Дәстүрге айналған ойындар биыл да еліміздің барлық аумағында өтіп жатыр.
Еліміз бойынша 17 облыс пен 3 қалада QAISAR ойындарының іріктеу кезеңі басталды. Әскери-патриоттық ойындарға 2000-нан астам жасты қамтитын 250-ден аса команда қатыспақ. Қатысушылар өздерін қашықтыққа жүгіруден, арнайы әскери жаттықтырушылар дайындаған кедергілерден тұратын эстафетадан және танымын кеңейту бойынша викторинада сынайтын болады. Аймақтағы жастар өздерінің әскери дайындықтарын, тарихи білімдерін ортаға салады.
Бүгінде іріктеу жарыстары Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Атырау облыстарында өтіп жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық ұланы академиясының базасында мектептердің 10-11 сынып оқушылары жүгіруден жарысып (ұлдар – 3000 м, қыздар – 1000 м), кедергілі жолақтардан өтіп, саптық дайындық дағдыларын көрсетті және «Менің елім – Қазақстан» тақырыбында Әскери-тарихи викторинаға қатысты. Жобаның мақсаты – патриотизм мен жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерді тәрбиелеу, сондай-ақ жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыру. Ойын аясында қатысушылар әскери қызметші кәсібімен және әскери қызметтің қыр-сырымен танысады.
– Бұл іс-шараны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Биыл оған Петропавл қаласының 14 мектебінен 84 оқушы қатысты. Жастар өздерінің физикалық дайындығын, шыдамдылығы мен төзімділігін көрсетті. Бұл ойындар оларға салауатты өмір салтын ғана емес, жауапкершілік сезімін де сіңіреді, – деп атап өтті «Жас сарбаз» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанат Жанғазин.
Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының командасына бұйырды, бірінші орынды жалпы білім беретін IT-лицейдің командасы иеленді, екінші орынды Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының командасы иеленді және үшінші орынды Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің командасына берілді.
Сондай-ақ 22 сәуір күні Қостанай облысында жоғары сынып оқушылары Qaisar әскери-патриоттық ойындарының жыл сайынғы іріктеу кезеңінде өздерінің спорттық дайындықтарын көрсетіп, мықтылары іріктелді. Турнир жеңімпаздары болып: Қостанай қаласы білім бөлімінің балалар аула клубы, М.Шожанов атындағы №2 жалпы білім беретін мектебі, Дм.Карбышев атындағы №14 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары танылды.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