ЕҰУ-да «Бос орындар жәрмеңкесіне» 150-ден астам жұмыс беруші қатысты

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі-2023» өтті.

  Оған білім беру, құрылыс, индустрия, қаржы, медицина, әлеуметтік салалардағы 150-ден астам жұмыс беруші қатысты. Биылғы жылдың мыңдаған түлектеріне бос жұмыс орындарымен танысуға және түйіндеме беруге мүмкіндік берілді.

Биыл ЕҰУ-да 5000-ға жуық бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша білім алушылар дипломдарын қолдарына алады. Университет өз түлектерінің жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі және компаниялармен тығыз байланыс орнатқан. Жұмыс берушілер оқу процесіне белсенді қатысады және практикалық сабақтар өткізеді.

            «Біздің түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 86%-ды құрайды. Бұл – жұмыс берушілермен жақсы жұмыс жүргізудің нәтижесі. Біз білім беру бағдарламаларын әзірлеуге оқытушыларды, шетелдік сарапшылар мен жұмыс берушілерді тартамыз. Қазір ЕҰУ-дың практика базаларының саны 1200-ге жуық, өндірістегі кафедралардың филиалдары 80-ге таяу. Кәсіпорынмен ынтымақтастық негізінде біз соңғы курс студенттерін өндірістік тәжірибеге жібереміз. Бұл оларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік туғызады», – деп атап өтті ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашқынбай.

«Бос орындар жәрмеңкесі» – бұл студенттер үшін компаниялар мен мекемелердің өкілдерімен танысуға, маңызды ақпарат алуға жақсы мүмкіндік. Оған ірі холдингтер, акционерлік қоғамдар, мемлекеттік ұйымдар, банктер қатысты.

 «Бүгін жолым болды, бірнеше компаниялармен сұхбаттастым және түйіндемемді бердім. ЕҰУ түлектерге жұмысқа орналасуға жәрдемдесетіні қуантады. Жастар үшін барлық жағдай жасалған.  Барлығы адамның талпынысы мен күш-жігеріне байланысты», – дейді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 4-курс студенті Жадыра Аманжол.

ЕҰУ жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің цифрлық қызметтерін белсенді дамытуда. Өткен жылы Smart.enu.kz мобильді қосымшасында түлектерге жұмыс іздеуге көмектесетін опция әзірленді. Бұл электрондық функцияны ЕҰУ мамандары университеттің бизнес-процестерін цифрландыру мақсатында әзірледі. Оның көмегімен жұмыс берушілер үздік түлектер қатарынан қызметкерлерді тапса, ал студенттер түйіндемелерін орналастыра алады.