Боччадан Қазақстан чемпионаты маусым айында өтеді

Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар қатысады.

Астанада боччадан чемпионат өтеді. Паралимпиадалық спорттың осы түрінен ең ірі жарыс 2023 жылдың 1-4 маусымы аралығында өтеді. 

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында ұйымдастырылады. 

 

 

Жарысқа жүріп-тұруы қиын спортшылар қатысады. Еліміздің әр өңірінен 15 жас және одан жоғары 50-ге жуық спортшы бақ сынайды. 

«Чемпионаттың өткізілуі – елімізде спорттың осы түрін дамытудағы маңызды жетістік. Боччамен бүкіл әлемде мүмкіндігі шектеулі адамдар айналысады. Қазақстан үшін бочча – салыстырмалы түрде жаңа спорт түрі. Чемпионат еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылардың басын қосып, ерік-жігер сыйлайды. Баршаңызды осынау спорт пен инклюзия жарысында күтеміз», – деді федерация президенті, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Чемпионаттың өңірлердегі іріктеу кезеңдері аяқталып, елордадағы республикалық жарысқа келетін барлық ойыншы анықталды.

Чемпионат үш разряд бойынша өтеді:

жалғыз: бір-бірден, әр ойыншыға алты доптан;

бірге: екі-екіден, әр ойыншыға үш доптан;

команда: үш-үштен, әр ойыншыға екі доптан беріледі.

Ойын жеке және жұптық жарыста 4 сыннан және командалық жарыста 6 сыннан тұрады.

Жарыс нәтижесінде, Қазақстан құрамасы жаңартылмақ. Жеңімпаздар екі халықаралық сайысқа және Азия паралимпиада ойындарына қатысады.

Бочча – доппен ойнайтын паралимпиадалық спорт түрі. Қазақстан Бочча федерациясы 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жаттықтырушыларының бастамасымен құрылған. Федерацияның өңірлерде 10 филиалы бар.