Қызылорданың білім ордасында төтенше жағдай болды

Полицияға мектеп ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті

Бүгін түс мезгілінде Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ғимараты полиция жасағының бақылауына алынды. Білім ордасының оқушылары мен мұғалімдері жаппай көшеге шығарылды. Білім ордасы орналасқан С.Бейбарыс көшесі уақытша жабылды.

Алғашында бұл құбылысты қала халқы әдеттегідей төтенше жағдайдың алдын алуға арналған оқу-жаттығу жиыны болар деп топшылады. Бұл жағдайды түсінбей, дүрліккендер де болды. Уақыт өте келе НИШ ғимаратында болған жағдай ешқандай да оқу-жаттығу жиыны еместігі анықталды.

“Бүгін, яғни, 24 сәуір күні полицияға мектеп ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел қызмет тобы жетті. Қауіпсіздік мақсатында мектеп мұғалімдері мен оқушылар эвакуацияланды. Тексеру жұмыстары жүргізілді. Бірақ тыйым салынған заттар мен жарылғыш құрылғылар табылған жоқ”, - деп мәлімдеді бұл жайында облыстық полиция департаментінен.

 

Осы орайда облыстық полиция департаменті тарапынан террорлық сипаттағы жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқтыратынын ескертеді.