«Монтессори for EVERYONE» шеберлік сыныбы, «Оқуға құштар мектеп» кітаптары мен «Өнерлі қол – бақытқа жол» шығармашылық және сәндік қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылды. «Мен оқыған кітап», READх жобасы аясында ашық алаң өткізіліп, «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы аясында Qtalks «Бірлігіміз жарасқан» лекциялық алаң да қолға алынған. Астанада алғаш рет өткізіліп отырған мұндай шараны алдағы уақытта тұрақты өткізу де ұйымдастырушыларды ойландырып қойды. Себебі көрмеге келушілерден түрлі ұсыныс түсіп, қолға алынған шараның қажеттілігі туралы пікір айтылған. Астана қаласы әкімдігі әдістемелік орталығының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Эльвира Ибраеваның айтуынша, биыл Астана қаласы бойынша 1 мамыр, 7 мамыр, 9 мамыр мерекелік даталарға сәйкестендіріліп 70-тен аса шара қарастырылыпты. «Оның біріншісі бүгін ұйымдастырылып отыр. Көрмені бірнеше алаңға бөліп қойдық. «Монтессори for EVERYONE» алаңы мектеп жасындағы балалар мен олардың ата-аналарына арналған. Ол жерде ата-аналарға баланың ұсақ моторикасын дамытуға арналған түрлі ойын мен материал ұсынылған. Қарапайым құмның өзін үй жағдайында балалардың ой-өрісін дамытуға арнауға болатыны көрсетіліп, ата-аналарға барынша түсіндіріліп жатыр. Одан кейін қосымша білім беру ұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып отыр. Мысалы, «Өнер» мектебі балалардың өзі салған жұмыстарын әкелсе, қышпен жұмыс істейтін қолөнершілер бұйымдарын ұсынып қана қоймай, балалардың өз қолымен бұйым жасауына мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ техникалық шығармашылық орталық ұйымдастырған көрмеден де түрлі ағаштан жасалған бұйымдарды тамашалауға болады», – дейді ол.
Сонымен бірге шараға келушілер оқулықтар мен әдеби кітаптардың көрмесінен өздеріне қажетті оқулықтарды сатып алуға да болады. Ал «Бірлігіміз жарасқан» шарасына қатысушылар балаларға мотивация берудің қыр-сырын үйретіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, Отанды сүюге бағытталған түрлі тақырыпқа дәріс өткізді. Шара соңында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрмеге келетіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Көрмеге шығармашылық жұмыстарын алып келген Ұлттық дизайнерлер одағының академигі Қуаныш Әбжаппаров шараға өзі мен шәкірттері жасаған 80 жұмысты ұсынып отыр. Қазір қолөнершінің мектеп оқушыларынан бөлек, жеке шығармашылықпен айналысып жүрген шәкірттері де бар екен. Оның айтуынша, ұлттық қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытатындар көп. Қазірдің өзінде балалармен келісіп жасаған жұмыстарды сатуды да жолға қойған. Мысалы, балалардың еңбегі 8-10 мыңға дейін бағаланса, пайыздық үлесін мектепке қалдырып, қалған сомасы оқушының өзіне аударылады екен.
Көрмеге келген оқушылардың да көңілінен шыққан шараның берері мол болғанын айтып, өздерін қызықтырған шығармашылық ізденістерге жол ашқанын жеткізді.
Ж.МҮСІЛІМ