Жол жүру билеттері 4 наурызға дейін тегін таратылып жатыр
Жол жүру билеттері 4 наурызға дейін тегін таратылып жатыр
Жол жүру билеттері көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 7-17 жас аралығындағы балаларына берілмек. Аталмыш акция Өскемен қаласында алғаш рет өткізілуде. Жол жүру билеттерін беру 4 наурызға дейін жалғасады. Әр айдың 27-сінен 4-не дейінгі аралықта жол жүру билеттерін жаңартып отыру қажет. – Бұл бастама облыс әкімі және қала әкімінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып отыр. Бүгін, міне, қаладағы көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 3213 бала оқушыларға арналған жол жүру билеттерін алып жатыр. Мұндай билеттермен автобуста да, шағын автобустар мен трамвайларда да жүруге болады, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Альмира Мусинова. Жол жүру билеттері бір отбасының мектеп жасындағы әр баласына жеке-жеке берілетінін айта кеткен жөн. Билет алу үшін анасының жеке куәлігі мен әр баланың туу туралы куәлігін алып, Тургенев көшесі, 30 мекенжайында орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет. – Менің жеті балам бар. Ары-беру жүру біз секілді отбасыларға оңайға соқпайды. Әкімшілікке балаларға жеңілдік жасап, осындай жол жүру билеттерін беріп жатқандарына үлкен рақмет, – дейді Өскемен тұрғыны, көпбалалы ана Гүлжан Абрахманова. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан