Заманында бұл елді мекеннің аты осындағы шұға комбинатының арқасында дүркіреп тұратын. «Қарғалы шұға комбинаты» 1910 жылы іске қосылып, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін өңірдегі ең ірі қалақұрастырушы кәсіпорын ретінде халыққа қалтқысыз қызмет еткен. Өкінішке қарай, жаппай жекешелендіру жылдарында тағдыры тәлкекке түсіп, қолдан-қолға өтіп, ақыры мүлде тоқтап тынды.
Елді мекенде сол бақуатты жылдардың мұрасындай болып тұрған нысандардың бірі – құрылысы 90-жылдары жүргізіліп, аяқталар тұста тоқырауға ұшыраған мәдениет үйінің ғимараты. Кезінде 4 мыңға жуық адам еңбек еткен комбинаттың жанынан салына бастаған керемет кинотеатрдың құрылысы толық бітпей қалып, 40 жылға жуық уақыт бойы қаңырап, құлазып тұрады, қаңғыбастар жиналатын орын болып кетеді деп ол уақытта ешкім ойламағаны анық.
Еліміз егемендікке ие болған тұста тоқтаған құрылыс сол кезден бері қараусыз. Жекеменшікке сатылып кеткенімен, қоршаусыз қалған және басқа нақты мақсаттарға пайдаланылмаған алып нысанның ішкі қабырғалары бұзылып, іске татырлары жаппай тоналған. Әлі де ретін тапқандар, кірпіші мен басқа материалдарын бұзып, алып кетеді. Айналасы, іші-сырты қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Ірі елді мекендегі жүріс-тұрысы күмәнді адамдар жиналатын қауіпті орындардың біріне айналған. Ауыл тұрғындары сабаққа баратын балаларының амандығына алаңдайды. Оқушыларды айтпағанда, ересектердің өздері кешқұрым бұл жақпен жүрмеуге тырысады. Ең сорақысы, халқының саны шағын қаламен тең елді мекенде жастардың уақытын мәнді де, сәнді етіп өткізетін руханият ошағы жоқ.
«Бүкіл ғұмырым осы ауылда өтті. Қарғалының қаны жерге тамбай тұрған, басқа ауылдағылардың мұндағы тірлікке қызыға да, қызғана қараған кездерін де көрдік. Шұға комбинатында істейтіндердің тұрмысы жақсы болды. Жеңілдіктер мен қолдаулар да жетерлік еді. Өкінішке қарай, соның бірін де сақтай алмадық. Тоқсаныншы жылдары комбинат жанынан кинотеатр салына бастағанда кешкісін барып демалатын орын болатынына қатты қуанғанбыз. Онымыз ұзаққа созылмады. Құрылысы аяқталмай қалды. Ішкіштер, үйсіз-күйсіздер жиналатын, бұзақы жастар бас қосатын қорқынышты орынға айналды. Бір жылдары нашақорлар да жайлап алған болатын. Соңғы 30 жылдан астам уақытта ауданда да, ауылда да он шақтыдан әкім ауысты. Солардың бірде-бірі осы мәселені бір жақты ете алмады. Айтатын сылтаулары: «Жекеменшікке өтіп кеткен. Иесі кері қайтаруға құлықсыз немесе тым қымбатқа сатпақ» деген шығарып салма сөз. Кезінде мемлекеттің ақшасына салынып, болмашы тиын-тебенге сатылып кеткен нысанды кері қайтаруға келгенде барлығы дәрменсіз бола қалады», – деп күйзеледі қарғалылық Олеся Иванова.
Расында да, бұрындары жекшелендірілетін ғимаратты алған адамның міндететтемелерінің қатарында нысанды белгілі бір уақыт аралығында сол бұрынғы арнаулы мақсатында пайдалану немесе құрылысты аяқтау секілді талаптар қойылатын. Егер сол міндеттемелер орындалмаса, уақыты өткеннен кейін нысан қайтадан мемлекетке қайтарылуға тиіс болатын. Соған сай жылдар бойы кәдеге аспай жатқан бірқатар ғимараттың кері қайтарылғанын да білеміз. Қарғалыдағы мәдениет үйінің құрылысына қатысты сондай бір шара керек шығар...
Ауыл әкімінің айтуынша, құрылысы аяқталмай қалған ғимарат жекеменшікке тиесілі. Оның қожайындары нысанды қараусыз қалдырған. Жөндеп, пайдалануға ынталы емес. Сатқылары келеді. Бірақ тым қымбат сұрайды. Әкімдік нысанның пайдалануға жарамдылығы жөніндегі мемлекеттік сараптама сұратқан екен. Ондай құжатты көрсете алмапты. Осыдан кейін екі арадаға келіссөз тұйыққа тірелген сыңайлы. Бірақ ауылда мәдениет үйін салу жоспарда бар көрінеді. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тұрғызылатын жер анықталыпты. Ендігі кезек – қазынадан қаржы қарастыру.
Қайсар Алтай,
Алматы облысы.