Берері мол керуен

Мамыр айының басында Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен Қарағандыдан Buketov Runners ультрамара­фоны және «Рухани KZ» руха­ни-ағарту керуені басталды. Олар белгілі тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасының 300 жыл­дығына және Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай эстафеталық ультрамарафон 2 мамырда Қарағанды универси­тетінің алаңынан басталды. Оның жалпы ұзындығы 1 300 шақырымды құрайды.

Қарағанды облысы әкімдігі  Ішкі саясат басқармасының бас­шысы Нұрлан Бикенов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды универси­тетінің басқарма төрағасы – ректор Нұр­лан Дулатбеков,  рухани-та­ным­дық сапармен жолға шыққан­дарға ізгі тілек жолдап, сәтті сапар тіледі.

Таң ата Бөкетов университетінің «Жастар» алаңынан эстафеталық уль­рамарафон желаяқтары «Қара­ғанды-Түркістан» бағытындағы 1 300 шақырымдық жүгіруді бастап кетті.

 Buketov runners желаяқтар то­бында 40 шақты адам бар. Айтулы ультрамарафонға өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жүгіру мәдениетін насихаттап жүрген белгілі тұлғалар шақы­рылды. 

Супермарафон Қарағанды, Ұлы­тау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Жарысқа ЖОО оқытушылары мен студент­тері, арнайы шақырылған ультра­мара­­фоншылар қатысады. 

– 21 шақырым жүгіріп,  эста­фетаны бастап беремін. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйым­дастырылып жатқан шараны қол­дау үшін Алматыдан арнайы кел­дім. Өзім білім алған университеттің осындай игі шараны ұйымдастырып жатқаны қуантады. Жалпы, жүгіру деген көп адам түсінетіндей тек іс-әрекет, қимылмен шектеліп қалмайды.  Бұның философиясы бар. Бұл – жігер, бұл – тәртіп, бұл – жеңіс, бұл – саламатты өмір салты. Наурыз айының басында Токиода марафонға қатыстым. Қыркүйек айында Берлин мара­фонында бағымды сынап көру жос­парда бар, – дейді Е. Бөкетов атындағы Қарағанды универ­ситетінің түлегі, желаяқ  Еренғайып Қуатайұлы.

Жарыс кезінде тарихи және мәдени көрікті жерлерге бару жос­парланған. Тарихи-танымдық мара­фон Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аллеясында аяқ­талады.

Бұқар жыраудың мерейтойы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай «Рухани KZ» жас­тар рухани-ағарту керуені жол­ға шығады.

– Білім беру керуеніне 180 адам қатысады. Бұл тек Қарағанды уни­верситеті емес, Еуразия универ­ситеті мен Сәтбаев атындағы уни­верситеттің белсенді студенттері мен оқытушылары. Тарихшы ға­лымдар біздің жеріміз туралы қы­зық­ты деректерді жастарға айтып беремін, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әлеу­меттік-мәдени даму жөніндегі про­ректоры Мейіржан Сыздықов.

Керуенге қатысушылардың  бір бөлігі Ұлытау облысына, енді бір то­бы Павлодар облысының Баян­ауыл ауданына, қалғандары Ақ­тоғай ауданы мен Балқаш қаласына барады. Жол бойында керуен тарих және мәдениет ескерткіштеріне тоқтайды. Соңғы нүкте Жошы хан кесенесі болады.  Кесенеде ғылыми конференция өтпек. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы