Сеулдегі жүздесу: контент – дәуір патшасы

23-28 сәуір аралы­ғында Оңтүстік Кореяда Дүниежүзілік журналис­тер конференциясы өтті. 2013 жылдан бері Корея­ның журналистер ассо­циациясының ұйымдас­тыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараға 48 елден 54 журналист қатысты.

Биыл 11 рет өткізіліп отырған жиынның тақырыбы – «Цифрлық трансформация дәуіріндегі көш­басшылық және аймақтық деңгей­дегі журналистика». Дүниежүзілік журналистер конференциясын жыл сайын Кореяның журналистер ассоциациясы ұйымдастырады. Бұл ұйымның 1964 жылы негізі қаланған, биыл 59 жылдығын тойлайды. Ассо­циацияның мерзімді басылым, ра­дио, телекоммуникация және ин­тернет-платформалар сияқты әр­түрлі салада қызмет ететін 203 ком­паниядан 11 мыңнан астам мү­шесі бар. Шара Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер, Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің қол­дауымен өтті. 

Корея журналистер ассоциа­циясының президенті Ким Дон Хунның айтуынша, COVID-19 пан­демиясының себебінен соңғы үш жылда аталмыш шара онлайн фор­матта өтті. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Журналистиканың дамуы мен болашағы», «Климаттың өзгеруі мен ондағы журналистиканың рөлі», «COVID-19 пандемиясынан кейінгі дәуірге дайындық» және тағы басқа тақырыптарды талқылаған. Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған журналистермен жүзбе-жүз кез­десудің сәті түсті. Конференцияның алғашқы күнінде екі тақырыпқа маңыз берілді – «Өңірлік дамудағы журналистиканың сын-қатерлері» және «Цифрлық трансформация дәуіріндегі көшбасшылық және журналистиканың болашағы». 

«Бұл екі тақырыпты талдау әрі шешімін ұсыну – біздің парызымыз. Ұлтымыз, нәсіліміз, жынысымыз бен идеямыз алуан түрлі болса да, шындықты, бостандық пен бейбіт­шілікті ту ететін журналистік мақ­сат-мүддеміз ортақ», – деді Корея журналистер ассоциациясының президенті Ким Дон Хун. 

Оның айтуынша, бүгінде ғылым мен технологияның жылдам дамып жатқаны соншалық, журналистика саласы бұл қарқыннан бір қадам ілгері болуы тиіс, олай болмаса орны толмас дағдарысқа тап болуы мүм­кін. Сондықтан дүниежүзіндегі кәсіби журналистер үнемі серіктес­тікте жұмыс істеп, ұдайы өзара тәжірибе алмасып отыруы керек. 

6 күнге созылған жиын бағдар­ламасына Сеул, Сувон, Пусан, Ин­чеон қалалары мен Кёнгидо про­вин­циясына, сондай-ақ Кореяның демилитаризацияланған аймағына пресс-тур жасау енгізілген.

Кореяның мерзімді басы­лымдар қорының төрағасы Пё Ван Судың айтуынша, атал­мыш конференция алғаш өткізілген жылдан бастап оған 100-ден астам елден мыңнан астам журналист қатысқан. 

«Аймақтық проблемалар­дың күн тәртібінде тал­қы­лануы оның журналистер назарына ие болуымен, бұ­қаралық ақпарат құралдарында жиі талқылануымен тікелей байланысты екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан ай­мақ­тың дамуы кезеңінде журналисти­ка­ның маңызы зор әрі бұл істе әлемдік журналистер өзара идея, тә­жірибе алмасуы және түрлі се­ріктестікке қол жеткізуі тиіс», – дейді Пё Ван Су.

Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чхве Ёнсам былтыр Камбоджада өткен АСЕАН саммитінде ел президенті Юн Сук Ёль жариялаған Оңтүстік Кореяның Үнді-Тынық мұхиты стратегиясы мен тұрақты және бейбіт, дамушы Үнді-Тынық мұхиты аймағының стратегиясына тоқталды. Оның айтуынша, осы бастамалардың аясында Корея Оң­түстік-Шығыс Азия елдерінің ассо­циациясына кіретін мемлекеттер­мен, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб аралындағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатпақ. 

«Өңірлік дамудағы журналис­тиканың сын-қатерлері» тақыры­бындағы алғашқы панельдік сессия­да әр елден келген журналистер өзінің кәсіби мансабындағы кедер­гілер мен жергілікті БАҚ-тың проб­лемалары туралы айтып, тәжіри­бесімен бөлісті. Бұл сессияны Чунг­нам ұлттық университетінің құр­метті профессоры Чо Сон Кюм жүргізді. Талқылауға Кванджу-Чоннам журналистер ассоциа­ция­сының президенті Маенг Дэ Хван, Bangkok Post репортері Порамет Тангсатхапорн, El País испандық күнделікті газетінің тілшісі Пабло Леон, Пусан қаласында корей тілін­де шығатын Busan Ilbo газетінің журналистері Ким Джун Ён және Ли Сан Бэ, Sierra Leone радио-кор­порациясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Мұхамед Асмиу Бах қатысты.

Порамет Тангсатхапорн билік, БАҚ меншігі, тұтынушылар мен нормативтік құжаттар ақпаратты орталықтандыруға айтарлықтай күш салынатындықтан, өңірді да­мытудың негізі болған жергілікті проблемалар көлеңкеде қалып отыр­ғанын айтады. Сонымен қатар репортер жергілікті жаңалықтар жариялау, өзекті тақырыптарды көтеру кезінде тай журналистері бет­пе-бет келетін қиындықтар туралы айтты. 

Тағы бір спикер Мұхамед Бах «бөлме ішіндегі үлкен піл» – би­ліктің БАҚ жұмысына саяси ара­ласуы мен жарнама бюджетін қыс­қарту мәселесін талдады. Ол өз елі­нің кейбір аудандарында әлеу­меттік медиа журналистердің қызметін іс жүзінде жойды деп есептейді. «Қазір кез келген адам смартфонға қол жеткізе алады және телефон иесі этикалық және кәсіби стандарттарға жүгінбестен кез кел­ген уақытта, қалаған жерінде сурет түсіріп, жазба жазуға дайын. Смарт­фон радиодан, теледидардан немесе газеттерден бұрын жаңалық тара­тады. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы қиындай түсті, мұндай жылдам ақпарат тіптен кәсібилікке қауіп төндіретін кезеңге жеттік», – дейді ол.

Бахтың айтуынша, Батыс Африкадағы көптеген елде бұқа­ралық ақпарат құралдары үздік кәсіби мамандарынан жоғалтып жатыр. Өйткені тәжірибелі редакторлар мен ардагер ТВ мамандар жергілікті БАҚ-тың болашағына күмән­мен қарап, мамандығын ауысты­рып үлгерген, басым бөлігі жала­қысы жоғары, болашағы жарқын қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі және тағы басқа салаға ауысып жатыр. 

«Цифрлық трансформация дә­уіріндегі көшбасшылық және жур­налистиканың болашағы» сессия­ның модераторы – Корея журна­листер ассоциациясының мүшесі Чон Мин Хо болды. Бұл талқылауға Корея, Қытай, Франция, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген са­рапшылар қатысты. БАӘ-дегі Gulf News порталының цифр­лық кон­тентті жоспарлау жөніндегі редак­торы Анупа Куриан Муршедтің айтуынша, кез келген брендті және оның көшбасшылығын қолдаудың жалғыз жолы – сапалы әрі сенімді контент. Сондай-ақ «Журналис­тикада, әсіресе цифрлық дәуірде көзқарас бірлігі қажет. Трендтерге, технологиялар мен заманауи құрал­дарға сәйкес келетін және бейім­делетін дәйекті, мазмұнды стратегия керек. Біздің табысқа жетуіміздің кілті – үздіксіз ойлау процесі. Бас­шыдан бастап қарапайым қыз­мет­керге дейін ой тастап, идея айтуда сараңдық танытпадық», – деді Ану­па Муршед.

Xinhua (Синьхуа) ақпараттық агенттігі бас редакторының орын­басары Чжоу Нин технологияның қарқынды дамуынан қорқудың қа­жеті жоқтығын алға тартады, өйткені контент – қай дәуірдің болмасын патшасы санала бермек. 

«Медиаландшафт, қоғамдық пікірдің экологиясы және комму­никация мақсаттары жаңа медиа мен технологияның ықпалынан ай­­тарлықтай өзгеріске ұшарады десек те, цифрлық трансформация дә­уіріндегі жаңа технологиялар ­құ­­ра­лы қалай құбылмасын, «кон­тент – патша» деген тұжырым еш өз­гер­мейді. Бар болғаны, журна­лис­тер ChatGPT сынды жасанды ин­теллект құрастырған ақпаратты місе тұтып отырмай, алғашқы дерек­көз­ден мәлімет алу үшін кез келген мә­селеге тереңдеу аса маңызды әрі белсенді зерттеулер жүргізіп, ви­зуалды, ақыл-ой және жазу машы­ғын үнемі жетілдіріп отыру қажет», – дейді ол. 

Конференцияда сондай-ақ фейк жаңалықтармен күрес, жарнама және табыс табудың балама үлгілері, жаңа технология мүмкіндіктері тақырыбында талқылаулар өтті. 

Айдана НҰРМҰХАН,

Оңтүстік Корея 

Сеул қаласы