Матростарды мақтанышпен қарсы алды

Астананың теміржол вокзалында Әскери-теңіз күштері қатарында мер­зімді қызметін өтеген 45 матросты Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери ор­кестрінің сүйемелдеуімен жұртшылық зор құрметпен күтіп алды. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және әскери қызметтің имиджін арттыруды мақ­сат еткен шараның өтуіне Астана қаласы әкімдігі мен Астана қаласы қор­ғаныс істері департаменті ұйытқы болды.

Матростарды мақтанышпен қар­сы алғандардың қатарында Астана қаласы қор­ғаныс істері департаменті  мен қалалық әкімдік өкілдері, Қарулы Күш­тер­дің және Ауған соғысы арда­гер­лері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоз­ға­лысы тәрбиеленушілері, сон­дай-ақ матростардың ата-аналары қатысты. 

Осыдан тура бір жыл бұрын елордадағы Жас­тар сарайында Әскери теңіз-күш­те­ріне баратын жастар үлкендердің ақ бата­сын алып әскерге аттанған еді. Енді, міне көз­ді ашып-жұмғанша бір жыл уақыт зыр­ғып өтіпті. Әскери-патриоттық шы­ға­рып салу рәсімін ұйымдастырудың маңы­зы зор. Бұл тек әскерге баратын жас­­­тардың ерік-жігерін жанымайды. Мұн­дай тәрбиелік мәні бар игі іске куә бол­ғандардың да көңілін толқытып, зор жауап­кершілікті қуанышпен қабылдауына сеп­тігін тигізеді. Мәселен, сарбаздарды шы­ғарып салуға келген 720 оқушы ертеңгі күні ел мен жерді қорғап сарбаз атанады. Ал­дыңғы толқын ағалар атқарған абырой­лы міндетінен кейінгі толқын інілері өне­ге алса, «ел қорғаны» деген қасиетті сөз­дің қадірін білуді қанына сіңіріп өсері хақ. Сондықтан олардың әскерден орал­уын да салтанатты түрде қарсы алудың өзіндік мәні бар. Мәселен, үйіне қайтқан сарбазды қарсы алушылардың ақжолтай тілегі мен ақ батасы көпшілікті ойлантып, бойында мақтаныш сезімін тудырмақ. 

Осылай деген «Қарулы күштердің ар­дагерлері» Республикалық қоғамдық бір­лестігі төрағасының орынбасары, отстав­ка­дағы генерал-майор Марат Нағұманов туыс-туғанның ортасына оралған теңіз­ші­лерді құттықтап, азаматтық өмірге бейім­­деліп, болашағына дұрыс бағдар жа­сай білуіне тілектестік білдірді. Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие жә­не идеологиялық жұмыстар жөніндегі орын­басары, полковник Жұмабек Хасе­нов те «әскер» атты өмір мектебінен өткен матростардың барлығын Отан қорғау жолындағы абыройлы міндетін атқарып келуімен құттықтады. «Әскерге барған әр сарбаз шыңдалып, шынығып келді. Ола­р­дың бәрі әртүрлі қару-жарақтан атуды үй­ренді. Жауынгерлік кемелердің жоры­ғына қатысып, Әзербайжан, Иран, Ресей порттарында, нақты әскери кемелердің бор­тында болды. Бүгінде теңізшілер ғана емес, әскери-теңіз күштерінің кеңеюін көр­сететін десанттық-шабуылдау бата­льо­­ны­ның сарбаздары да бар. Өйткені бұл – Кас­пий маңы өңіріндегі егемендігіміздің ке­пілі», – деді ол. 

Мерзімді әскери міндетін өтеп келген за­пастағы матрос Айболат Аманкелді бо­ла­шақта әскери сала бойынша білімін шыңдап, Отан қорғау жолындағы міндетін жал­ғастыруды жоспарлап отыр. «Әскери тәр­тіпке бейімделіп, төзімді болуды үй­рен­дік. Көптеген дос таптым. Әскер жас­тар­ға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Келі­сім­шарт бойынша қызметті жалғастыруға немесе ҰБТ тапсырмай жоғары білім алу­ға болады. Әркімнің жүрек қалауы ше­шеді», – дейді ол.

Матрос Мұхаметжан Жанахметов те «Қыз­мет алдында қорқыныш болды, бір­ақ уақыты келгенде қорқатын ешнәрсе жоқ екенін білдік» деп отыр. Көп нәрсені үй­ретіп, үйден жырақта жүріп жақынның қа­дірін сезіндірген сарбаз өмірі туралы жет­кізген ол: «Бұрын білмеген қару асы­нып, өзімді сарбаз ретінде сезіну, тіпті әс­ке­ри кемеге бару – қызықты әрі тәжіри­бе­ге бай кезең болды. Өмірімде осындай ке­зең болғанына қуанамын», – дейді. Әс­кер өмірден өз жолын табуына және бар­ды бағалауды үйреткенін айтқан мат­рос Мақсат Досбаев болса бір жылдың өзін­де алдағы арман-мақсатын айқындап, ары қарай қандай таңдау жасау керек еке­нін бағамдап келгенге ұқсайды. Сондай-ақ ол берері мол, көкейге түйдіргені көп Әс­кери теңіз күштеріндегі десанттық ша­буыл­даушы батальон құрамына алғы­сын білдірді. 

Білектің күші, найзаның ұшы, қы­лыш­­тың жүзімен қорғап келе жатқан кең-байтақ жердің әр тасын сақтап, ел қор­ғау ісіне ерекше мақтанышпен кірісуге ке­лешек ұрпақты үндейтін шараның тәр­биелік маңызы осында жатыр. Сарбаз ата­нып, әскерге барған әрбір матростың бойын мақтаныш сезім кернесе, олардың әр сөзіне елітіп өскен ертеңгі ұрпақтың да ру­хы мықты, еңсесі биік болары анық. 

Ж. АСҚАРБЕК