Артында жыры қалған Жақсыбай ата

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс­тың аяқталғанына 78 жыл толады. Халқы­мыздың тарихында ауыр зұлмат болып қа­л­ған осынау сұм соғыс қаншама боз­дақты жалмады. Қаншама асыл азамат­тың дидарын топыраққа жасырды.

Олар­дың бірінің артында аңырап әке-шешесі, улап-шулап бала-шағасы қалды. Енді бірінің артында жары қалса, енді бірінің артында жыры қалды...

Сондай боздақтың бірі – Жақсыбай Кенжебаев. Шамамен 1919 жылы дүниеге келген ол бала жастан өлең-жырға жақын болып өскен екен. Түрікменстан Республи­касы Чаржау қаласындағы мұғалімдер дайындайтын Педа­гоги­калық училищені бітірген соң енді үйленейін деп жүргенінде 1939 жылы армияға алынады. Украинаның Запорожье қаласында әскери борышын атқарған. «Армия күзде бітеді, елге қайта­мын» деп жүргенінде сол жылы жазда со­ғыс басталып кетеді. Содан нағыз майдан ше­біндегі әскери құрылымдар қорғанысқа жұмыл­дырылған екен. Осылайша, 1941 жылдың аяғында ол Украина майданында қала берген.

Жақсыбай ата ауылға хат жазғанда өлең­мен жазады екен. Хатының көбін ті­келей інісі Бай­шаханға (шын аты Бай­мұқан) жолдап отырған. Оны ауылда мал бағып жүрген інісі төс қалта­сында сақтап жүріпті. Бірақ, өкінішке қарай, бір­де мал суарып жүргенінде құдықтан қауғаны еңкейіп тартып жатқанында қалтасындағы бүкіл қағаз-құжаты шымырауға түсіп кеткен. Бұл со­ғыс бітіп, ағасынан хабар-ошар жоқ, хат та, қара қағаз да келмей қалған кез болса керек. Содан ағасының көзіндей болған хаттардан айырылып қалған інісі біраз уақыт өкініп жүріпті. Есінде қалған өлең шумақтарын шамасы келгенше қағазға түсірген. Сол өлең жолдарын бүгінде Байшахан атаның ұрпақтары домбырамен жыр етіп айтып жүр.

Байшахан атам қазір бұл өмірде жоқ. Осыдан 21 жыл бұрын 76 жасында өмірден өтті. Мен жастайымнан домбыраға үйір болып өстім. Жыр-термелерді көп айтамын. Осы талабымды қуана қолдаған атам көзі тірісінде Жақсыбай атамыздың бір хатын маған өз қолымен жазып беріп, терме етіп айтып жүр деп аманаттап кет­кен еді. Соны түрлі отырыста тарихын баяндап, домбыраға қосып айтып жүрмін. Жақсыбай атамыз жастайынан қыршын кетті ғой. Артында ұрпақ та қалмады. Үйленеріне екі-үш апта қал­ғанда армияға алынған екен. Содан біржолата оралмады. Соңғы жазған хатында «Украинаның Запорожье қаласында әскери госпитальда жа­тыр­мын» деп айттыпты. Қарасаң, өкінішті тағ­дыр. Бірақ Алланың қалауына шара не?!», – дейді Нұрғали Байшаханнемересі.

Кенжебай әулеті – Маңғыстау өңірінің ту­малары. Тұқымымен өлең-жырға, мұғалімдікке, жазу-сызуға, есеп-қисапқа, домбыраға жақын. Мәселен, Кенжебайдың бір ұлы Жөнеубай Маңғыстауға белгілі руы Шалбар (Мәмбетқұл) Дауыл болыстың адъютанты болған. Ал біз сөз етіп отырған Жақсыбай ата осы Жөнеубай атаның төрт ұлының кенжесі. Осы жолдардың авторы Жөнеубай атаның үлкен ұлы Оразғалидың шөбересі. Қалған екі ұлы – Наурыз бен Жаңабай. Ол екеуі де майданда болған. Наурыз атамыз басынан жарақат алып, елге оралған. Ал Жаңа­бай атамыздың әуелгіде соғысқа бармауға броны болыпты. Шамасы, жергілікті ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарғанының арқасы болса керек. Бірақ жағдай қиындаған тұста 1943 жылы оны да майданға алып кеткен. Ол кісі содан оралмады. Бірақ артында ұрпақ бар. Осы ағалы-інілі екі майдангер Жаңабай Жөнеубаев пен Жақсыбай Кенжебаевтың есімі бүгінде Түрікменстан Республикасы Красно­водск ауданының орталығы Жаңға ауылындағы «Ер есімі ел есінде» атты мәрмәр тасты ескерт­кіш-обелискіде қаза болған майдангерлер тізі­мінде «хабар-ошарсыз кетті» деп қашалып жазулы тұр. Жергілікті жұрт «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні» ме­рекесі сайын боздақтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.

