Көкпаршы жасөспірімнің әкесі Иван Дыцель Жалаңаш ауылында тұрады. Ұлты – неміс. Ол Қостанай облысы Денисовка ауданы Денисовка ауылында 1987 жылы дүниеге келіпті. Солтүстіктің тумасы Алматы облысының шалғайдағы Кеген ауданында тұрып, отбасын құрамын деп ойламағаны анық. Бірақ тағдырдың жазуымен Иван бүгінде Алатаудың баурайындағы елді мекенде ел қатарлы тірлік етіп жүр.
Қазір Жалаңаш ауылының жергілікті тұрғындарымен біте қайнасып, татулықта тірлік етіп жатқан шаттықты шаңырақтың отағасы Иванның келіншегі Динара да ашық-жарқын, жайдары мінезімен жұртқа жаққан, үлгілі жан. Олардың Никошадан бөлек Аделина есімді ару қыздары бар.
Қостанай облысының тумасы Иван Дыцель ержетіп, қатарластарымен бірге Отан алдындағы парызын өтеуге шақырылды. Дәм бұйырып, Алматы қаласындағы №5572 әскери бөлімге түседі. Осында Кеген ауданынан келген замандасы Дастанмен азаматтық борышын абыроймен атқарған. Екеуі алғашқы таныстықтан соң-ақ дос болып кеткен. Әскерде жүріп ағасына жиі келетін Динарамен танысады. Сыйластықтың соңы үлкен махаббатқа, сүйіспеншілік сезіміне ұласқан. Иван мен Динара 2008 жылы шаңырақ көтерген. Алғашында бір жылдай Қостанай жақта тұрады да, кейіннен Жалаңаш ауылына қоныс аударады. 2009 жылы тұңғыштары Николай дүниеге келген.
Иван қазақ тілін жетік меңгерген. Мемлекеттік тілге деген құштарлығы бала кезінен байқалған. Мектепте оқығанында қазақ тіліне ден қойған екен. Әскерде жүргенде Қазақстанның әр аймағынан келген қазақтілді қаруластарымен қазақ тілінде сөйлесіп жүріп, өзін-өзі жетілдіріпті. Қазақ қызын қалыңдық етіп, Жалаңашқа түбегейлі қоныс аударды. Қазір қазақ тілінде сөйлеп, әзіл-қалжың айтқан жалаңаштықтардың өзін жаңылдырады. Бүгінде екінің бірімен шүйіркелесіп, еркін әңгімелеседі. Ешкімді жатырқамайтын, артық сөзі, оғаш мінезі жоқ еңбекқор азаматты жергілікті жұрт та жылы қабылдап, бауырына басты. Қостанайда тұрғанда кәсіптік-техникалық колледжді ауыл шаруашылығы шебері мамандығы бойынша бітіргендіктен, қолынан көп іс келеді. Техниканың түр-түрін ұршықша үйіреді. Төрт түліктің де бабын таба алады. Қазір асылтұқымды қой, сиыр мен жылқы бағып, шаруасын дөңгелетіп жүріп жатқан жайы бар. Болашаққа түзген жоспары да батыл. Қайын жұртымен бірлесіп, сауын фермасы мен мал бордақылау кешенін ашуды жоспарлап жүр.
– Жалаңаш ауылын алғаш көргенімде шынымен таңғалдым. Табиғаты керемет екен. Айналасын қарағайлы биік таулар қоршаған, сай-саласында бұрқырап бұлақ ағып жатыр. Топырағы сондай құнарлы, көркем мекен бірден ұнады. «Мен тұратын, мен өмір сүретін жер тура осы өлке» деп бірден шешім қабылдадым. Қазір сол кездегі таңдауымның дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді. Ешқандай өкінішім жоқ. Мен де Жалаңаштың бір азаматына айналдым. Елмен бірге тірлік кешіп, бала-шаға өсіріп отырмыз, – дейді Иван Дыцель.
Иванның әйелі Динара Жақашева Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді.
– Иванмен әскердегі ағама барып жүргенімде таныстым. Арамызда сыйластық орнады. Кейіннен бір-бірімізді жақын тартып кеткен едік. Отбасын құру туралы шешім қабылдағанымызда барлығы түсіністікпен қабылдады. Құдайға шүкір, қазір ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Тұңғышымыз Никоша кішкентай кезінен нағашы атасының жанында жүріп, малға үйір болып өсті. Әсіресе, жылқыны жақсы көрді. Малды жақсы таниды. Түр-түсін ажыратып, жасын, жағдайын жаңылмай айтып отырады. Кішкентай кезінен: «Анау көршіміздің малы ауылдан алыстап кетіпті, үйінің тұсына айдап әкеліп тастадым», – деп жүретін. Атасы мен әкесіне тартып еңбекқор болып өсіп келеді. Никошаның қарындасы Аделина 5-сыныпта оқиды. Ауылдағы шығармашылық, техникалық әрі кәсіптік бағдар беретін орталықта қолөнермен, бимен шұғылданады. Мектептегі «мұқағалитану» курсына қатысқан. Қазір ақын өлеңдерін жатқа айтады. Қолөнерді жақсы көреді. Енді домбыра алып бер деп жүр. Айтысты, терме тыңдағанды ұнатады, – дейді Динара.
Иван Дыцельдің отбасына Ұлыстың ұлы күнінің алдында түрік этномәдени орталығының азаматтары хабарласып, көкпаршы Николайға ат мінгізген екен. Жасөспірім ұлдарының жетістігіне қуанған Иван көкпардан жасөспірімдер арасында аймақтық жарыс өткізеді. Тоғыз ауылдан көкпаршылар келіп, өзара сайысқа түскен. Ата дәстүрге сай наурыз көже пісіріліп, қонақтарға да сый-құрмет көрсетіп, ақ дастарқаннан дәм татқызған. Көкпар тартысты өтіпті. Түрік этномәдени орталығының азаматтары сол жақтан таңдап, сайлап, арнайы алып келген таза қанды, асылтұқымды сәйгүлікті қалың көпшіліктің көз алдында Никошаға мінгізеді. Жергілікті жұрттың қазақи қонақжайлығын көрген, тамаша табиғатқа таңдай қаққан қонақтар да шын мәнінде риза болып аттаныпты.
Қазір ауыл тіршілігінің бойына қан жүгірген. Мал төлдеп, көктемгі дала жұмыстары басталып, шаруа үшін мазасыз мезгіл басталды. Иванның да шаруасы бастан асады. Егіз қозыдан табатын асылтұқымды қой өсіруге ден қойыпты. Бұл еңбегі де нәтижесіз емес.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы