Қаланың жолы ой-шұңқыр

Жетісу облысы орталығындағы қалаішілік жолдардың жағдайы сын көтермейтінін, қалада әкім ауысқан сайын жолдардағы жиектастар мен тротуарлардағы кеспетастар ауыстырыла беретіні, әбден бүлінген жолдардың орнына орталық көшелердің асфальттары қайта-қайта жаңартылатыны жайлы бірнеше мәрте дабыл қағып, жазған болатынбыз.

Қалалық әкімдік сынға жауап беріп, биылға жоспарлаған жол жөндеу жұмыс­тары туралы ақпараттар берген де болатын. Алайда сол «қызу» жұмыс әлі басталар емес. Оның есесіне, сапасыз төселген жол жабындылары қармен бірге еріп, қала шетіндегі көше жолдарын айтпағанда, орталық көшелердің асфальт жабынды­сындағы олқылықтар әр жерден андыздап шыға келді. Дәл қазір шағын қаладағы ой­дым-ойдым көшелердің барлығында жол қатынасы қиындап тұр. Жүргізушілер кө­ліктерін күнде жөндетуге мәжбүр. Тиісті орындарға шағымдар көптеп түсуде. Әлеуметтік желілерде де арыз-шағым кө­бейген. Тұрғындар тарапынан наразылық күшейгенін ескерген Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің өкілдері жолға  жауапты мекеме­лердің мамандарын қатыстыра отырып,  арнайы рейд өткізді. 

Талдықорғандағы Сланов, Абай, Абылай хан, Уәлиханов көшелерін аралап, ойылған асфальтты өз көздерімен көрген­дер алдағы кезде сапасыз жұмыстар салда­ры­нан  қысқа мерзімде  жүруге жарамай қалған жолдар  туралы мәліметті https://adildik.kz сайтына жібере алатынын, онда айтылғандар немесе жазылған деректерге қатысты тексерулер жүргізіліп, сапасыз асфальтқа қатысты заң бұзушылықтар анық­талса, шара қолданылатынын мәлім­деді. «Әділдік жолы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінің Жетісу облыстық фи­лиалының жетекшісі Дәулет Құлым­баев­тың айтуынша, Уәлиханов және Балпық би көшелерін қайта құрылымдау  үшін 2019 жылы 500 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы толық біткендіктен мердігер компанияға ақшасы түгелімен төленген. Бірақ сапаның  нашарлығы кесірінен жол белгіленген мерзім аяқталмай жатып, қайтадан таз қалпына түскен. Осыған байланысты Тал­ды­қорған қалалық әкімдігі жыл соңына дейін ойылған жолға жөндеу жүргіземіз деп отыр. Мұнда сапасыз жұмысты қабыл­дап алған мекеме және  тапсырыс берген қа­лалық жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімімен бірге мердігер­дің мәселесін де майшаммен қараған жөн болар еді. Егер жол жөнделмесе, халықтың наразылығы күшейе берері анық. Осыған орай қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Алтынбеков Уәлиханов пен  Балпық би көшелерінің жо­лын айтпағанда, екі көшенің қиы­лысын­дағы адам тұрмақ автокөлік өте ал­май­тын үлкен шұңқырдың пайда бол­ған­дығын айта келе,  бұл жайында мердігер «Высотник» ЖШС-на ескертіліп,  ойылған жерді мамыр айының 15-не дейін қалпына келтіру міндеттелгенін мәлімдеді. Егер жолды реттемесе, сотқа береміз деп отыр. 

