Ерлан Қошанов Анкарада Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен бірге Қазақстан – Түркия достық саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шара Түркия Республикасының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс төрағасы барша түрік халқын торқалы тоймен құттықтап, бақ-береке тіледі.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетіп, барлық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоғанның нәтижелі келісімдерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да біз көшбасшыларымыздың екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жұмысын Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері саябақтың ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.
«Қазақта «Ағаш тамырымен мықты, адам достарымен мықты» деген сөз бар. Біз Түркиямен достығымызды, бауырластығымызды жоғары бағалаймыз. Болашақта бұл саябақ Анкара тұрғындары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айналады деп сенеміз», – деді Мәжіліс спикері.
Саябақ Анкараның көне тарихи орталығы – Мамак ауданында орналасқан. Ауданы 14 мың шаршы метр. Онда отбасылық демалыс, жүгіру және дене шынықтырумен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Саябақта Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері орнатылған. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен дана философ Әл-Фарабидің мүсіндері бар.
Бауырлас халықтарымыздың арасындағы достықты тереңдету жайы екі ел Парламенттері спикерлерінің екеуара кездесуінде де әңгімеге арқау болды.
Ерлан Қошанов әуелі Түркияда болған жойқын жер сілкінісі барша қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты.
Сонымен бірге алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісі аумағында бірқатар әлеуметтік ғимараттың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Қазақстанның Түркиямен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.
– «Бүгінгі дейін достық топтар мен парламенттік комитеттер деңгейіндегі ықпалдастығымыз оң нәтиже көрсетіп келді. Сондықтан бұл қарқынымызды бәсеңдетпей, белсенділік танытып, осы бағытта жұмысымызды жалғастыруымыз қажет. Бұл заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз барлық бағытта белсенді қызмет етуге дайынбыз», – деді Ерлан Қошанов.
Кездесу соңында тараптар Мәжіліс пен Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды.
Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тамырлас Түркия елінің астанасында өткен «Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік» тақырыбындағы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысты.
Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Мәжіліс спикері Түркия тарапына қонақжайлық танытып, бүгінгі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.
Биыл Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Ассамблея әлеуеті мол бірлестік екенін дәлелдеп келеді.
Кеңес отырысында Ассамблеяның жұмысын одан әрі жандандыру үшін бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды. Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қырғыз Парламентінің төрағасынан Түркия Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды.
Сонан кейін ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІІ пленарлық отырысына жиналды. Оған қонақ ретінде келген Түрікменстан Парламенті басшысы мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің өкілі қатысты. Ал Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының жетекшісі жиынға онлайн режимінде қатысты.
Тараптар түркі дүниесінің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды. Мәжіліс Төрағасы өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықтың арқасында түркі халықтарының бірлігі нығайып, дүниежүзілік қоғамдастықта беделі артып келе жатқанын атап өтті.
«Біздің мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көшбасшылар біздің бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдады. Осыған орай біз де өз тарапымыздан парламентаралық іс-қимыл арқылы көшбасшыларымыздың қарқынына ілесе білуіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды. Бұл түркі мемлекеттері үшін өзекті мәселеге айналып отыр.
Өз кезегінде, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов түркі кеңістігінде энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге баса назар аударды. Көші-қон саласында да ынтымақтастықты арттыру қажет екенін айтты. Бұл мәселені жан-жақты талқылау үшін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруды ұсынды.
Ерлан Қошанов Қазақстан Түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде түркі интеграциясының одан әрі дамуын қолдайтынын мәлімдеді.
«Биыл қазан айында Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық Саммиті түркі әлемінің алтын бесігі – киелі Түркістан шаһарында ұйымдастырылып, төрағалық Қазақстанға өтеді. Осы тұрғыда барлық түркі бірлестіктерімен бірігіп, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдауымыз қажет және Парламенттік Ассамблея ретінде оның орындалуын қадағалауға тиіспіз», – деді Мәжіліс спикері.
Спикер осы бастамалардың барлығын парламенттік дипломатия арқылы іске асыруға, түркі халықтарының бірлігі мен достығын одан әрі нығайтуға шақырды.
Отырыс соңында тараптар Анкара декларациясын қабылдады.
ТүркПА-ның келесі ХІІІ жиыны 2024 жылы Әзербайжанда өтеді.