Бокстан ӘЧ: Сағындық Тоғамбай қарсыласын нокаутпен жеңді

С.Тоғамбай 1/8 финалға жолдама алды.

Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Сағындық Тоғамбай қарсыласын нокаутпен ұтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар арасында Азияның үш мәрте чемпионы, дәл осындай әлемдік додада финалға дейін жеткен қазақстандық боксшы 86 келіге дейінгі салмақта бастапқы кездесуін конголық Натан Нланду Мбелимен өткізді.

Сағындық екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Үшінші кезеңде төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Осылайша, С.Тоғамбай 1/8 финалға жолдама алды.

Бүгін кешкі сессияда сондай-ақ Санатәлі Төлтаев рингке шығады.