Дәстүрге айналған жәрмеңкеге қатысуға баспа, кітап сату, ғылыми, білім беру және полиграфиялық компаниялардың өкілдері саналатын 70-тен астам компания өтінім берген. Кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін қалыптастыру үшін көрме аясында ересектерге де, балаларға да қызық болатын әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, қазақстандық және шетелдік жетекші баспалардың балалар, көркем, оқу және ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтарының тұсаукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессиялары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және басқа да шеберлік сабақтары жүргізіліп жатыр.
– Биыл көрмеге 70-тен астам баспа қатысып жатыр. Көрме аумағында Абай алаңын жасақтадық. Абай алаңында Мәдениет және спорт министрлігі 2022 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан 188 кітаптың таныстырылымын өткізуде. Күн сайын ақын-жазушылар оқырмандармен кездесу, қолтаңба сессияларын өткізіп жатыр. Ұлттық кітапханада мәдени шараларға үлесін қосуда. Жалпы жылдағы дәстүр бойынша тұсаукесерге арналған екі форум ұйымдастырдық. Форумда сағат сайын әртүрлі баспалар кітаптарын таныстыруда. Биыл көрмеге Қытайдан, Өзбекстаннан, Әзербайжаннан, Түркиядан, Ресейден бірнеше баспа қатысып жатыр, – дейді «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне министрлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов аталған жобаның отандық кітап ісі саласына тигізер ықпалы үлкен екенін атап өтті.
– Жәрмеңкені аралап, қонақтармен, зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Аталған іс-шара – еліміздің кітап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік. Оқырмандар үшін әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сессиялары мен дәрістерге қатысудың таптырмас алаңы. Біз осындай іс-шараларды одан әрі қолдауды жоспарлап отырмыз. Оларды тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де өткізетін боламыз, – деді министр.
Жалпы «Фолиант» баспасы – кітап саласында 26 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ширек ғасырлық тарихы бар көпсалалы баспа. Бүгінде «Фолиант» баспасының кітап ассортименті 1000-ға жуық. Ең таңдаулы туындыларды, әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқырмандардың қазақ тілінде, яғни өз ана тілімізде оқып, көштен қалмай, таным көкжиегін кеңейту – баспаның басты мақсаты. «Фолиант» баспасы 2022 жылда 300-ден астам кітап басып шығарды. Жалпы көркем әдебиет 10 серия бойынша ұсынылады. Оның ішінде қазақ классикасынан бастап, үздік шетел әдебиеті, Нобель сыйлығын иеленген жазушылардың шығармалары, балалар әдебиеті мен нон-фикшн жанрындағы кітаптар бар. Соңғы басылып шыққан кітаптар ішінен әйгілі Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманын», Мұхтар Мағауинің «Аласапыраны», Альбер Камюдің «Оба», Джон Стейнбектің «Ыза шоғы», Гүзел Яхинаның «Самарқанға бағыт алған эшалон», Сьюзен Коллинздің «Аштық ойындары» мен Ремарктің «Салтанат қақпасы» романдары мен тарихи туындылардан Исай Калашниковтың «Сұм заман», Болат Жандарбековтың «Сақтар» романын және тағы басқа әлемдік һәм қазақ классикасының таңдаулы туындыларын ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек балалар әдебиетіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Кез келген жас ерекшелігі мен балалардың қызығушылығына байланысты кітап ассортименті жеткілікті. «Фолиант» баспасының көрмеге әкелген кітаптарының арасында жаңадан шыққандары көп. Соның ішінде Медеу Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Тоқсан жасқа таяған жазушы бұл кітабында белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов жайлы сыр шертеді. Тұсаукесер рәсіміне Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және ғалым Серік Негимов қатысып, өз пікірлерін білдірді. Тимур Нығматуллиннің «1916» кітабының, неміс ғалымы Роберт Киндлердің «Сталиндік көшпенділер» атты туындылары таныстырылды. Сондай-ақ алдағы күндері балаларға арналған жаңа кітаптардың, Әкбар Гошалының «Тұранның бір түп жусаны», Жадыра Шамұратованың «Сандық», нон-фикшн жанрындағы жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі жоспарланып отыр.
Кітап жәрмеңкесінің бір бұрышында жаңа кітап таныстырылып жатса, екінші бұрышында авторлар оқырмандарға қолтаңба беріп жатыр. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген баспалар жаңа шыққан кітаптарын оқырмандарға ұсынуда.
– Кітап жәрмеңкесіне арнайы келіп қатысып жатырмыз. Осы алаңда жаңадан шығарған «Қош келдің, әз Наурыз» атты сувинерлік кітабымыздың тұсауын кеспекшіміз. Бұл кітаптың идеясы шетелге кітап көрмесіне барған кезде келді. Ол жақтан рождество мерекесіне арналған әртүрлі сувинерлік кітаптарды көрдік. Ал мұндай ерекше кітаптар біздің елімізде шығарылмапты. Сондықтан наурыз мерекесіне арналған арнайы жинақ жасадық. Бұл кітап сатылымға шықты. Бағасы – 9900 теңге. Меніңше, бұл қымбат баға емес. Себебі бір қорап конфет алсаңыз да осы баға шығады. Сондай-ақ біздің баспа «Менің Қазақстаным», «Ұлы тұлғалар» сериясы бойынша кітаптар шығарады. Былтыр Ыбырай Алтынсарин туралы еш жерде жарияланбаған деректерді тауып, арнайы кітап шығардық, – дейді «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Гүлнұр Құдайберген.
Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Бұл дода «Үздік оқулық кітабы», «Үздік өлкетану бағытындағы басылым», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап», «Мәдениет пен өнер саласына арналған басылым», «Ғылым және инновация саласына арналған басылым» және Гран при аталымдары бойынша іріктеледі. Жәрмеңкеге қатысқан баспалар аталған байқауда бақ сынап отыр. Жеңістен үмітті кітаптар, ең алдымен сапасына, көркемдік-эстетикалық безендірілуіне қарай бағаланады.
– Steppe & World Publishing баспасы осы көрмеге биыл екінші рет қатысып жатыр. Көрмеге шамамыз келгенше дайындалып, тобымызбен келдік. Жаңадан шыққан комикстер сериясын, ағылшын тілін үйренуге арналған кітаптарды, балаларға арналған әдебиеттерді де ұсынып отырмыз. Баспамыздан шығатын кітаптардың 70 пайызы – балалар әдебиеті. Көрмеде бізді іздеп келген оқырмандар көп екен. Солармен кездесіп, пікір алмасудамыз, – дейді Steppe & World Publishing баспасының негізін қалаушы және басшысы Райса Қадыр.
Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы көрмеде жүр. Барлығын біріктіретін бір ғана күш. Ол – кітап құдіреті. Айта кету керек, VI Eurasian Book Fair 23 сәуірге дейін жалғасады.
Көктем ҚАРҚЫН