Елдің сенімді қорғаны

Депутаттардың бірі әскери са­ла­ға қатысы жоқ «диван сарапшы­ларын» жаппай сапқа тұрғызып, Отан алдын­дағы міндетін атқаруға жіберу тура­лы сауал тастаған еді. Өйткені қазір екінің бірі әскердің әлеуметтік жағ­дайынан бастап қорғанысымыздың қуаты туралы талдау жасауға құмар­тып алды.

 Бір қызығы, қоғамдағы әскери салаға қатысты теріс пікір қалыптастырып отырғандардың көбі әскери боры­шын өтемегендер екен. Шынды­ғын­да, көптің айтқанын құп көретіндер кабинетте отырып-ақ сарбаз дайын­дығы жайлы жазба­лар­дың аражігін ажыратып жатпай­ды. Алайда егемен еліміздің сенімді қалқаны болар қуатты армиямыздың әлеуетін көз­бен көрмей, әскери­лердің дайын­дығы туралы дәлелсіз дүние айту – қате тұжырым болар еді. 

Бұл сөзіміздің ақиқатына көз жеткізу үшін армияның аурасын сезініп, әскери­лердің күнделікті оқу-жаттығуына куә бо­латын шараға қатысуды құп көрдік. Жастарды әскери патриоттық рухта тәрбиелеу және әскери қызметтің оң беделін одан әрі көтеру мақсатында ұйымдастырылған «Қуатты армия – еліміздің сенімді қалқаны: Қарулы Күш­тер­дің құрылғанына – 31 жыл» атты шарада журналистер сарбаз асханасынан дәм татып, оқу-жаттығуларына куә бол­дық. Атыс қаруларынан бастап, соғыс тех­никаларына саяхат жасап, әскери кө­лік­тердің соғыс жағдайына дайындығына көз жеткіздік. Елорда іргесіндегі Қорғаныс министрлігіне қарасты 68665 – Десанттық-шабуылдаушы бригаданың әскери бөлімінің өткізу бекетінен басталатын темірдей тәртіп әрбір казарманың есігінде де бұлжытпай орындалуы керек. Сондық­тан да болар бұл бригаданың сарбазы атану – әрбір дархан далаға қалқан болар айбынды жігіттің арманы. Әскери бөлімге саяхатымыз десантшы сарбаздардың киім үлгісін таныстырудан басталды. Бөлім командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подпол­ковник Талғат Құлмановтың айтуынша, құрлық әскерлерінің бірнеше киім үлгісі бар. Оның ішінде Қорғаныс күштері, әуеге қарсы қорғаныс күштері мен әскери теңіз күштерінің киім үлгілері көрсетілген. Әскери қызметшілердің күнделікті киім үлгісінен бөлек, десанттық-шабуылдаушы әскерлердің күнделікті және парадтық киім үлгісі, Құрмет қарауылы ротасының да формасы бар. Далалық киімге әскери қызметшілердің полигонда оқу-жаттығу кезінде киюге арналған киімі кіреді. Мергендердің киімдеріндегі погон мен өзіндік таңбасы әртүрлі, сондай-ақ олар жер бедерінің түсіне ұқсатып тігіледі.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері бөлімшедегі атыс қарулары мен соғыс жағдайында қолданылатын бірқатар техникалармен танысты. Олардың ішінде әрбір офицердің жеке қаруы саналатын 9 миллиметрлі Макаров тапаншасы,  Қарулы Күштердің арнайы мақсаттағы бөлімшелердегі сар­баз, сержант, офицерлердің 9 миллиметрлі дыбыссыз және отсыз тапаншасы, 5,45 миллиметрлі Калашников автоматы бар. Сондай-ақ 5,45 миллиметрлі Калашников авто­матының модернизацияланған нұс­қасы да таныстырылды. Оның артықшы­лығы сол, модернизацияланған қаруға көздеуіш немесе лазерлік құралдарды орнатуға болады екен. Одан бөлек, пайда болушы немесе жылжымалы нысандарды жоюға арналған. 7,62 миллиметрлі мергендердің негізгі қаруы – Драгунов мерген винтовкасы, 7,62 миллиметрлі Калашников оқшашары және 40 мм РПГ-7 танкке қарсы граната атқышты да көзіміз шалды. Бұл сауытты танктарға қарсы, артиллериялық қондырғы және бронды атыс нысандарын жоюға арналған. Ал радиациялық, химиялық және био­логиялық барлауға арналған Telerob 1000 метр қашықтықтан басқарылады және жылдың 4 мезгілінде де барлау жасайды. Үш камерамен жабдықталған телеробот кешенінде 3 құрылғы орналастырылған. Құрылғының көмегімен радиацияның мөлшерін есептейтін мүмкіндік бар. Өте қауіпті аймақтарда 4 әскери қызметшінің міндетін бір ғана құрылғы атқара алады. Германияда жасалған техника елімізде был­тырдан бастап тәжірибе жүзінде қол­да­нып келеді. Бүгінде мұндай құрылғының Қазақстан бойынша екі данасы ғана бар. Біреуі Қонаев қаласындағы әскери бөлімде болса, екіншісі – осы. Айтпақшы, жылдамдығы 4.5 шақырым/сағат жүретін техниканың салмағы 66 келіні тартады. 