Жетісу облысы орталығындағы жол жұмыстарымен бұрыннан осы істерді атқарып келе жатқан оншақты мердігер ком­­пания айналысады. Олар салған ас­фальтты «Жол активтерінің ұлттық сапа ор­талығы» шаруашылық жүргізу құқығын­дағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орны­­ның мамандары қабылдап алады. «Егер салынған асфальттың сапасы талап­қа сай болмаса, қабылданбайды» дейді ондағылар. Алайда пайдалану мерзімінің жарым-жартысына жетпей жүруге жарам­сыз болып жатқан жолдар жыл сайын алдан шығады. Шаралар қолданылды дегенмен, олардан нәтиже болып жатқан жоқ. Жыл өтпестен бұрынғысынан нашар күйге түсетін көшелерді көргенде жүрегің ауырып, мемлекеттің миллиондарына ішің ашиды.  Биыл  Талдықорған қала­сындағы 9 көшеге жөндеу жұмыстары бас­та­лыпты. Олардың ішінде жылдар бойы жырланып келе жатқан «Шайқор­ған», «Үйтас» саяжайларындағы ойқы-шой­қы жолдар бар. Сонымен қатар «Жас­тар – 1»,  «Солтүстік – Батыс»  тұрғын алап­тары  мен 8-9 шағын аудандарында жаңа жолдар төселеді. 

Көше жолдарының бүлінуі себебі көп.  Соның ішінде ала жаздай ай қарап жүретін жылуға жауаптылардың жылыту маусымы басталған кезде, күздің жауын-шашынды, лай-батпақты кезінде жолдардың асты арқылы өтетін жылу жүйелеріндегі ақау­ларды жөндеуге кірісетіндігі. Халықтың қамын ойлаған қала әкімдігі жандары қысылғанда  «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы ком­мунал­дық-мемлекеттік кәсіпорнының жөн­деу жұмыстарын жүргізіп, жазда ғана төсел­ген асфальт жабындысын қазуға рұқсат беруге мәжбүр. Жылу немесе су жүйесі  жөнделген соң қайта төселген  ас­фа­льт  бұрынғыдай сапалы болмасы айдан анық. Кей жерлері ойылып, кей тұстары көтеріліп, бірер аптада жүруге жарамай қалады. Соның кесірінен жүргізушілер мен тұрғындар әбігерге түседі.

Табиғаты күрт құбылып тұратын Жеті­су­дың ауа райы да жолдың тез бұзылуына әсер етеді. Қыстың ортасында жауған жаңбыр асфальтті тоңға айналдырып, артынша соққан аяз оның жарылуына әкеліп соқтырады.  Көктем шыға ары-бері заулаған автокөлік жарығы көбейген  жолды үгітіп, азғана уақытта тас-талқанын шығарады. Осылайша, салынғанына көп болмаған көшелер жарамсыз болып  жа­та­ды. Жол төсеудің нормалары мен ереже­лерінің толық сақталмауы, жабын­дының беріктігіне қойылатын талаптардың орын­далмауы да жыл сайын төселетін жолдың сапасына кері әсер етеді.  Енді осыған авто­көлік салмағы мен мердігердің жауап­сыздығын, тапсырыс берушінің немқұрай­лылығы мен қабылдаушының қырсыз­дығын  қосыңыз. Ақыр соңында сапасыз жолдың зардабын жұртшылық тартады. 

Арнайы тексеру шарасына қатысқан  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Жетісу облыстық департа­менті превенция және парасаттылық басқармасы басшысының орынбасары Ба­қыт­жан Өмірбековтің айтуына қара­ғанда,  облыс орталығындағы жолдың жайын анықтауға арналған  мұндай  рейд алдағы кезде тұрақты жүргізіліп тұрады. Талдықорған қаласы бойынша ғана емес, бүкіл облыс аумағында осындай шаралар ұйымдастыру  ойластырылып отырған көрінеді.  Биыл жыл басында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» атты жоба іске қосылыпты.  Соған сай әрбір өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа бейім 5-6 сала анықталған.  Жетісу облысында автомо­биль жолдары, жер қатынастары, тұрғын үй, құрылыс, медицина, білім  және салық  салаларында сыбайлас жем­қорлық тәуе­келі басым екені белгілі бол­ған.  Осыған орай жолға қатысты тексеру жұмыстары тұрақты жүргізілмек. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған пікір­лер мен мем­лекеттік органдардың талап­тары да негіз болып тұр. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы