SpaceX компаниясы өзінің Starlink спутниктік интернет қызметін пайдаланушылар саны әлем бойынша 1,5 миллионнан асқанын хабарлады. Бұл көрсеткішке компания өзінің алғашқы миллион тұтынушысын тіркеген соң бес-ақ айдан кейін жетті.
Жоғары межеге қол жеткізген жүйе туралы sciencexxi.com сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz спутниктік интернетке қосылу мүмкіндіктерін талдайды.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Durning Mashel
Илон Маск алғаш рет Starlink жүйесін әлемдік аудиторияға 2015 жылы таныстырды.
Бірақ 2019 жылы ғана SpaceX компаниясы интернет қызметін ұсынатын алғашқы төмен орбиталық спутниктерін ұшыруды бастады. Компания орбитаға 12 000 спутник орналастыруды жоспарлап отыр.
Бұл планетаны тұтастай қамтуға жетеді. SpaceX қазірдің өзінде 4000-нан астам Starlink жерсеріктерін ұшырды. Жақында ғана Falcon 9 зымыранының көмегімен 56 жаңа жерсерікті ғарыштағы орбитасына орналастырды.
Бүгінгі күні Starlink беретін спутниктік интернеттің жылдамдығы 100 Мбит/с дейін, ал оның қызметі үшін айына 120 доллар төлеу қажет. Ал, сигналды қабылдауға қажетті жабдықтар үшін бір реттік төлемі $600.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Michael Dunning
Қазіргі уақытта спутниктік қызмет Солтүстік Америкада, Еуропада, Аустралияда, Жаңа Зеландияда, Жапонияда, Филиппинде және Оңтүстік Американың басым бөлігінде қолжетімді. SpaceX Үндістанның реттеуші органдарының мақұлдауын күтіп жатқанымен, компания 2023 жылға қарай Ангола, Замбия, Танзания және Мозамбикті қоса алғанда, бірқатар Африка елдеріне қызмет көрсетуді кеңейтуді жоспарлап отыр.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Gary John Norman
Үй-жайлар сияқты тұрақты орындардан басқа, спутниктік интернет коммерциялық әуе рейстерінде және автоүйлерде, демалыс аумақтарында, яхталарда қолданылады. Осы жылдың басында Starlink кейбір пайдаланушыларға айына 200 долларға халықаралық роуминг қызметін сынап көруді ұсынды.