Журналистердің назарына ұсынылған соғыс қаруларының арасында отандық өнімдердің де қарасын көзіміз шалды. Сондай-ақ әскерилердің оқу-жаттығу­ларын тамашалап, ауыр техникалардың мүмкіндігін сынаған көріністің куәсі болдық. 

Қазір әскери бөлімде 400-ге жуық сарбаз мерзімді әскери міндетін орындап жатыр. Олар әуе десантшысы атану үшін ал­дымен парашюттен секіру үшін кем дегенде алты ай арнайы техникалық жат­тығудан өтуі тиіс. Жартыжылдық дайын­дықтан соң десанттар 850 метр биіктіктен секірсе, кейін оның биіктігі арта береді. Сол күні қонақтар былтыр күзде ғана мер­зімді әскери міндетін өтеуге келген 18-23 жас аралығындағы десантшы сарбаз­дар­дың дайындық техникасын тамашалады. 

Талғат Құлмановтың сөзінше, әскери қызметшілердің әр күні әр сағатына дейін есептелген. Парашютпен секіруге, инже­нерлік дайындық, мина іздеу дағдыларын меңгеру игеру мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс, саптық даярлық бойынша оқыту да кешенді түрде жүреді. Сонымен бірге әскери бөлімнің құрамында десант­шылар ғана емес, танкшілер, инженерлік-саперлік рота, байланыс ротасы мен Құр­метті қарауыл ротасы, арнайы мақсаттағы «Қалқан» батальонының жауынгерлері қызмет етеді. Сондықтан арнайы мақ­саттағы бригада саналатын бұл бөлімді әскери қызметшілер мен заманауи тех­ника­лық жабдықтармен толық қам­та­ма­сыз етуге баса назар аударылады. Осылай деген бөлім командирінің орын­басары: «Әскери қызметшілер бекітілген бағдар­лама бойынша дайындықтан өтеді. Біздің әскери бөлім алты айлық бағдарла­маға көшті. Алдымен әскери қызметшінің жеке дайындығына, содан кейін бөлімше, взвод, рота, батальон, ең соңында бригада құрамындағы дайындыққа назар аудары­ла­ды. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаз­дарды даярлау кезек-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, жүгіру қашықтығын біртіндеп арттыру, парашютпен секіртуге арналған жарты жылдық бағдарлама. Одан кейін сол бойынша аралық қорытынды шыға­рып, ары қарай тағы да сол бағдарлама бойынша қайтадан дайындалады. Жыл соңында қорытынды шығарып, коман­далық-штабтық оқу-жаттығу өткізумен аяқталады», – дейді. 

