Qaisar жеңімпаздары анықталды

Кеше Астанадағы 68665 әскери бөлімінде Отан қор­ғаушылар және Ұлы жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған Qaisar әскери-патриоттық ойындарының қорытынды салтанаты өтті.

Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша Түркістан облысының командасы бас жүлде алды, жеңім­паздарды партия Хатшысы Дәулет Кәрібек құттықтады. 

«Ұлан ғайыр жерімізді ата-бабамыз бізге аманат етіп қал­дырды. Оны қорғау– біздің қа­сиетті борышымыз.  Өскелең ұрпақ барған жерде біздің даңқты әскеріміз туралы айта жүріңіздер. Өйткені ел мен жер біздікі! Оны мынау тұрған сіздер мен біз қорғаймыз! Қазақта жақсы сөз бар: «Жер елге аманат, ел ерге аманат». Осында тұрған әрбіріңіз ерсіз! Бізге берілген аманатты аман сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді Дәулет Кәрібек. 

Қарағанды құрамасы 2-орын (700 мың теңге), Алматы 3-орын (500 мың теңге) алды. Қатысу­шылар жүлделі орындардан бөлек арнайы номинацияларға ие болды. Ерлер арасында жү­гіруден Қарағанды облысынан Амантай Нұртілеу – 1-орын, қа­рағандылық Сатпай Боран­құлов – 2-орын, Ұлытау облы­сынан Болат Ануар 3-орын алды. Ал қыздар арасында жүгіруден Милена Бардаш – 1-орын, Диль­наз Касимова – 2 орын, Нұрай Сатталы 3-орын алды. Кедергілер жолағындағы жарыста да үздік атанғандар арнайы аталым бо­йынша марапатталды.

Салтанатты іс-шараға пар­тия Хатшысы Дәулет Кәрібек, Қорғаныс министрлігінің өкіл­дері, депутаттар және Қарулы Күштер ардагерлері, танымал спортшылар қатысты.

Qaisar әскери-патриоттық ойындарының іріктеу кезеңіне былтыр 1 700-ге жуық жас аза­мат қатысса, биыл қатысу­шылар саны 3 000-нан асқан. 17 облыс пен 3 қаладан келген 120 жас ақ­тық кезеңде аянып қалмай, бар күш-жігерін салды. 15-25 сәуір аралығында іріктеу ойын­дары өткізілді. Финалдық ке­зеңге жолдама алған 120 қатысу­шы 4-5 мамыр аралығында елордада бақ сынады. Ақтық кезең екі күнді қамтып, қатысу­шылар өздерін қашықтыққа жүгіру, арнайы әс­кери жаттық­тырушылар дайын­даған кедер­гілер жолағынан өту, саптық дайындық және танымын кеңейту бойынша викторинада жарысты. Ойынға қатысу үшін әр өңірден 10-11-сынып оқушы­ларынан 6 адамнан (4 ұл, 2 қыз) тұратын командалар құрылды. Іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлері соғыстағы ұрыс барысын бейнелейтін кө­рініс қойды. Одан бөлек, жас­тар Qaisar jalyny алауы маңында бас қосып, достық қарым-қаты­насты нығайтып, гитарамен ән шыр­қады. Ойынның екінші күнінде қашықтыққа жүгіру мен «Менің елім – Қазақстан» тақы­рыбын­дағы әскери-танымдық виктори­надан жарыс болды. Сондай-ақ қатысушылар үшін арнайы ұйымдастырылған экс­курсия бары­сында «68655 әскери бөлі­мінің» тыныс-тір­шілігімен, әс­керилердің өмір тынысымен, қару-жарақтардың түрімен, әскерлердің материал­дық-тех­никалық базасымен танысты.

Былтыр «AMANAT»-тың ке­зектен тыс XXII съезінде пар­тияның «Жастар Рухы» жастар қанаты Qaisar жобасын іске қосатынын мәлімдеді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пар­тияның съезінде берген тапсыр­масын орындау бойынша жүзеге асуда. Былтыр бұл ойындар Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерейтойы қар­саңын­да тұңғыш рет өтіп, дәс­түрлі жалғасын тауып келеді. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңіре отырып, патриотизмге тәрбиелеу. Оқушылардың әс­кери қызметке деген қызығушы­лығын арттыру. 

Асыл ТҰМАР