Бүгінде агросекторға арналған заманауи озық техника мен технологияның түр-түрі бар. Десе де, қымбаттығына байланысты оған кез келген шаруаның қолы жете бермейді. Мұндайда оларға мемлекет көмекке келеді. Олар қаржылық қолдаудың түрлі тетігін ұсынады. Сондай механизмнің бірі – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы.
Бұл қаржы ұйымын 1999 жылы құрудағы негізгі мақсат агросектордағы техникалық паркті жаңарту болатын. Енді осы 23 жыл тарихында қалыптасу, даму кезеңдерінен өткен «ҚазАгроҚаржы» АҚ бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің лизинг нарығындағы көшбасшыға айналып отыр. Ауыл шаруашылығы саласына 1270,8 млрд теңге инвестиция құйған қаржы ұйымы осы уақытқа дейін шаруаларға 70,6 мың бірлік техниканы лизингке алып берген екен. Қазір оның 11 271 белсенді қарыз алушысы бар. Сондай тұрақты серіктестерінің бірі – «Нежинка-Ерке» ЖШС.
«Біздің негізгі қызметіміз – егін шаруашылығы. Қарамағымызда 28 232 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеріміз бар, оның 21 485 гектары егістік жер. Ең басты егетін дақылдарымыз – бидай, арпа, зығыр, сұлы, қарақұмық. Жылына орташа алғанда бір гектардан 16 центнер астық алып отырмыз. Одан бөлек, малға азық үшін біржылдық және көпжылдық шөптерді өсіреміз. Оны өз қажеттіліктерімізге пайдаланамыз, артылғанын халыққа сатамыз. Егіннен бөлек, мал шаруашылығымыз бар, сүт бағытындағы 1 700-ден астам қара ала сиыр малын ұстап отырмыз. Ет бағытын да қолға алмақпыз. Мұның барлығы, шынын айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» компаниясының арқасында мүмкін болып отыр. Солардың арқасында техникалар, құрал-жабдықтар, егін егу кешендерін алдық. Қазір 30-ға жуық «Вектор», «Акросс» сынды тағы да басқа комбайндарымыз бар. Қуаты мықты тракторларымыз бар. Басым бөлігі – шетелдік марка. Осылайша, техникалық паркіміз толықтай жаңарды. Бұл ретте олардың 80%-ын мемлекеттік қолдаудың арқасында алдық деп батыл айта аламын», – дейді «Нежинка-Ерке» ЖШС директорының орынбасары Қуат Батықов.
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Нежинка кентінде орналасқан шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ оны құрылған күнінен бастап қаржыландырып келеді екен.
«Қаржы ұйымына ризамын. Менеджерлері жедел жұмыс істейді. Өтінімдерді тез қарайды. Шындығын айтқанда, біздің аудандағы шаруаларға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Біріншіден, бұл компанияның пайыздық мөлшерлемелеріне субсидия алатын болсақ, екіншіден, одан бөлек, 25%-ға дейін, кейбір позициялар бойынша 50%-ға дейін инвестсубсидия аламыз. Мәселен, алдыңғы жылы мал азығын жинайтын комбайндар, химиялық заттарды, бүріккіштер алдық. Сол кезде 50% қаржымызды кейін қайтып берді. Бұл – өте тиімді мемлекеттік қолдау. Айталық, мал азығын жинайтын комбайн 200 млн теңге тұрады десек, субсидиялауға жататын бағдарлама арқылы біз оны 100 млн-ға аламыз деген сөз. Бізге 100 млн ақшамызды қайтарып береді. Әйтсе де, 50%-дық мөлшерлемелердің қолданылатын жері көп емес. Негізінен, 25%-дық қолдау бар, ал егер техникалар отандық болса 30-35%. Мысалы, лизинг алсақ, соның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, бізге 6% болып келеді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келеміз. Жемісті әріптестік үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Барлық шаруаларды қорықпай лизинг алуға шақырамын», – дейді «Нежинка-Ерке» ЖШС директорының орынбасары Қуат Батықов.
«ҚазАгроҚаржы» компаниясы былтырғы шілдеден бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның еншілес ұйымына айналған болатын. Ал «Аграрлық несие корпорациясының» жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі екені белгілі. Бүгінде «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті лизингтік қызметтерді көрсету арқылы еліміздің ауыл шаруашылығын техникалық жарақтандыруға жәрдемдесу миссиясын жоғары деңгейде атқарып отыр. Қаржы ұйымының Қазақстанның барлық аймағында 15 филиалы жұмыс істеп тұр.
«Біздің компания Мемлекет басшысының саясатын белсенді түрде жүзеге асырып, техника сатып алуға лизинг беру арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға жан-жақты көмек көрсетуде. Бағдарламалардың кең ауқымы ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін кез келген дерлік техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Экспресс лизинг» немесе «Шебер лизинг» сияқты арнайы бағдарламалар арқылы біздің тұтынушыларымыз техника паркін жаңартудың міндетті шығындарын дұрыс жоспарлай алады. «Экспресс лизинг» бағдарламасы бойынша қарау мерзімі – небәрі 5 күн. Қазақстанда мұндай жылдам шешімді «ҚазАгроҚаржы» АҚ ғана ұсына алады. Ал «Шебер лизинг» бағдарламасында бір жылға лизинг ашу мүмкіндігі бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ стандартты лизинг шарттарынан басқа «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда», – дейді компания өкілі.
Иә, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның арқасында бүгінде «Нежинка-Ерке» ЖШС 300-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, ауыл өміріне де белсенді қатысады: мектепті жөндеуге демеушілік жасайды, өз қаражаты есебінен ауыл балаларын еліміздің жоғары оқу орындарында оқытып, оқу ақысы мен тұру шығындарын өздері толық төлеп, кейіннен ЖШС-ға жұмысқа орналастырады. Сондай-ақ шаруа қожалығының өзінің құрылыс алаңы бар. Ол жерде өтініш айтқан зейнеткерлердің тұрғын үйлері мен ғимараттарын жөндеуге және күтіп ұстауға көмектеседі. Мұның барлығы жергілікті бизнестің табысты дамуының арқасында мүмкін болып отыр, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингінің де үлесі бары сөзсіз.