Сондай-ақ әскери бөлімде ерлермен иық тірестіріп қызмет етіп жүрген әйелдер де бар. Олар негізінен байланыс тора­бында, радиотелефонист, психолог болып істейді. Бірақ олар да ерлермен бірге жалпы дайындықтан өтуі міндеттеледі.

Кинологиялық бөлімде қызмет ететін «Эмба» атты он жасар неміс овчаркасы бар. Қызметіне адал жануар 2018 жылы жалпы үйрету курсы мен мина іздеу бойынша жарыста топ жарып, бас жүлде алыпты. Мина іздеуге үйретілген епті ит қазақ және орыс тілдерінде берілген бұйрықты бұлжытпай орындайды екен. Оқу-жаттығу кезінде ептілігін көрсеткен Эмба жарылғыш минаны тез тауып, жи­нал­ғандарды тәнті ентті. Қазір бригадада Эмба секілді тағы екі ит дайындалып жатыр. Оның біреуі – белгиялық иісшіл ит. Оның артықшылығы неміс овчар­касынан қарағанда жұмысты екі есе тез істейді. Мәселен, неміс иті минаны 3 ми­нутта тапса, белгиялық овчаркаға қауіпті затты табуға 1 жарым минут жеткілікті. Кинологтың сөзінше, мина іздегіш иттерді үш айдан бастап дайындау керек. Одан уақыты асып кетсе, кеш болады. Сондықтан бөлімге иісшіл иттер күшік кезінде алынады. 

Бұдан соң қонақтарды қарсы алған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов журналистермен бірге алдағы бөлімдегі жаңа казарманың тұсауын кесті. Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтаған ол кәсіби мереке қарсаңында мерзімді қызмет сарбаздарының тұрмы­сымен таныстыруды жөн көріпті. Жақын­да ғана 200 миллион теңгеге 120 адамдық жеке құрам казармасының жөндеу жұмыс­тары аяқталған болатын. Мерзімді қыз­меттегі әскери қызметшілер үшін мұнда бар­лық қажетті жағдайлар жасалған. Ғимарат бейнебақылау камераларымен жабдықталып, олар мониторинг сыны­бында, оқу аудиторияларында және бөлім аумағында орнатылған. Министрдің орынбасары алдағы мерекелер әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, аға буын­ның ерлігі мен батырлығының үлгісімен байланысты екенін атап өтті.

– Бүгінде Қарулы күштер оқу-жауынгерлік міндеттерді орындап қана қоймай, бірлікті сақтауда және қоғамды патриотизмге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Жоғарғы Бас қолбасшының армияның жауынгерлік қабілетін нығайту, техника паркін жаңарту, әскерлердің ұтқырлығын, оның ішінде әскери-көліктік авиация мүмкіндіктерін арттыру жөніндегі тапсырмалары іске асырылуда, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Бұдан соң Әскери бөлімнің басшылығы қонақтарға ашық аспан астындағы музейді тамашалауға мүмкіндік берді. Әскери қалашықта 2005 жылы ашылған әскери тех­никалар мен ұшақтар орналасқан му­зейде 123 атыс техникасы бар. Оның ішін­де 61 артиллерия қондырғысы,13 авиация және 17 бронды танк қару-жарақтарын көруге болады. Музей 4 қатардан тұрады: танк қару-жарақтары. артиллерия қару-жарақтары, авиация мен ракета және соңғы қатарда инженерлік және химиялық арнайы техникалар орналасқан. Техника­лардың ішіндегі ең ескісі 1910 жылы шы­ғарылса, жаңасы 1980 жылы қолданысқа берілген.

Шара соңында журналистер сарбаздар­дың түскі асынан дәм татты. Себебі сап­тағы сарбаздың тойып тамақ жеп, алаңсыз қызмет етуі маңызды. Әскердің әлеуметтік жағдайы толығымен қамтылып, техникасы сақадай сай болған елдің қорғаныс саласы қуатты, сарбазы кез келген сәтте сақадай сай болары хақ. 

Жадыра МҮСІЛІМ