Аталған ауданның экология бойынша басты мәселесі – аумақтағы көлемі үлкен сорларды көму. Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкиннің айтуынша, мәселені шешу мақсатында 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Құны 11 млрд 213 млн 636 мың теңгені құрайтын жобада Мақат және Доссор кенттеріндегі 165,06 гектар тұзды көлдерді көму жоспарланыпты. Бүгінде Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 500 млн теңгеге бюджеттік өтінім жолданған. Енді облыстық мәслихаттың кезекті бюджеттік нақтылау сессиясында қаражат бөлінген жағдайда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланып, мердігер анықталмақ.
Мақаттықтарды алаңдатқан тағы бір жайт – қос кенттегі ғасырдан астам тарихы бар, апатты жағдайда тұрған үйлер. Президенттің сайлауалды бағдарламасы бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа үймен қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы, Мақат ауданындағы апатты және көне үйлердің мәселесін шешу үшін 12 млрд теңге қажет. Облыс әкімі бекіткен Жол картасына сәйкес Доссор кенті Қ.Құдабаев көшесіндегі №21, 22 үйлерді көшіру 2025 жылға жоспарланғанымен, тұрғындардың өтінішімен оларды биыл көшіру көзделіп отыр. Қазір аталған тұрғын үйлерді көшіру үшін 128 млн теңге қаражат қажет. Кеңес отырысында көтерілген аудандағы түйткілді мәселенің барлығының шешімі қаражат бөлуді қажет етеді. Тиісті қаржы бөлінгеннен кейін кезең-кезеңімен шешімін таппақ.