Кесенеден күй кетті ме?

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жерастына кетіп қалу қаупінде тұр деп дабыл қақты. «AMANAT» фракциясының депутаттары Мақсат Толықбай, Айдос Сарым және Ринат Заитов Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдаған-ды.

Халық қалаулылары онда кесене қабырғаларының ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жат­қанын айтты. Кейінгі жылдары мавзо­лейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүруінің сал­дарынан ғимараттың ішіндегі ылғал­дылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болғанын жет­кізді. Депутаттар «ғалымдардың кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерт­теп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шаш­қанмен бірдей» деген пікірін атап өтті. 

Біз депутаттық сауалдан соң мәселемен танысу үшін Түркістан қаласына арнайы барып, кейбір жайттарға көз жеткіздік. 

Кесене шынында апатты жағдайда ма?

Түркі жұртының қасиет тұтатын мекені, еліміздегі аса құнды жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген бірегей сәулет ескерткіші екені белгілі. Сондықтан жылдың 365 күнінде де үздіксіз туристер ағыны толастамайтын осынау әлем наза­рындағы киелі орынның мінсіз болғаны мемлекетімізге абырой. Одан бөлек, XIV ғасырдан бері көздің қарашығындай сақ­талып келе жатқан сүйегі мықты ғимарат­тың әрбір бөлшегі – елдің назарында. 

Сонымен архитектуралық ғимараттың бүгінгі жағдайы қандай? Шынында да кесененің негізгі есігінен кірер тұстың оң қап­талының іргетасы тұзданыпты. Сақ­тандыру шаралары үшін қызыл лентамен қоршалған. Одан соң ішке енгендегі Тай­қазан тұрған орталық Қазандық бөлмесінің батыс бөлігін қызыл лентамен қоршапты. Музей-қорықтың жылу ылғалдылық ре­жимін бақылайтын инженер Серік Рүстемов және осындағы басқа да қыз­меткерлер төбенің сыланған қабаты тұз­данып, ақ қабыршақ түсіп жатқан соң, келушілерге зияны тимесін деп қоршап қойғанын айтады. Қоршалған аумақтың еденіне төселген плиталар да айқыш-ұйқыштанып жарамсыздана бастапты. Соған қарағанда, жаңбырдың суы аққан сыңайлы. 

Дәл осындай күмбездің астынан әк­теліп, сыланған тұстары түсіп жатқан бірнеше бөлмені кезіктірдік. Әсіресе, құдықхана, асхана бөлмесінің төбесі жаңбыр суынан ылғалданып, бірнеше жерінен сылағы үгітіліп түскен. Көрер көзге оғаш көрінген бұл бейнелер депутат­тардың сауалын дәлелдей түскендей. Үл­кен Ақсарай да, кіші Ақсарай да, Көрха­нада да осы көріністер. Кейбір бөлмелердің төменгі қабаты да ылғалданып, сылағы үгітіліп тұр.