«Біздің аталарымыздың тарихында Түрік­менс­­танның көп айтылатын себебі, ол замандар­да жұрт көшпелі өмір салтын ұстанған. Мысалы, күн суытқан күз айлары басталысымен олар Тү­рікменстанның табиғаты жылы Шағадам қа­ласына, Жантақтың ойына қарай көшіп, қыс бойы сол жақты жайлайтын болған. Ал наурыз айы басталысымен Сайөтестің маңындағы Ешкіқырған, Қыземшек деген жерлерді мизам­түйнекке дейін қоныстанған. Ал 1930 жылдары қуғын-сүргіннің басы басталғанда бірте-бірте сол жаққа қарай ойыса берген екен. Содан Ащыорпа, Қарабұғаз, Қошаба, Сүлмен деген жерлерді қо­ныс етіп қалып қойған. Тек тәуелсіз­дік алғаннан кейін олардың ұрпақтары біз Қазақстанға қайта оралдық», – дейді Дабыл Наурызов.

Жөнеубай ата ұрпақтарының ендігі бір арманы – хабар-ошарсыз кеткен Жақсыбай атаның қандай да болмасын мәліметін іздеу. Сол үшін де «AMANAT» партиясының «Атамның аманаты» жобасына хабарласпақ ниетте. Әзірге қолда бар мәлімет – атаның «Амандық хат» өлеңі. Иә, осылайша бір адамның тағдырын айту арқылы бір әулеттің, тіпті бір халықтың тағ­дырын баян еттік. Енді назарларыңызға атамның жырын ұсынайын. Қыршын кеткен жас боз­дақтардың руһы осынау мейрамды күнде бір аунап түсіп жатқан болар. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын! 

 

Амандық хат

Амандық сәлем жолдайын.

Сөзден де қиын таба алмай

Бір сағаттай қиналдым.

Қиынын сөздің табуға

Тіл менен жақты қинадым.

 

Айырған соң ауылдан

Бұрынғыдай болмадық.

Елден де хабар ала алмай

Көңілге қайғы орандық.

 

41-ші жылдың аяғы

Армияға алындық.

Төгілген қанды көргенде

Шыбын да жанның тілегін

Құдайдан сұрап жалындық. 

 

Ұйықтап жатсам түсімде,

Атам да келіп қасыма:

«Айналайын, қарағым!

Басыңды көтер, ұйқыңды аш,

Ұйқы – дұшпан, аулақ қаш.

Қорықпа көрген бұл істен.

Қуанарсың кешікпей,

Барарсың аман жеріңе,

Қосыларсың еліңе», –

Деді де атам жоқ болды.

Атамның айтқан анық сөз

Көңіліме менің тоқ болды.

 

Мен орысша оқымай,

Елде жүріп далаңдап.

Кілең орыс ішінде

Жүрмін жалғыз қараңдап.

5-6 ауыз сөзбенен

Сөйлесемін амалдап.

Жазым да болып оқ тисе,

Қаламын қайда алаңдап.

 

Жүргенде жолдас сағынып,

Бір құдайға жалынып,

Жаңа таптым бір жолдас.

Фамилиясы Өтешов.

Жас та бір болса нар екен,

Адамдығы бар екен,

Сұрастырып қарасам,

Біздің де елмен қатарлас

Қазаншықтан бар екен.

Жақсы бір болса жолдасың,

Қабағыңды ашарсың.

Ішіңдегі қайғыны,

Әңгімеменен басарсың.

Жаман бір болса жолдасың,

Өз-өзіңнен қашарсың.

 

Сөйлей көр тіл мен көмейім,

Жағымды қайрап безейін.

Айтылмаған сөздер көп,

Қайсысы бірін терейін.

Бұл соғысты бітіріп,

Аяқтағы тұсаудың

Ағытайын тиегін.

Шыныменен тілесе,

Мұсылманның ұлына

Бермей ме екен тілегін.

18 мың ғаламды

Жаратқан жалғыз құдай-ай!

Тіл тигізу құдайға

Пендесіне ұнай ма?

Қиыншылық бұл жерде

Адамзатқа ұнай ма?

Қиын да болса, қайтейік?!

Қиналады шыбын жан,

Төгіліп те жатыр қызыл қан.

Үлкен де аға, кіші іні,

Қатар да құрбы тең қайда?

Ойнап та күліп жүретін

Бұрынғыдай күн қайда?

Аман да болсақ барармыз

Туған да елім ауылға,

Бірге жүрген бауырға.

Сағынған шығар осы күн

Сүйген де жарым Ару да.

***

Ойласам ой түбіне жете алмаймын,

Ойымды өзім билеп кете алмаймын,

Егер мен алдағыны білсем болжап,

Кетер ем өз ойымды өзім билеп.

Талабым таудан биік, судан терең!

Соңынан талабымның ере берем,

Талабым ескілікте еске түссе,

Қызығын жас өмірдің қашан көрем!

Жақсыбай КЕНЖЕБАЕВ,

1941-1942 жылдар

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