Конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде «Ашық үкіметті» енгізудің үздік тәжірибелерін зерделеу, Invisible Government – мемлекеттік қызметті цифрландырудың негізгі аспектілерін талдау, мемлекеттік қызметте HR-менеджментті дамыту, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайту.
Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, БҰҰ-дағы Қазақстан Республикасының тұрақты үйлестірушісі Фриберг-Стори Микаэла, экономика профессоры – Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раев Квон Чунг, сондай-ақ отандық және АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Болгария, Польша, Тәжікстан елдерінен келген сарапшылар, отандық ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсатының бірі – ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру екендігін атап өтті.
– Мемлекет басшысының «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанатын боламыз» деген пікірі – «Ашық үкіметтің» негізіне айналуы тиіс іргелі принцип. Себебі жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Сонда ғана біз шын мәніндегі Жаңа басқару мәдениетіне көшіп, Ашық Үкіметті қалыптастырамыз, – деді МҚІА басшысы.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, жаңа басқару мәдениетіне сай, еліміздегі реформалар, бағдарламалық құжаттар мен ұлттық жобалардың тиімділігі олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тигізген оң әсерімен өлшенуі керек. Бұл ретте, кез келген маңызды бастаманы жүзеге асыру жиі қоғамдық талқылауды, жан-жақты саралап зерделеуді талап етеді.
Мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар мен зерттеушілер арнайы сессиялар аясында «Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және отандық тәжірибесі, мемлекеттік басқаруды цифрландырудың негізгі аспектілерін талдау, сервистік мемлекеттік аппаратты және басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру туралы мәселелерді ортаға салды.