Ылғалдануы мен тұздануы сияқты шешілмеген мәселелер бар

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық» РМҚК-ы баспасөз қызметі Орта Азияда теңдесі жоқ сәулеттік туындының сақталуы әрдайым мемле­кеттің және ЮНЕСКО-ның бақылауында екенін есімізге салды. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының негізгі міндеті – ке­сенеге келуші туристер мен зияратшыларға қызмет көрсету, Қожа Ахмет Ясауи баба­мыздың еңбектерін зерттеу, насихаттау, кесенені тиімді пайдалану, іші-сыртының тазалығын қамтамасыз ету, күзету сияқты қызметтерді атқаратынын атап өтті. Соны­мен қатар депутаттар айтып отырған мәселенің өткен жылдан бері көтеріліп келе жатқанын жеткізді. «Былтыр кесе­ненің қазіргі жағдайы төңірегінде әлеу­меттік желілерде мәселелер қозғалған­дықтан біздің тарапымыздан бастама көтеріліп, 24-25 маусым күндері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы» атты екі күндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткіздік. Мәдениет комитетінің төрағасы Р.Кәріб­жанованың жетекшілігімен өткен жиынға еліміздің және Өзбекстан мен Әзірбайжан мемлекеттерінен келген ғалымдар, ма­мандар кесененің сақталу жағдайын көз­бен көріп, танысып, мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты талқылады. Олар кесене күмбезі мен қабырғаларындағы ыл­ғалдану, тұздануға қатысты ой-пікір­лерін ортаға салды. Алайда нақты себеп­терін анықтау үшін ауқымды және жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүр­гізу қажеттігін атап көрсетті. Шетелдік мамандар Ясауи кесенесімен жасы ша­малас Әзербайжандағы, Өзбекстандағы ескерткіштермен салыстырғанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жалпы жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екендігін айтқан», – делінген баспасөз қызметі бер­ген ақпаратта. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайын бақы­лау және зерделеу жөніндегі» жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының алғашқы оты­рысында кесененің жай-күйін зерделеу және мониторингілеу жөніндегі жұмыс жоспарының жобасы талқыланып, оты­рысқа қатысушы ғылыми ұйымдардың қо­ры­тынды беруі туралы шешім қабыл­даныпты. Қыркүйекте А.Балаеваның қатысуымен жұмыс тобының қорытынды кеңесі өтіп, оған осы салаға қатысы бар барлық құзырлы орган басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері, ғалымдар қатысқан. Нәтижесінде, Ясауи кесенесіне тұрақты мониторинг жүргізіп, кесененің сақталуына теріс әсер ететін жағдайлардың алдын алу үшін 2023 жылы кесененің тех­ни­калық жағдайына кешенді түрде ғы­лыми зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған. Осылайша, музейдің баспасөз қызметі кесененің сақталу жағ­дайы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті. Президент былтыр қыркүйек айында Түр­кістан­ға жасаған іс-сапары кезінде ес­керт­кіштің сақталуын бақылауды тапсырған. 28 наурызда Президент тапсыр­ма­сына орай Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те арнайы басқосу өткізіпті. Отырысқа Мәдениет және Спорт министрі А.Оралов, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы, «Қазқайта­жаңарту» РМК мекемесі, бірнеше ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысқан. Осы жиында Алтай Көлгінов кесенені кешенді зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды тездетуді тапсырған.

Мәселе кешенді жоспарлау бағдарламасынан соң шешілмек 

Хош, сонымен әлем көз тіккен кесене­нің қазіргі жағдайы биліктің назарында екен. Көне жәдігердің техникалық жай-күйін зерттеп, бақылап және қалпына келтіру жұмыстарына тікелей жауапты «Қазқайтажаңарту» республикалық мем­лекеттік кәсіпорны бұған не дейді? 

«Қазқайтажаңарту» РМК бас дирек­торы Исабек Нұрмағамбетов ескерткішті жөндеп, қалпына келтірудің тарихы сонау ХIХ ғасырдан бастау алатынын айтады. «Әр кезеңде жүргізілген жөндеу жұмыс­тары нақты бір мәселелерді шешуге бағыт­талған. Мысалы, ғимаратты апаттық жағ­дайдан шығару, ескерткіштің сәулеттік келбетін қалпына келтіру, қабырғалардың жарылуын тоқтату тағы басқа. Кесененің қазіргі жай-күйі бойынша көтеріліп отыр­ған мәселелер бізге бұрыннан белгілі және мамандарымыздың жіті назарында. Қазір кесененің тікелей өзіне қатысты бірқатар проблемалардың барын жоққа шығармай­мыз. Қазандық бөлмесінің декоративті күмбезінің физикалық жай-күйі, кесе­ненің жылу-ылғалдық режимі, сондай-ақ қабырға қалауының кейбір бөліктерінің, материалдарының ылғалдануы және тұздануы сияқты шешілмеген мәселелері бар», – дейді Исабек Маратұлы. Сонымен қатар ылғалдану проблемалары мен кір­піш бетіндегі тұздар бүгін ғана пайда бол­мағанын, бұл континентальды климат аймағында орналасқан барлық жылытыл­майтын ескерткіштердің өзекті мәселесі екенін жеткізді. 

