Қазақстандық өнерпаздар OPEN ITALY байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

«T&Y» домбырашылар дуэті Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Open Italy аспапты орындаушылардың халықаралық музыка байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – «T&Y» домбырашылар дуэті Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Open Italy аспапты орындаушылардың халықаралық музыка байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

«T&Y» дуэті «Адай», «Көрөғлы», «Әлқисса» күйлері мен Олжас Сүлейменовтың West туындысын орындады. Қазақ өнерпаздары «Халық аспаптары» номинациясы бойынша топ жарып, халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Open Italy аспапты орындаушылардың халықаралық музыка байқауы жыл сайын Италия мемлекетінің Пезаро қаласында өтеді. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен аспапшылар шақырылған. Байқауға 24 елден үміткерлер қатысты.

 

Іс-шара аяқталып, қорытындылар жарияланғаннан кейін міндетті түрде қазылар алқасының өкілдерімен дөңгелек үстел өткізіледі. Айта кетейік, байқау аясында шеберлік сыныбы да қарастырылған.

Байқаудың негізін қалаушылар – Испанияның Fiestalonia Milenio фестиваль комитеті,  Ad Arte қауымдастығы (Италия) және бас кеңсесі Лондонда орналасқан Fiestalonia International дарынды орындаушылардың продюсерлік орталығы.