Әскердегі бір күн

Отан қорғар әскер барда қорғанымыз мықты бола бермек. Шүкір, бүгінде мемлекетіміздің арқа сүйер айбынды әскері бар. Еліміздің әскери күштерінің дамуында Шымкент қаласының маңызы зор. Шымкентте бірнеше әскери бөлімнің, Ұлттық ұланның сарбаздары Отан алдындағы борышын өтеп, ерекше дайындық жүргізіп келеді.

Біз үшінші мегаполистің шет аймағы саналатын «Сәуле» шағынауданында орналасқан  №35748 әскери бөлімінде болып,  сарбаздардың өмірімен танысып қайттық. 

Жаңа қабылданған сарбаздар үйретілуде

Аумағы бірнеше гектарды алып жатқан әс­кери қалашықта сарбаздардың үй-жайы, жатын орнына арналған казармалардан бө­лек әскери қызметшілердің көпқабатты қыз­меттік үйлері сонадайдан көз тартады. 

Біз барғанда сарбаздар сап түзеп, жат­­тығу шараларын жүргізіп жатыр екен. Ба­тальон штаб бастығы, капитан Әли Ай­дын бізге сарбаздардың өмірі мен ты­ныс-тіршілігінен хабар беріп, таныстырып жүрді. 

Капитан алаңда еліміздің 3 өңірінен, яғни Қостанай, Алматы және Қонаев қа­ла­ларынан 1 апта бұрын ғана әскер қатарына қа­былданып, осында келген жас сар­баз­дар­дың дайындық шараларын жүргізіп жат­қа­нын айтты. Әр аймақтан келген 146 сарбаз мұн­да 1 ай бойы әскер өміріне бейімделіп, шы­нығады. Одан соң көрші қалалардағы әс­­кери бөлімдерге бөлінеді. Мәселен, Ал­ма­­тыдан келген 50 сарбаздардың тең жар­ты­сы осында қалса, қалғаны «Жібек жо­лын­дағы» әскери бөлімге жіберіледі. Сол сияқ­ты Сарыағаштағы әскери бөлімге де біра­зы бөлінеді. «Қазір жастардың көз­қара­сы өзгерген, олар әлдеқайда тез дамып жа­тыр. Оларды тәрбиелеудің басқаша амал-тәсілдері керек. Сол себепті Оңтүстік өңір­лік қолбасшылығы жас сарбаздарды жаңа­ша тәсілдермен баулу үшін «Отар» гар­низонында бөлімдегі өте тәжірибелі, ең үз­дік деп іріктеліп алынған офицерлер мен сержанттарды оқытып, білімін жетілдіріп, тест­­­­тен өткізіп жібереді. Жаңа жүйе ая­сын­да сарбаздарды идеологиялық тұрғыда тәр­биелеу аса маңызды рөл атқарады. Ең алдымен олардың әскерге не үшін келгенін, мұнда жүрудегі басты мақсатын ұғындыру қажет. Күн сайын таңертеңгілік сапта бап­тар мен жарғылардың түрлерін, яғни сарбаз сарбазды ұруға, адам адамды балағаттауға бол­майтынын, ондайға жол бергендерге қа­таң шара қолданылатынын түсіндіреміз. Дәл қазір мұнда бөліміміздегі сайдың та­сын­дай іріктелген офицерлеріміз сар­баз­дар­ды әскери өмірге бейімдеп жатыр», – де­ді штаб бастығы бізбен әңгіме барысында. 

Байқағанымыздай, сарбаздар мұнда сап­та жүруді, өзін ұстауды және автоматты жер­­ден көтеру сияқты алғашқы дайын­дық­тар­дан өтеді. Қонаев қаласынан сәуір айының соңғы күндерінде келген жас сар­баз Рамазан Рүстемовтің көзінен от бай­қа­дық. Отан қорғау алдындағы борышын өтеу­ге келгеніне ризалығын жеткізді. «Ата-анам да әскери адамдар. Бала күнімнен мен де әскер қатарында болуды қалайтынмын. Сондықтан мұндай форманы киіп, Отан ал­дындағы борышымды өтеуге дайындалып жат­қанымды сезіну бойыма күш-жігер, отан­шылдық рух береді. Мұнда келгенімде сал­мағым 116 келі болатын. Қазір күнделікті де­не шынықтырып, жаттығулар жасаудың нә­тижесінде салмағым 106 келіге түсті. Өзім­ді жеңіл сезініп келемін. Әскер өміріне де үйреніп қалдым»,– дейді жас сарбаз. 

