Өткен ғұмыр

2005 жылы мамырда «Айқын» га­зетінде Жеңіс күніне арналған мере­келік нөмірге арнап мақала жазуға тапсырма алдық. Оқиғасы ерекше, та­ғылымдық-тәрбиелік тұрғыда бо­луы керек екені міндеттелген еді.

Со­ның алдында Ақсу ауданында іс­сапарда болғанымда аудан орталығы Жансүгіров ауылында 1939 жылы күз­де соғысқа аттанған жарын май­данға жөнелтіп тұрып, өз қолымен пі­сірген ыстық күлшенің шетін тісте­тіп алып қалған кейуананың тұраты­нын естіген едім.

Қазақта алыс әрі қауіпті сапарға аттан­ған жанға шетінен тістетіп алып қалған нан бүлінбей, көгермей сақталса, ол адам тірі, «түбі оралады» деп ырымдайды екен. Сол туралы жазуға бел буып, Ақсуға барып, сол кезде тоқсаннан асқан апаға жолықтым. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кет­пейді» дегендей, Мәдина әженің жас кезінде ажарлы, сымбатты болғаны бірден байқалып тұрды. Сұңғақ бойын әлі тік ұстайды екен. Киген киімі де жасына сай, жарасымды. Артық ештеңе жоқ. Үстіне қыл жұқтырмайтын кірпияздығы да сезіледі. Әңгімесі де ұғынықты. Жадының мықтылығы сондай, кейбір оқиғаларды мерзіміне дейін айтып отырды. Іздеп келгенімізге риза болып, дастарқаннан дәм татырып, батасын беріп, шығарып салды. Ақ орамалға оралған, өзі және отбасы үшін аса қастерлі күлшені де көрсетті. Жан жарын қан майданға аттандарып салғалы бері 66 жыл өтсе де, оның бір жерде тірі жүргеніне сондай сенімді болатын. 

Хакімжан Хұсайынұлы 1909 жылы Ақсу ауданының Ақсу ауылында туады. Еңбек жолын он жеті жасында ревизор болып бастап, одан кейін теміржолда, колхозда бри­гадир болып істеген. 1930 жылы аудан­дық комсомол комитетіне қызметке қа­был­данған. 1931 жылы жұмысшы-шаруа қызыл армиясы қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышын өтеген. Одан кейін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Халық комиссарлары кеңесінің бірлескен мемлекеттік саяси басқармасына қызметке алынған. Осында Кеген, Нарын­қол, Жаркент аймақтарында міндетін атқарған. 

«Хакімжан екеуміз 1931 жылы шаңырақ көтердік. Жарымның қызмет бабымен Жетісу жерінің біраз ауданының дәмін таттым. Жұмыстан келгеннен кейін екеу­міз қолтықтасып көшеге шыққанда бүкіл ауыл­дың халқы бізге таңдана қарап, сыр­тымыздан сүйсінетін. Жастардың барлығы біздерге ұқсағысы келетін. Ол сондай сымбатты, күш-қайраты тасып тұрған, көзінде от ойнайтын жігерлі, жігіттің сұл­таны еді. Әскери киім өзіне керемет жара­сатын. Ішкі істер халық комиссариатында істейтін. Мергендігімен де көзге түсіп, «Ворошилов атқышы» белгісімен мара­патталған. Талай сыннан сүрінбей өткен, әскери және ішкі істер саласын жетік білетін мықты офицер болғандықтан, 1939 жылы күзде Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы қарулы қақтығыстары бастала салысымен алғашқы лекпен майданға аттанды. Финляндия мен Кеңестер Одағы арасындағы соғысқа қатысты. Одан кейін неміс фашистеріне қарсы шайқасты. 1942 жылы жазда атақты Сталинград шайқасы кезінде хабар-ошарсыз кетті. Сол 1939 жылы күзде өз қолыммен пісірген тоқаш­тың шетінен тістетіп, қалғанын аман кел­геннен кейін тауысасың деп ақ орамалға орап алып қалған едім. Тоқаштың қалған бөлігі бүлінбестен, көгерместен кеуіп, әлі күнге сол қалпында сақталып тұр. Соған қарағанда Хакімжан тірі. Жараланып, тұтқынға түсті ме деп ойлаймын. Соғыс біткенде басқа елдің әскерлері босатқан тұтқындардың көбі елге қайта оралудан қорқып, батыста қалып қойды ғой. Өзі де НКВО-да істегендіктен, тұтқындағыларға аяушылық болмайтынын жақсы білетін ол ретін тауып, сол жақта қалып қойды ма деп те болжаймын. Мүмкін, ауыр жарақатта­нып, кім екенін ұмытып қалды ма деп уайым­­даймын. Әйтеуір, аман жүрсе бол­ды-дағы. Мен оған ғұмыр бойы адал бол­дым. Артында қалған балаларын жеткіздім, ұрпағын өсіріп отырмын, түтінін өшіргенім жоқ» деген еді сол жолы. 

Өкінішке қарай, 1912 жылы 15 қыр­күйек­те Қапал ауылында туған Мәдина Сұлтанқызы 2005 жылы желтоқсанда қайтыс болды. Көкірегінде сарытап болып сақталған мәңгілік сағынышын, 70 жыл бойы үзілмей, алға жетелеген үкілі үмітін өзімен бірге алып кетті. 

