Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері есірткі тасымалын жою үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Есірткіге қарсы 47, оның ішінде, Ресей, Қырғызстан және Аустралияның құзыретті органдарымен бірлескен операциялар жүргізілді.
Есірткі тасымалының 8 халықаралық және 14 өңірлік арнасы жойылды.
Атап айтқанда, Ауғанстаннан Қазақстанға контрабандалық жолмен 5 келі героин және 48 келі метамфетамин жеткізуді ұйымдастырған шетелдік ұсталды.
Ауғанстаннан Қазақстанға контрабандалық жолмен тасымалдауға қатысы бар топ әрекетінің жолы кесілді. 1 келі героин, 2 келі апиын және 14 келі гашиш тәркіленді.
Каспий арқылы Ираннан Қазақстанға есірткі жеткізудің тұрақты арнасы жойылды. Жылдам қайықтарды пайдаланып, контрабандалық жолмен 30 келі апиын және 100 метадон таблеткасын жеткізген төрт шетелдік ұсталды.
Биыл 1-тоқсанында 8 ауқымды есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 73 келі «мефедрон» және 223 келі α-PVP психотроптық заты алынды.
Бұрын синтетика өндірісі Алматы және солтүстікте көп болса, бүгінде олардың орналасуы біртіндеп басқа аймақтарға таралып жатыр.
Түркістан облысында көрші елге есірткі жеткізетіндер ұсталды. Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында ішкі нарықты есірткімен қамтамасыз етіп келген ірі зертханалар табылды. Мегаполистер әлі күнге дейін есірткі айналымынан алдыңғы қатарда екенін айтып өту керек.
Жыл басынан бері есірткі тасымалына атсалысқан 67 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 483,2 келі психотроптық заттар, 11 келі героин, 32,8 келі апиын, 63,7 келі гашиш, 41,6 келі марихуана және 17 тоннадан астам көкнәр шикізаты, сондай-ақ 22 тоннадан астам химиялық реагент алынды.