалған әскери-теңіз түзету мекемесі басшылары Джин Бейкер мен Рон Миллердің құр­метіне берген) деп аталатын бұл реңк жаһанға сан түрлі атаумен тарады: бірі оны Drunk Tank pink, яғни «айықтыратын қызғылт» десе, енді бірі оған cool down pink, яғни тыныштан­ды­ратын қызғылт деген атау тақты.

АҚШ-тың әскери-теңіз күш­тері бюросы төрт жыл бойы Бей­кер-Миллер қызғылтының күй­зеліс деңгейіне ықпалын зерт­теген. Балтимордағы Джон Хоп­кингс университеті аурухана­сының 1,7 мың пациенті қатысқан эксперимент барысында бұл түс күйзелісті азайтып қана қоймай, кейбір респонденттердің тәбеті қашатынын анықтаған. 

Кісінің көзі қызылда

Түстердің адамға ықпалын тұ­жырымдайтын зерттеулер же­терлік. Мәселен, кейбір түстер бізді белгілі бір әрекет жасауға итермелей алады. Франциядағы Оңтүстік Бретани университеті ғалымдары жүргізген зерттеуде көлігі бұзылып қалған адамдарды өзге көліктегілердің жолай ала кету деректері келтіріледі. Сонда көлігі бұзылған адамды сомдаған зерттеу тобы мүшелерін қызғылт түсті футболка киген кезінде кө­бірек ала кеткен. Ғалымдар басқа түстерге қарағанда қызғылт түс кө­бірек эмоциялық реакция ту­ғы­зады деген пікірге келген. Алай­да бұл экспериментті Бер­лин-Кей теориясымен де түсін­ді­руге бо­лады. Екі ғалым өздері зерт­теген 100-ге жуық тілдің бә­рінде түсті сипаттайтын ұғым­дардың ішінде «ақ» пен «қарадан» кейін пайда болған үшінші термин екенін айтады. Олардың пікірінше, түсті анықтайтын сөз неғұрлым ұзағы­рақ қолданылған сайын ол со­ғұрлым көбірек ассо­циация мен мәнге ие болады, осы­лайша түс­тің өзі де ықпал­дырақ бола түседі. 

Сондай-ақ түсті көңіл күйге кері әсер ету мақсатында да қолдануға болады екен: Шаустың экспериментіне сүйеніп, 1998 жылы Айова университетінің футбол клубы бапкері қарсы­лас­тарының рухын сындыру үшін стадиондағы қонақ команданың киім ауыстыратын бөлмесін ал­қызыл түске боятады. Бұл ше­шім­нің қаншалықты тиімді болғаны әлі белгісіз: статистикаға қарасақ, Iowa Hawkeyes командасы қыз­ғылт бөлмені қолданған кез­де­рінде өз алаңында көбірек ж­е­ңіске жет­кен екен, алайда оған өзге де фак­торлар ықпал етуі мүмкін еке­нін ескерген жөн. Айтпақшы, 2018 жы­лы англиялық Norwich City футбол клубы да өз ала­ңын­дағы стадионда қо­нақ команданың киім ауысты­ратын бөл­месін қыз­ғылт түске боя­ған бола­тын. Бұл шешім бә­се­келес клуб ойын­шы­­ла­ры­ның тес­тос­терон дең­гейін төмен­де­тіп, солайша олар­дың жеңіс­ке же­туге деген ынта­сын бәсең­дету үшін қа­былданған екен.

Миды қалай алдауға болады?

Алайда түстің психологияға әсері жайлы айтатын зерттеу­лер­дің көпшілігі екіұшты нәтижелер шығарған. Кейбір зерттеулер түстердің көңіл күй мен эмо­циядан бастап жүрек соғысына, тіпті физикалық күшке ықпал ете алатынын айтады. Мысалы, Лиза Уилмс пен Дэниел Оберфелд (2018) қызыл түстің ашық реңк­тері адамның қызбалығын арт­тыратынын, тіпті ұйқышылдыққа тосқауыл болатынын мәлімдейді. Енді бір эксперименттер кор­ректура секілді монотонды іс­тердің қызыл түсті бөлмелерде жақсы орындалатынын, ал эссе жазу сияқты шығармашылық жұмыстар көк түсті бөлмелерде өнімдірек болатынын көрсетеді. Кейбір зерттеулерде белгілі бір тұлға типіне жататын адамдар ғана (мысалы, интроверттер) қор­шаған ортаның түсі секілді сырт­қы әсерлерге сезімтал болатыны тұжырымдалған. 

Бірақ бір салаларда түстің миға анық әсері анықталған. Мәселен, біздің дәм мен иіс сезу секілді сезімдерімізге түстердің ықпалы жүреді. Қызыл түске қа­тысты сондай ассоциациялардың бірі – тәттілік. 2016 жылы International Journal of Food Design журналында жарияланған, әлем­нің әр бұрышынан 5 300 адам қатысқан зерттеуде қызыл түсті сусындар ең тәтті деп саналған. Азық-түлік пен сусын өндірісімен айналысатын ADM Nutrition компаниясы өзі жасап шығарған құлпынай дәмі бар өнімді сынақ­тан өткізеді. Сонда зерттеуді ұйымдастырушылар сусынның құрамындағы қантты көбейтудің орнына оның түсін неғұрлым қызғылт қылған сайын респон­денттер үшін соғұрлым тәттірек көрінгенін анықтаған. 

«Бұл құдды бір қып-қызыл алма сияқты: оның дәмін көрмей жатып, өзге алмаларға қарағанда тәттірек болатынына үміттенесің. Демек, түсті ашық әрі қанық ету арқылы миды алдауға болады: бұл жаңалық кейбір рецептілердегі қанттың деңгейін 10-20 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді аталмыш компа­ния­ның иіс жөніндегі маманы Мари Райт.

Бір қызығы, түстер бізге сезім арқылы жететін ақпараттың өзге де түрлерін бере алады. Дәл қазір жұп-жұмсақ сүлгінің жарна­масын көз алдыңызға елес­тетіңізші. Оның жұмсақ екенін әлгі сүлгідегі жіптерге қарап емес, оның түсіне (ашық көк секілді тыныш­танды­ратын, қа­нық емес түстер) қарап сезінесіз. Кларк университетінің адъюнкт-профессоры Атефех Яздан­парастың ойынша, түс неғұрлым қою болған сайын оған қатысты тактильді сезім де со­ғұрлым қарқынды болады. Мұны ғалым эволюциялық көзқарас тұр­ғысынан былайша түсіндіреді: біздің ерте кездегі ата-бабала­­рымыз үшін қою түстер қауіп түрінде қабылданып, оларды қауіпсіз жерде болуға итер­мелеген.

Бір зерттеулерде түс балалар­дың оқу үлгеріміне қалай әсер ететіні анықталады. 2016 жылы British Journal of Educational Psychology журналында жарияланған еңбекте әртүрлі түске боялған бөлмелерде отырып тапсырма орындаған 8-9 жастағы балалар зерттеу нысанына алынады. Сон­да олардың жалпы үлгерімі қызыл түсті бөлмелерде нашарлағаны белгілі болады. Тағы бір зерттеуде жасыл түсті кеңістікте баланың шығармашылық қабілеті жо­ғарылайтыны айтылады. 

Қысқасы, түсте тылсым көп...

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