Патша заманында уезд орталығы бол­ған Қапал ауылы өткен ғасырдың басында, 30-жылдарында да, одан бертіңгі кезең­дерде де Жетісу өңіріндегі ғана емес, Қа­зақстан­дағы іргелі елді мекен, аймақтық деңгейдегі мәдени және саяси орталықтың бірі болды. (Тек 1997 жылы бірнеше облыс тарқап, аудандар бір-біріне қосылғанда аудан орталығы мәртебесінен айырылып, содан бері бір кездегі дәрежесін жоғалтып, тозыңқырап кетті.) Сондықтан да болар, қазақ үшін қасіретті болған Кеңес Өкіме­тінің алғашқы кезеңінде, ойраны көп 30-жылдарында НКВД-нің, әскери комис­сариаттың, басқа да уәкілетті органдардың аймақтық басқармалары да осында ор­наласыпты. Ашаршылық, қуғын-сүргіннің кесірінен жетімдер көбейгенде құрылған балалар үйлерінің бірі де Қапалда болған. Жергілікті ішкі істер органында басшы­лықта болған Хәкімжан Қайыповтың қосағы сол 30-жылдарға лайықты білімі бар Мәдина Сұлтанқызы сондағы балалар үйінде директор міндетін атқарады. Мәдениет үйінің директоры болады. Ота­ғасын қатарластарымен бірге қан майданға аттандырғаннан кейін де қарап отырмай, өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды жалғастырып, білім, мәдениет саласында зейнетке шыққанша еңбек етеді. Соғыс жылдарында ауылдастарымен бірге жеңісті жақындатуға барын салып, колхоздың ауыр жұмысына да жегіледі. Таңға дейін майданға жылы киімдер дайындап, байпақ пен қолғап тоқыған, пима басқан, өздері жарты құрсақ жүріп, әскерге азық-түлік қамдаған қиын кездерді жиі айтып оты­ратын дейді кейуананың көзін көргендер. Бес жылдан астам уақытқа созылған соғыс аяқталғаннан кейін тұралаған өндіріс пен ауыл шаруашылығын қайта өркендетуге де өзіндік үлесін қосады. Білімді адамдар тапшы кездерде өзіне жүктелген кез келген міндетті мінсіз атқарып, елдің алдынан көрінген. Содан да болар, бүкіл ғұмырында жерлестерінің сенімін иеленіп, айнала ортасының өзіне деген сый-құрметіне бөленіп өтті. 

«Әжеміз жас кезінде керемет сұлу, дег­дар болған деп ол кісімен замандас қа­палдықтар күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Атаммен отбасын құрғаннан соң қиын-қыстаулы кезеңде екеуі Іргелі ауданындағы зиялылардың алдыңғы қатарында жүреді. Мүмкіндіктерінше елге адал қызмет етеді. Оқыған, сымбатты, әскери тәртіпті де жақсы білген, жастығына қарамастан қандай міндет жүктелсе де мінсіз атқарып, қатарының алдынан көрінген әжеміз атамыздың аяулы жары ғана емес, сенімді серігі болғаны да анық. Отағасын майданға аттандырғанда да, қосағы хабарсыз кеткенде де жақсылықтан үмітін үзбеді, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпады. Ақыры сол сенімнің жетегімен жан жарын ғұмыр бойы күтті. Өзі өмірден өткенше үмітін үзген жоқ. Көз жұмғанша қосағының есімін жадынан шығармады. Шамасы бар кезде Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кез келген ақпаратты жібер­мей мұқият оқып, деректі фильмдерді үңіле қарап отыратын. Сондағысы атам туралы кішкене болса да хабар шығып қала ма, деректі фильмдерден таныс бейне көзге шалынып қала ма деген үміт қой. Кейде: «Әй, сол ана жақта қалып қойды-ау. Тым сымбатты еді, үйленіп те алған шығар» дейтін де, онысын өзі дереу жоққа шы­ғарып, «Ондай жалындап, жанып тұрған жанның хабар-ошарсыз кетуі еш мүмкін емес, бізге жете алмай арманда жүр-ау» деп қиналатын. Әжеміздің өмірі мен адалдығы, қайсарлығы мен қажырлылығы бізге ғана емес, ауылдастарға да өнеге болды. Елге тұтқа бола білген талай азамат арнайы іздеп келіп, жолығып, ақыл-кеңесін тыңдайтын. Әжеміз өзінің жағымды энергиясымен адамдардың жанын емдейтін десем, еш қателеспеймін. Құқық қорғау саласының ардагері Асқар Шайхин шаршаған, торық­қан сәттерінде арнайы келіп, әңгімелесіп, жанына таусылмас рухани азық алып қайтатын. Он-он бес минут болса да тө­сегіне қисайып, көз шырымын алатын. Кетерінде біразға жететін күш-қуат алдым деп алғысын жаудыратын. Азаматынан қалған аманатқа адалдықтан айнымай, балаларын өсіріп, жеткізді. Көзі тірісінде немерелерін аяқтандырып, шөберелерінің де қызығын көрді. Мүмкін, 93 жастан асып, қайтыс болғанша ешкімге ауырт­палы­ғын салмай, өз аяғымен жүріп-тұр­ғаны, ақыл-есін сол күйінде сақтай алғаны да сол таусылмас қуатының, атамызға деген аппақ махаб­батының, адамдарға адалдығының, айна­ласына тек жақсылық ой­лағанының арқасы шығар деп ойлай­мын», – дейді немересі Айжан. 

Болат АБАҒАН

Жетісу облысы