17-қабатта терезе жуған әйел жұртты шошытты

Жыл басынан бері елордада балалар терезеден құлаған үш жағдай тіркелген.

Әлеуметтік желіде ешқандай сақтандырусыз сыртқы терезені жуып жатқан әйелдің видеосы тарады.

Tengrinews.kz редакциясы Астана ТЖД өкілдерінен видеоға қатысты пікірін сұраған.

"Көбіне трагедиялар ересектердің немқұрайды қарауынан және терезелерді жуу кезіндегі абайсыздықтан болады. Жыл басынан бері елордада балалар терезеден құлаған үш жағдай тіркелді", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 1 мамырда ересек адам биіктен құлаған.

"Сағат 17:33-те 1988 жылы туған ер адам 9 қабатты тұрғын үй кешені сыртындағы терезелерді жуу кезінде 7-қабаттан альпинистік құрал үзіліп кетіп, құлағаны туралы хабарлама түсті. Ол алған жарақаттарынан сол жерде қаза болды", – деді ТЖД баспасөз қызметі өкілі.

Бұдан бұрын Астанада терезе жуушы 7-қабаттан құлап, мерт болғаны туралы жазғанбыз.