Әулиеата инвесторларға есік ашты

Терең де тағылымды тарихымен танылған Жамбыл жері егін шаруашылығын дамытып, мал басын арттыруға таптырмас аймақ. Сондай-ақ өңірдің өрісін өндіріс ошақтары мен алпауыт кәсіпорындар да өркендетіп келеді. Химия өнеркәсібімен әлемге әйгілі Әулиеатаның инвестициялық әлеуеті де жоғары. Бұған «Zhambyl Economic and Investment Forum–2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында толықтай көз жетті.

Форум барысында Жамбыл облысы­ның инвестициялық мүмкіндіктері инвес­торларға кеңінен таныстырылып, ауыл шар­уашылығы бағыты, жаңғыратын энер­гия көздері, туризм, жер қойнауын тиімді пайдалану салалары бойынша ин­весторлар тарту үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді. 900-ге жуық шетелдік инвестор мен консулдық корпус өкілдері, еліміздің өзге облыстарынан келген кәсіпкерлер аймақтың инвестициялық тұрғыдан аса тартымды тұстарымен танысты. Мәселен, меймандар шараның алғашқы күні Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының мүм­кіндіктерін бағамдады. Онда қызығушы­лық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтың инфрақұрылыммен жабдықталу деңгейі таныстырылып, оларға парк тара­пынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқтал­ды. Сонымен қатар кәсіп ашуға ниетті ин­вес­торларға мемлекет тарапынан көр­сетілетін көмектердің жай-жапсары түсіндірілді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Осы күні инвесторлар Жамбыл ауда­нын­дағы еуропалық үлгідегі этно-туристік демалыс аймағының ашылуына қатысып, өңірдің туристік бизнесті дамытудағы мүмкіндіктеріне көз жеткізді. Сондай-ақ Қордай ауданындағы жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіретін зауыттың құрылыс алаңында болып, аталмыш салаға инвес­тиция құюдың тиімділігі жайында өзара пікір алмасты. 

– Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, өңірімізде жаңа жұмыс орын­дарын ашу, қомақты инвестиция тар­ту бойынша ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатыр. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа жалпы сомасы 400 млрд теңгеден астам инвес­тиция тартылды. Ал биыл 3 айда облыстың негізгі капиталына 70 млрд теңгеге жуық инвестиция салынды. Бүгінде облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаның пулы жасақ­талып, онда 4 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, – дейді Жам­был облысының әкімі Нұржан Нұр­жігітов. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, аймақ ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолай­лы. Форум аясында қонақтар бірқатар агроөнеркәсіп нысанын аралап, арнайы семинар-кеңес өткізді. Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы GreenwiII ЖШС-нің жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұ­мыстарымен танысты. Жиынға көрші Қырғыз Республикасы Талас облысының әкімі, Ауылшаруашылық минис­трлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының маман­дары қатысты.

Ал цифрландыру бағыты бойынша Иран, Литва, Қытай, Сауд Арабиясы және республиканың барлық аймағынан келген қонақтар Ш.Мұртаза атындағы Халықара­лық Тараз инновациялық институтының базасындағы IT академияның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Цифрлық даму, ин­но­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин форумының қаты­су­шыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Ауқымды шара аясында Байзақ ауда­нын­да «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шы­ғару зауыты, картон және қаптама шы­ғаратын бірегей зауытының іске қо­сылу рәсімі өтті.

Халықаралық форумының екінші күні пленарлық отырыстармен басталды. Жиын­­ның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов фо­румның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ауқымды шара ең алды­мен, өңірдің инвестициялық мүмкін­дік­тері мен өзара тиімді ынтымақтастықты, бизнес бастамаларды іске асыруға әзірлікті көрсетуге бағытталғанын жеткізді. Жамбыл облысы жоғары экономикалық және зияткерлік әлеует шоғырланған, қар­қынды дамып келе жатқан өңір екенін айтқан аймақ басшысы өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті.

– Аймақтың климаттық жағдайы қоңыр­жай континенталды, құнар­лы жер­лердің едәуір үлесімен қатар, «жа­сыл технологияларды» енгізе отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғай­лы. Біздің облыс баламалы энергия көз­дері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады. Келесі артықшылығымыз – жоғары логистикалық әлеует. Яғни, облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асы­руға, отандық және халықаралық жо­лау­шылар ағынына қызмет көрсетуге мүм­­кіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор.

Біз, өз өнімдерімізді әлемнің 17 еліне экс­порттаймыз. Осындай транзиттік әле­уетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналып келеді.

Жергілікті билік тарапынан инвес­тициялық климатты жақсарту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жамбыл об­лысы Еуропа мен Азиядағы алпауыт мемлекеттерінің ірі трансұлттық компа­ния­ларымен ұзақмерзімді әріптестік ынты­мақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие.

Өңірде 350-ден астам ірі және орта кәсіпорын болса, олар негізінен химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс мате­риалдары өндірісіне ден қойған. Аймақта 200-ден астам түрлі пайдалы химиялық эле­мент кездеседі. 

Облыс – фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы. Әрі мұнда түрлі түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс ма­териалдарының да қоры жеткілікті.

Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 млрд АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвес­тиция­лық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз, – дей келе Нұржан Нұржігітов облыс шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және аймаққа туристерді тартуға мүдделі екендігін баса айтты.

Басқосу қорытындысы бойынша 7 ірі шетелдік тауар өндіруші компаниямен құны 700 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында Үндістан, Сингапур, Германия, Венгрия секілді мемлекеттердің инвес­торлары бар. Шетелдік компаниялар Жам­был облысы аумағында ферро­қорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн элек­тр станцияларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі секілді жобаларды жүзе асырмақ. 

Форум аясында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар отан­дық және шетелдік компанияның өкіл­дерімен 20-ға жуық іскерлік келіссөз жүргізді. 

Сондай-ақ облыс әкімі Нұржан Мол­дия­рұлы консулдық корпус өкілдерімен жеке кездесті. Кездесуге Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас кон­сулы Мохсен Фағани, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Бельгия Корольдігінің Құр­метті консулы Ван ден Вейх қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамыту мәселе­лерін, елдер арасындағы сауда-эко­номика­лық қатынастардың әлеуетін талқылады. Облыс әкімі өз кезегінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Консулдық корпус өкілдері Жамбыл облысымен әлеуметтік-эко­номикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Форум барысында кәсіпкерлер үшін В2В кездесулер ұйымдастырылды. Кәсіпорындар арасында тауарларды жеткізу және серіктестік байланыстарды дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және шетелдік және отандық кәсіпкерлер қатысты. В2В форматында қол қойылған келісімдер мен меморандум­дардың құны 96,5 млн долларды құ­рады. Сон­дай-ақ отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 17 стра­тегиялық келісім мен меморандум жа­сасуға мүмкіндіктер береді.

Халықаралық ауқымды шараның қорытындысы бойынша жоғарыда айтылған жетістіктерден бөлек, өнімді экспорттау үшін жаңа нарықтар ашу, экономиканы әртараптандыру бойынша 6 компаниямен құны 42 млн АҚШ дол­ларына тең келісімдер жасалды. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 20 стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасалып, облыстың ауыл шаруашылығы саласы, туристік нысандары мен жер қойнауын пай­далану бойынша жаңа жобалар ұсы­нылды.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы