Осыдан 30 жыл бұрын Бауыржан Нөгербектің жетекшілігімен елде тұңғыш кино кафедрасы ашылды. Биыл кәсіби кинотанудың негізін қалаған ғалымның 75 жылдығы. Осыған орай, Қазақ ұлттық өнер университетінде кинотанушыларға арналған халықаралық форум өтті. Жиында бүгінгі киноиндустриядағы мәселелер талқыланып, бірнеше фильмнің жабық көрсетілімі болды.
Жалпы, биыл кинотанушылар үшін ғана емес, шараны ұйымдастырушы іргелі оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті үшін де маңызды жыл. Құрылғанына 25 жыл толып отырған білім ордасы атаулы мерейтой аясында жыл басынан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі – Бауыржан Нөгербек мұрасын дәріптеуге арналған айтулы шара. Бұлай болуы да заңды. Себебі белгілі қайраткер Бауыржан Нөгербектің қазақ киносының дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі зор. «Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» атты шара аясында зиялы қауым өкілдері профессор Бауыржан Нөгербек мұрасының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы, оның ұрпақ тәрбиесі жолындағы ерен еңбектері туралы сөз қозғады. Сондай-ақ конференцияға Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанның көрнекті режиссерлері де қатысты.
Конференцияның беташар сөзін аталған университеттің ғылым істері жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Ғайни Мұхтарова сөйлеп, қазақ кино өнеріне өлшеусіз үлес қосып кеткен тұлғаның университетке сіңірген еңбегін де ерекше атап өтті.
Белгілі кинотанушының әріптестері, туыстары мен шәкірттері де естелік айтты. Бауыржан Нөгербек – бірнеше монография мен 250 мақаланың авторы. Шығармалары 7 тілге аударылған.
Бұған алқалы жиынға қатысқан белгілі журналист, кино сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов жан-жақты тоқталып өтті. Мәртебелі мейман кинотанушының қазақ киносына қосқан үлесі мен еңбегі жайлы кеңінен әңгімелеп, Баукеңнің Әмен Қайдаровтың қасында жүріп қазақтың жаңа өнері анимацияның қалыптасуына қосқан үлесі бір төбе болғанын айта келе: «Бауыржан Нөгербек – тұнып тұрған интеллигент. Біз Баукеңмен Мосфильмде таныстық. Оның кинотанушы болып қалыптасуына ортасы да әсер етті. Мәскеуде Бүкілодақтық мемлекеттік кинематограф институтында білім алды. Кейде бір фильмді актер сүйреп шығады, кейде бір фильмді сюжет алға алып шығады. Кино ерекше өнер болса, сол саланың білгірі Бауыржан болды. Ол құлашын кең ашып, киноға қатысты үлкен еңбектер жазды. Оның еңбектері әлемнің жеті тіліне аударылыпты. Ол халықтың талғамын тәрбиелеп, көрерменді жаңа өреге көтерді», – деп ағынан жарылды.
Тарихи тұлға есімін жаңғыртып, еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізуге арналған халықаралық конференцияны Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, кинорежиссер Сламбек Тәуекел жүргізді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған белгілі қаламгер Смағұл Елубай кинотанушының екі қасиетіне баса назар аударды.
– Біз 1976 жылдан бастап Бауыржанмен кино саласында бірге жұмыс істедік, отбасымызбен араластық. Баукең азамат ретінде де, маман ретінде де ерекше тұлға еді. Кинотану дегенді – ұлттану деп айтуға болады. Бауыржан да кинодағы ұлттық болмыстың көрінуіне ерекше назар аударатын. Қазақ киносын танытуда оның еңбегі зор. Қазақ киносы туралы айту дегеніміз – қазақ туралы айту деген сөз, қазақтың тағдыры туралы айту деген сөз. Баукең әрқашан осы ұстанымға ерекше берік болды. Оның мықтылығын екі нәрседен көруге болады, бірінші Баукеңнің шәкірттері мықты еді. Оның мектебін көрген жастар бүгін үлкен биіктерді бағындырып жүр. Екінші оның әкелік қасиеті, тәрбиесі балаларын мықты тұлға етіп қалыптастырды, – деді жазушы Смағұл Елубай.
Бауыржан Нөгербектің әріптесі болған жазушысы, драматург Роза Мұқанова ғалымның ұлт болашағы жолында үлкен арман арқалағанын айтады.
– Бауыржан Нөгербек – менің ұғымымда руханияттың үлкен қайраткері, кино саласындағы үлкен тұлға. Ол кісінің бойында үлкендердің мектебін көрген, тәрбиесін алған ерекше қасиеті менмұндалап тұратын. Оқу орнына ұстаздық етуге үлкен тұлғаларды тарта білді. Оның өзі болашақтағы үлкен мамандарды тәрбиелеудегі арлы, арда мақсаты еді. Ол кісінің шәкірттермен қарым-қатынасының өзі ерекше болатын. Жастарға сенім артып, жастардың пікірін тыңдай білетін. Өзінің арманы кинодағы ұлттық келбетті көрсетуі болды. Баукең кинотанушы ғалым ретінде қазақ киносына үлкен үлес қосты, зерттеулері кинотану ғылымы үшін үлкен олжа салды, – деді Роза Мұқанова.
Ал кинотанушы Нәзира Рахманқызының айтуынша, Бауыржан Нөгербек айтып кеткен бүгінгі кинотанудағы мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, бүгінгі қазақ киносы ұлттық болмысымыз бен салт-санамыздан алыстап барады.
– Былтыр 208 сценарий оқыдық. Соның 191-і орыс тілінде, тек 17 сценарий ғана қазақ тілінде болды. Мүмкін дәл қазір «ұлт», «тіл» деген сөзді айту трендте емес шығар. Бірақ қазақтың киносы, қазақтың өнеріне талпыныс болмаса, біз өз болмысымызды жоғалтамыз. Мен сол сценарийлердің 90 пайызынан өзімді көрген жоқпын. Оларды оқығанда шетелдік фильмдеріне еліктеуді, шетелдік кейіпкерлердің болмысын көрдім. Есімдері Жанна, Моля, Алмагүл, Назира деп кете береді. Бірақ бұл біздің кино емес. Қырғыз елінде киноматографистерді оқытуда керемет үрдіс бар. Бірінші курста студенттерді ауыл ауылға жібереді. Сол арқылы өз ұлтының әдебиетін, мәдениетін, дәстүрін оқытады. Ал біздің кино әлемге қазақты танытудың орнына шетелге шетелдіктердің болмысын көрсетіп жүр. Ал әлем халқына өздері емес, қазақтың болмысы қызық болуы тиіс. Егер осы 208 фильм экранға дәл осылай шығатын болса, тілді де, менталитетті де өлтіреді. Себебі киноны жасаушылардың бойында бұл қасиеттер кем. Осы мәселені Бауыржан Рамазанұлы бүкіл еңбектерінде айтып кетті. Қазақ киносының зерттеушісі ретінде мені де осы мәселе толғандырады. Өкінішке қарай, жастардың киносында осы олқылық көп кездеседі, – дейді кинотанушы Нәзира Рахманқызы.
Конференцияға кинотанушының ұлы Баубек Нөгербек те қатысты. Ол өмір бар жерде мәселе де, күрес те бар екенін айтып, Бауыржан Рамазанұлының әке ретіндегі болмысына тоқталды: «бүгінгі басқосуда мен естімеген біраз естеліктер мен мәселелер айтылды. Қазақ киносының болашағы алда деп ойлаймын. Әкем: «Сын айтсаң да, шын айт» деп үнемі айтып отыратын. Ерекше атап өтетін жайт, әкем 1984 жылы «Ертегілерлерге жан біткенде» монографиясын жазған болатын. Өкінішке қарай, бұл еңбек 39 жыл жыл өтсе де анимация тарихында жазылған жалғыз монография болып тұр», – дейді ұлы.
Сондай-ақ форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтті. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева да болашақ кинотанушылармен кездесті.
К.ҚАРҚЫН