Фильмнен әскер әрекеттерін көреді

Одан соң сарбаздардың үй-жайы са­­­­налатын казармаға беттедік. 1-ші және 2-ші қабат толығымен жас сар­баз­дардың жататын, сабақ оқитын орындарына арналған. Жатын төсектерінің жанындағы тумбаларға барлығына бірдей күнделікті пай­даланатын заттар қойылған. Ақ жаға­ла­рын күн сайын жуып, үтіктеп алады екен. Тұр­мыстық бөлмеде үтік, шаш үлгісін рет­тейтін заттар орналастырылған. Одан кейін­гі сабақ өтетін сыныптарда сарбаздар қолбасшының ұсынысымен бекітілген әс­кери фильмдер көріп отыр екен. Әрине, офи­цер фильмнің кейбір тұсынан тоқтатып қойып, ондағы соғыс тактикасын, идео­ло­гиялық тұрғыдағы әскерлердің әрекетін тү­сін­діріп жатыр. Фильмді жай ғана көріп қой­май, әрбір деталіне мән беру керек еке­ні айтылуда. Тағы бір сыныпта жалпы әс­кери жарғылар үйретілуде. Мұнда да теле­ви­зор қойылған. Сабақ барысында қазір әлемде болып жатқан соғыстар төңірегінде сөз болып, ондағы қолданылып жатқан тех­ника да назардан тыс қалмайды екен. 

Әрбір жатын бөлмеде бейнебақылау қойы­лыпты. Оларды 24 сағат бойы арнайы наряд тапжылмай бақылап отырады. Мұнда сар­баздар ротасының таңертең ұйқыдан оянып, кешкі жатар орынға дейінгі әрбір уа­қыты, яғни күн тәртібі түзілген. Сабақ кес­тесі бөлек. 

Таңғы сағат 6.40-та ұйқыдан оянып, төсек жинап, жуынған соң таңғы жат­тығуға кіріседі. Онда аяқ және қолға ар­налған жүру және 1 000 метрге дейін қа­шық­тыққа жүгіру бекітілген. Қарусыз 

есеп­ке қоян-қолтық ұрысы дайындығы да бар. Сағат 7.40-та таңғы ас мерзімі. Таңғы астан шығып, бір орында және жүру ар­қы­л­ы қарусыз қозғалыс жасау саптық жат­тығуы. Взвод командирлері оларға әскери қыз­метшінің ортада қауіпсіздігі, өртке қар­сы қауіпсіздік шараларын жеткізеді. Са­ғат 9.50-ден бастап жалпы әскери жарғы даярлығы аясында сабақтар басталады. Онда бұйрық беру, бұйрықты тыңдау, оны бұлжытпай орындау сынды жарғылар түсіндіріледі. Одан кейінгі сабақта әскери қыз­метшінің міндеттері оқытылады. Қару­мен және қарусыз жүру барысындағы сап­тық даярлықтан соң түскі ас. Сағат 15.00-ден кейін тағы дене даярлығы, сапта жүру, ко­мандирге бару сияқты жаттығулар үйре­тіле­ді. Кейін өзіндік дайындық барысында олар қаруларды жинап, шашу тәсілдерін үй­ренеді. Кешкі сағат 18.00-ден бастап бұ­қаралық спорт түрлерімен айналысады. Ж­ігіттер сағат 19.40-тан 22.00-ге дейінгі уа­­­­қытты жеке қажеттіліктеріне арнайды екен. Кестеге «Хабар» телеарнасын көру бе­­­кітіліпті. Бұл жас сарбаздардың бір күнгі күн тәртібінің кестесі. Келесі күні де дәл осы­ған ұқсас шаралар қарастырылған. Олар­дың қатарында бекітілген уақытқа газ­тұмылдырық киіп үлгеру, атыс даярлығы, сар­баздың соғыс кезіндегі әрекеттерін үй­рету шаралары бар. Тәрбие жұмыстары да қа­растырылған. Ал демалыс күндеріне ар­найы жоспар бекітілген. 

Сарбаздар мөлшермен тамақтанады

Сенбі, жексенбі күндері кешкі сағат 17.00 мен 18.00 дейінгі аралықта ұя­лы телефонмен сөйлесуге уақыт беріледі. Одан бөлек, взвод командирлері сарбаз­дар­дың ата-аналарымен арнайы WhatsApp же­лі­сінде чат ашып қойған. Егер демалыс күн­дері ата-анасы, туысы келетінін хабар­ласа, оған уақыт бөлінеді. Карантин сынды шектеу шаралары болмаса, оларды сыртқа сейілге жіберуге де мүмкіндік қарастыры­лып­­ты. Мұнда ата-ана мен баласының қауы­шу, кездесу бөлмесі бар. «Иә, ата-ана­лар балаларына тәттілер әкеліп жатады. Бірақ оған рұқсат берілмейді. Себебі біз олар­дың асқазанын күнделікті ас-ауқат мөл­шеріне үйретіп жатырмыз», – дейді ка­пи­тан. 

Асханаға күн сайын бір әскери қызмет­ші арнайы кезекшілікке тұрады. Ол мұнда­ғы тазалықты, тағам мөлшерін, сарбаздар­дың келетін уақытын реттеп бақылап, үй­лес­тіріп тұрады. Ал сарбаздардың күнделікті ас-ауқаты құндылығы ағзаға пайдалы, ка­лориясы жоғары тағамдармен бекітілген. Барлығы да мөлшермен беріледі. 

Әскери қалашықта монша, спортзал, жаттығу алаңдары қарастырылған. Ме­ханизмді бригада болғандықтан, мұнда техниканың барлық түрі кездеседі. Ұрыста жүру машинасы, танктер, жүк көліктері, зең­бірек түрлерінің барлығы да әскери тех­никаны сақтайтын паркке қойылған. 

Мұнда жас сарбаздардан бөлек әскер қатарына қабылданғанына 6 ай болғандар да бар. Бірақ олардың жатын орны бөлек ка­зармада. «Біз жаңадан келгендер мен бұ­­рынғыларды мүлдем қоспаймыз. Тіпті, ас­ханаға бару уақытының арасына да үзіліс қойылған. Бұрынғы сарбаздар мотоат­қыш­тар батальонында. Қазір өз роталарында вз­вод­тарына бөлініп, жауынгерлік дайын­дық үстінде. Дәл қазір материалдық базаны қысқы кезеңнен жазғы кезеңге ауыстырып жатыр. Әр взводтың өзіне бекітілген рөлі бар. Сол лауазымдары бойынша сабағын өтеді», – деп атап өтті Әли Айдынұлы. Әс­кери бөлімде 6 батальон бар. Мотоатқыштар батальоны, артиллериялық дивизионы, зе­ниттік және штабтық, материалды қамта­ма­сыз ету батальондарына бөлінген.

Біз сарбаздарға 1 жыл көлемінде ба­рын­ша әскерге керекті дүниелерді үйре­те­міз. Әскери жаттығулардан бөлек психи­ка­лық, идеологиялық тұрғыда сабақтар өтіп, пат­риоттық сезімін оятып, физикалық жә­не моральдық тұрғыда дайын сарбаз етіп жі­береміз», – дейді тағы бірде штаб бас­тығы. 

Осылайша, әскери гарнизонның жауын­­герлік дайындығын, оқу корпусы мен жатын орнын көріп, әскер өміріне қа­нық­тық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етер айбынды әскеріміздің барына мар­қайып қайттық. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы,

Назгүл НАЗАРБЕК (фото)