Гүлмира Сатыбалды сотта соңғы сөзін айтты

Гүлмира Сатыбалды соттан Тұрсенғали Алагөзовке қатысты эпизод бойынша жан-жақты тексеруді сұрады.

Гүлмира Сатыбалды өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Тұрсенғали Алагөзовтің заңсыз түрде жәбірленуші деп танылғанын айтты. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні соттағы соңғы сөзін айтқан кезде мәлімдеді, – деп хабарлайды Halyq Uni.

Қылмыстық іс Байқоңыр ауданының №2 сотында қаралып жатыр.

«Тағылған айыппен келіспеймін. Біздің құқық қорғау органдары Алагөзов пен Мекешеваның арызын мұқият тексереді деп сендім. Өкінішке қарай, олай болмады. Сыни ойлай алатын кез келген адам маған қатысты істің елдегі саяси өзгерістерге байланысты қозғалғанын түсініп отыр. Мені елдің бірінші президентінің отбасымен байланыстырады. Қазақстанның бұрынғы президенті ағасының ұлы Қайрат Сатыбалдының әйелі деп айтып жатыр. Алайда ешкім Қайрат Сатыбалдымен 20 жылдан аса уақыт бұрын ажырасып кеткенімді айтпай отыр. Мені онымен тек арадағы 3 баламыз байланыстырады. Олар заңды некеде өмірге келген. Мен ұл-қызымның жақсы әкесі бар екенін мақтан тұтамын. Ортақ балаларымыз бар, бірақ одан басқа байланысымыз жоқ. Оның жеке өмірі бар. Ортақ кәсібіміз жоқ. Мені тұңғыш президенттің отбасымен негізсіз байланыстырып отыр», – деді Гүлмира Сатыбалды соттағы соңғы сөзінде.

Айтуынша, іс бойынша екі жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов пен Айгүл Мекешева бір күнде арыз жазған.

«Сот Алагөзов пен Мекешеваның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бір күнде арыз жазғанына назар аударуы қажет. Қайрат Сатыбалдының ұсталғанына үш күн өткен соң арызданған. Шамасы бұл біреуге қажет болды. Сол жағдайда пайдалануға шақырған болуы да мүмкін. Қайратты ұстаған кезде мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үшін оның кінәсін мойындауына және активтерді мемлекетке қайтаруына ықпал ету жағынан тиімді болдым. Ешкім полиция жүргізуі қажет істі кенеттен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізгеніне назар аудармай отыр. Жауабы белгілі. Себебі бұл қолдан жасалған резонанстық саяси іс. Оның астарында саясат жатыр. Мүмкін мені мысал ретінде көрсетіп, ел халқына ескі саяси режиммен белсенді күресіп жатқанын көрсеткісі келіп отыр. Алайда мен ол қатарға кірмеймін», – деді Гүлмира Сатыбалды.

Ол сондай-ақ Тұрсенғали Алагөзовтың дауға ұласқан GALANZ bottlers иесі емес екенін айтты. Ал акциялар Бердіқұлов пен Ревшановтың атына жазылған.

Соған байланысты ол жәбірленуші бола алмайды. Ал Мекешева «Maxi чай» тауар белгісінің формалды иесі болған. Сондай-ақ ол барлық жауабында акциялардың Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі екенін айтып отыр. Антикор өз құзыретіне кірмейтін істерді саяси тапсырыс бойынша жүргізеді. Бұл іс барысында адамдардың өтірігіне қанық болдым. Алагөзов іс бойынша заңсыз түрде жәбірленуші деп танылды. Себебі ол акция иесі емес. Мен қамауға алынғанға дейін Алагөзов пен оның әйелі Баянмен жақсы қарым-қатынаста болдым. Олар қонаққа келді, туған күніме де келді. Ол қолымды сүйіп, «менің құтқарушым» деп атады. Мұның бәрі мен қамауға алынғанға дейін болды. Оларды өзімнің достарым деп санадым, – дейді Сатыбалды.

Айтуынша, Алагөзов қазірге дейін компанияны басқарып отыр. Сол себепті Гүлмира Сатыбалды «моральдық зиян келтірді» деген айыппен келіспейтінін жеткізді.

«Акциялар Бердіқұлов пен Ревшановқа тиесілі болған. Кездесу барысында акциялардың Алагөзовке тиесілі екені туралы айтылған емес. Олар өздерін мүлік иесі деп таныстырып, соны растайтын құжаттарын көрсетті. Алагөзовтен кәсібін тартып алу әрекеті туралы естіген емеспін. Бердіқұлов пен Ревшановтан компанияны алып жатқан кезде олар сот шешімін көрсетті. Ол жерде кәсіпорынды Алагөзовтен қарыздың орнына алғаны туралы айтылған. (...) Алагөзов елді алдап отыр. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның жетегінде кетті. Соған байланысты маған қатысты қылмыстық істі заңсыз қозғап отыр», – деді ол.

Айтуынша, прокурор Бердіқұлов, Ревшанов пен Алагөзовтың шарасыз болғанына сенімді.

(Прокурордың ойынша) үш ер адам бір әйелден қорқып отырған. Кәсібін тартып алу туралы еш жерге арыз жазбаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пайда болғаннан кейін менің үстімнен арыз жазу туралы ойлаған. Бердіқұлов, Ревшанов пен Алагөзов бірлесіп, Қазақстан сотын алдап соқты. Соған қарамастан ешқандай жауапқа тартылмаған. Құқық қорғау органдары, оның ішінде антикор мен прокуратура мұндай әрекеттер біздің елде заңды және рұқсат етілген деп санайды. Алагозөв пен прокурор мені Қазақстан сот жүйесіне әсер ете алатын ауқымды әкімшілік және саяси ықпалы бар деп айыптап отыр, – дейді Сатыбалды.

Гүлмира Сатыбалды соттан Тұрсенғали Алагөзовке қатысты эпизод бойынша жан-жақты тексеруді сұрады.

Ал Айгүл Мекешеваға қатысты эпизод бойынша жәбірленушімен медиативті келісімге келгенін айтты.

Біз бірлесе шындықты аштық. Бір-бірімізді кешірдік. Медиативті келісімге келіп, өзіме тиесілі акцияның бір бөлігін жазып бердім, – деді Гүлмира Сатыбалды.

Сондай-ақ Сатыбалды іс бойынша екі сотталушы Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебековті ақтауды сұрады.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ

Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4-бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8-тармағында (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады. 

Жауап алу барысында адвокат Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалдыдан «Алагөзов сізге қандай айып таққанын көріп отырсыз. Алагөзовтің өзімен және бұрынғы әйелімен қалай танысқаныңызды айтып берсеңіз», деп сұрады.

«Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Ол мені компаниясын тартып алды деп айыптады. Моральдық шығынды неге екені белгісіз 135 млрд теңге деп есептеп отыр. Мен мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естіген емеспін. Мен секілді Қазақстанның қарапайым азаматында ондай көлемдегі қаражат қайдан болсын? Мен келіспеймін. Ешқандай өзінше билік ету болған жоқ, мен оның компаниясын тартып алған жоқпын», – деп жауап берді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болған.

«2002 жылы ажырастым. Ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Орталық сайлау комиссиясына маман болып жұмысқа тұрдым. Содан кейін Конституциялық кеңесте жұмыс істедім. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, Білім министрлігіне ауыстым. Ұлым 16 жасқа толған соң Америкаға кеттім. Ұл-қызымның жақсы білім алғанын қаладым, өзім тілді меңгердім. Қайрат Сатыбалдымен араласпадым деп айта алмаймын. Қарым-қатынаста болдық және одан талап еттім. Әкесі ретінде ол балаларын қамтамасыз етті. Оқуы мен пәтер ақысын төледі, үш баламыз Америкадағы мектепті тәмамдады. Ал жоғары білімді Қазақстанда алды. Олардың лайықты азамат болып өскенін қаладым. Қайрат Сатыбалдының әйелі болып, одан бала тапқаным үшін дәл осылай саяси қудалауға ұшыраймын деп ешқашан ойламаппын», – деді Гүлмира Сатыбалды.

Іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов бар.