Фестивальдің ашылу салтанаты мен аймақтардағы әдеби ахуал хақында келелі мәселелер ортаға салынған дөңгелек үстел Достық үйінде өтті. Онда қарағандылық ақын Ерқанат Кеңесбекұлы мен керекулік шайыр Серік Елікбай тұщымды баяндама жасады. Шаһизада Әбдікәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұулы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова сияқты ақындар да сөз сөйлеп, жас қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен шығармашылық әлеуетінің артуы турасында ой білдірді. Түстен кейін Түркия мен Әзербайжаннан келген Ekber Qoşalı, Yılmaz Okuklu, Selim Yuxai секілді құрметті қонақтарға Қарағандыны аралап көрді. Қасіретті «ҚарЛаг» саяси-тұтқындар лагерінің мұражайымен таныстырып, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етілді.
Поэзия кеші Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүркіреп өтті. Қазақ һәм түрік жұртының белгілі ақындары арқаланып өлең оқып, дүлдүл әншілер әуелете ән шырқады.
Сонымен қатар Ербол Алшынбай, Руза Алдашева, Салтанат Қайырбек, Жоламан Айткен, Әлия Іңкәрбек секілді ақындар Жазушылар одағына мүшелікке өтті.
Екінші күні Қарағандыдағы «Қасым үйіне» экскурсия жасалып, жас ақындарды екі секцияға бөліп, аға буын оларға дәріс оқып, өлеңдерімен танысып, арасынан жырларының бәсі биік деген екі ақын таңдалды. Олар – Абзал Мақаш пен Роза Аспанқызы.
Алдағы уақытта Қарағанды университетінің ректоры, меценат Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен таңдалған екі ақынның кітабы жарыққа шығады.
Әдебиет ЖҰМАНОВ,
Қарағанды облысы