Кәсіпорын басшылығы да қорық-музейінің өкілі айтып кеткен мемлекеттік деңгейдегі басқосуларды қайталады. Қорытындысында Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесінде кешенді ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу қажеттілігі туралы келісіммен бір шешімге келген. Исабек Маратұлы қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кешенді жоспарлау бағдарламасын әзірлеп жатқанын, оған отандық және шетелдік ғылыми институт­тардың түрлі салалардағы сарапшылары шақырылғанын айтып өтті. Іргетасы бо­йынша зерттеуге геология, гидрогеоло­гия, сейсмология, физика және химия, эко­логия саласы, ботаника, құрылыс конс­трук­циялары мен материалдары саласы­ның сарапшылары, сондай-ақ жылу-ылғалдық режим инженерлері қатыспақ. Электронды мәліметтер базасын да құрмақ. Бұл бағытта кесененің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Министр­лікке 317 млн теңге қаражат көлемінде бюджеттік тапсырыс беріліпті. «Ескерткіш дәл қазір опырылып, құлайын деп тұрған жоқ. Ал көптеген таласты сұрақтардың жауабы кешенді ғылыми зерттеу жұ­мыстарының нәтижесі мен шешімін табады деген ойдамыз», – деді «Қаз­қайтажаңарту» мекемесінің басшылығы.

Асан ақсақалдың нұсқасы басқа... 

Алайда 40 жыл кесененің ыстығы мен суығына тоңып сонда инженер болып жұмыс істеген, ескерткіштің әрбір бөлше­гін жатқа білетін, бүгінде зейнеткер, жә­дігер жанашыры, жергілікті азамат Асан Мырзабеков қария мұнда әлі де мәселенің көптігін айтады. «Проблема бүгін ғана емес, жылдар бойы жалғасып келеді. Бір жылдары жұмыс істеген түрік фирмасы кесененің негізін мықты етіп кетті. Қабыр­ғалары өте жақсы, одан келер қауіп жоқ. Қауіптің ең қиыны – сталактитте (үңгір­лердің, кеніштердің төбесінде және жоғар­ғы қабырғаларында түзілетін минералдық тассүңгі тізілімдер. Ол әк құрамды бо­лады). Күмбез бен сталактиттің ортасы ашық. Бірақ күмбезден өткен ауаның ыл­ғалын сталактит гипс өзіне ауадан тартып алады. Жауын қатты болғанда ауада қатты қысым көтерілген кезде іші суланып, өзі­нен-өзі тартады. Бірақ жел болған уақытта ол өз-өзінен кеуіп кетеді. Бұл табиғи жел­деткіш. Өзін-өзі кептіріп тұрады. Күмбез­дің өзін-өзі ұзақ жылдан бері сақтап келе жатқанының сыры осында», – дейді қария бізбен әңгімесінде. 

Асан Жүсіпұлы ақсақал жыл сайын мұның қайталанатынын, тіпті бір жылдары төбесінің опырылып түскенін де айтады. Оған қыруар қаржы бөлінсе де шешімін таппай жүргенін жеткізді. 40 жылғы еңбек өтілінде қанша жөндеу жұмыстарын жа­саса да, мұндай дақтың, ылғалдың бола беретінін ашық айтты. «Қазқайтажөндеу» мекемесінің қолдан келгенінше жұмыс істегенін, бірақ жергілікті мамандардың мұ­ның сырын толыққанды біле алмай жат­қанын мойындау керек екенін еске салды. Ақсақал бұл мәселенің шешімін            бірі білсе, ирандық мамандардың, құрылыс­шы­лардың таба алатынына сенім білдіреді. Себебі Әмір Темірдің өзі әу баста сол жақтың мамандарын әкеліп, кесене тұр­ғызған. Сонымен қатар Түркістан қаласы­ның ауа райы да жазда +40 градусқа дейін жоғарылап, Пәкістанның ауа райына сәй­кес келеді дейді. «Ирандық реста­вра­тор­лардың сапалы, мықты жұмыс істейтіні туралы жиі естимін. Тіпті, бір жылдары олар кесенеге келгенде тілдескен де едім. Егер кесенені толыққанды сақтап қаламыз деп жанашырлықпен қарасақ Пәкістан­дықтарды шақырып, кесенемізді бұдан да сәулетті етер едік деген ойдамын», – дейді ақсақал. 

Демек, қалай болғанда да, еліміздегі республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткішімізді сақтап қалу үшін тек ғалымдарды ғана емес, сондағы әрбір тасын қызғыштай қорғап жүрген жанашыр жандарды да тыңдағаннан ұтылмасымыз анық. Ал мәселе, «Қазқайтажөндеу» меке­месі басшылығы айтқандай, 1-2 жылда емес, жуық арада тездетіп шешілуі тиіс. Себебі мұнда күн сайын жүздеген адам келіп жатыр.

 Мәселен, 2021 жылы мұнда 1,5 мил­лион, 2022 жылы 800 мың турист келіпті. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы