Мәні зор мерекелік шара

Елорданың ашық алаңдары мен саябақтарында Отан қорғаушы күніне арналған бірнеше іс-шара өтті. Оның ішінде Бәйтерек монументінің жанында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты көрме ұйымдастырылып, балаларға арналған интерактивті және спорттық ойындар көрсетілді.

Бұдан кейін жиналғандар «ОТАНЫМ – АМАНАТЫМ» атты мерекелік концертте еліміздің танымал өнер адамдарының орындауында әсем ән мен тәтті күй тыңдап, әскерилердің дайындаған өнерін тамашалады.

Мерекелік шараның мақсаты – жастарды патриотизмге баулу, белсенді азаматтық ұстанымды насихаттау ғана емес, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бо­йын­да рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды тәрбиелеу. Сондықтан Астана қаласы әкімдігінің Креативті индустрияларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен ашық аспан астындағы мерекелік концертте әншілер­мен қатар, Мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштердің сарбаз­дары және Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, орталық әскери үрмелі аспаптар оркестрінің де дайындаған бағдарламасы ұсынылды. 

Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Хам­зин­нің айтуынша, күндіз басталған ме­рекелік шараға келушілердің аз болмады. Алдымен балаларға базарлық ретінде аниматорлар түрлі ойындар ұйымдас­тырып, қызықты интерактивті шараның көрігін қыздырды. Одан кейін көпшілікке арналған ұлттық құндылықтарға дәріп­тейтін көрме ұйымдастырылып, қазақтың киіз үйі мен қазақ батырларының жауын­герлік құрал-саймандары қойылды. Сон­дай-ақ жиналғандар спорттық ойындарда өзара күш сынасты. Бұдан кейін Ұлттық әскери патриоттық орталықтың үрмелі аспаптар оркестрі мерекелік шараға арнал­ған концерттің шымылдығын ашып, Мемлекеттік күзет қызметі сарбаздары дайын­даған бағдарлама көпшілікке көрсетілді. 

«Астанаға көшіп келгеніме бірнеше жыл болды. Бұл қаладағы кез келген ме­реке осындай үлкен деңгейде ұйымдас­тырылып, әртүрлі қызықты ойындар өтуімен ерекше деп айтар едім. Бүгін өзіммен бірге ата-анамды да ертіп келдім. Олардың да көңілінен шығып жатқан секілді. Жүздері бал-бұл жанып, жастық шақтарын еске алып жатыр», – дейді елордалық Қуандық Сұлтанбай. Ал астаналық Айым Сыдықова концерттің көрермені ғана емес, сахнада өнер көрсететін жарына қолдау білдіру үшін қызы екеуі келгенін айта келіп: «Отағасы Тілек Сыдықовты қолдауға әрі мерекелік концертті тамашалауға келіп тұрмын. Ер азаматтардың барлығын мейрамымен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, табыс, денсаулық тілеймін. Ата-аналары, арқа сүйер жақындары аман болсын!» деген тілегін білдірді. 

Астанаға ат арылтып Арқалық қала­сынан келген қонақ Жанкелді Бақытжан­ұлы да концертті отбасымен бірге тама­шалады. Осындай рухқа толы мерекелік шараның мән-маңызын бойына сіңіріп өскен болашақ Отан қорғаушылар нағыз ел мен жерді жаудан қорғай алатын жігерлі жігітке айналатынын айтты. 

Көрермен көзайымына айналып, талан­тымен тамсандырып жүрген клас­сика­лық опера әншісі Азамат Жылтыр­көзов айтулы мерекенің астарында үлкен тәрбие жатқанын жеткізді. Сөз соңында ол елдің тыныштығы жолында тікеден тік тұрып қызмет ететін саптағы сарбаздарға сарқылмас төзім, елімізде тыныштық болсын деген тілегін білдірді. 

Жадыра МҮСІЛІМ