Жол жөндейтін мамандар жетпей жатыр
Жол жөндейтін мамандар жетпей жатыр
5,245
оқылды
Жол активтері ұлттық сапа орталығының ШҚО бойынша филиалының мамандары оқушылар мен студенттерге жол салу мен оның сапасын тексерудің маңызы мен міндеттерін түсіндірді. – Республика бойынша ең ұзақ автокөлік жолы Шығыста. Соған сәйкес, жыл сайын жол салу мен жөндеу де ауқымды жүреді. Кейінгі жылдары бұл салада маман тапшылығы анық байқалады. Сондықтан «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚО филиалының қызметкерлері облыстағы орта мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларымен үнемі кездесу өткізіп келеді. Тек соңғы екі айда аймақта 20-дан астам орта мектепте кездесу өткіздік. Кәсіптік колледждердің студенттеріне де түсіндіру жұмысын жүргіздік, – деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚО филиалының директоры Ержан Аязбаев. Оның айтуынша, жол жөндеу саласында кадр тапшылығы жоғары. Атап айтсақ, құрылыс инженері, инженер-сметашы, зертханашы, асфальтбетон жұмысшысы, асфальт төсеуші, автогрейдер, механизатор және арнайы техниканың жүргізушілері жетіспеуде. – Елімізде отызға жуық университет пен 50 колледжде жол саласы бойынша мамандар даярланады. Шығыста Д.Серікбаев атындағы университет пен бірнеше колледж бар. Бұл мамандықтарға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) бірінші – математика, екінші физика немесе химия пәнін таңдау керек, – деді Ержан Аязбаев. Айта кетсек, жыл сайын бұл салаға мыңдаған оқу гранты да бөлінеді. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында Құрылыс жұмыстары, Автокөлік құралдары, Стандарттау, сертификаттау және метрология, Химиялық инженерия және процестер, Материалтану және технологиялар, Электр энергетикасы және автоматтандыру, Механика және металл өңдеу сынды мамандықтарға 10 мыңға жуық оқу гранты бөлінген. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан