Мектептер мерзімінде пайдалануға берілді

«AMANAT» пар­тия­сының партиялық ба­қы­лау бекетте­рінің бел­­­­­сенді жұмысы жал­ғасып жатыр. Мәсе­лен, Шым­кентте ама­нат­тықтар екі білім бе­ру мекемесіне не­­гіз­делген жаңа оқу ғи­ма­рат­­тарының құры­лы­сын тек­серді. Олар – М.Дулати атын­дағы №8 мамандан­дырыл­ған гимназия және Н.Оң­дасынов атын­да­ғы №38 мектеп.

Айта кетейік, партия бел­сенділері құрылыс жұмыстары­ның сапасын бірінші рет тексеріп отырған жоқ. Бұған дейін мұнда құрылыс жұмысы кестеден кешіктірілгені анықталды. Құ­зырлы органдар қалалық пар­тиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша мердігерге айыппұл салды. Бүгінде барлық кемшілік жойылды.

Мәселен, №8 гимназия Шымкенттегі ең көне мектеп саналады. Ол 1879 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осылайша, 1 100 балаға негізделген жаңа ғимарат­тың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.

Ал №38 мектеп-гимназияның жаңа ғимараты салынып бітіп, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс оқушы орындарының санын 375-ке арттыруға мүмкіндік бер­ді. Балалар екі ауысымда білім алып жатыр.

Айта кетейік, «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 25 мектеп салынады. Білім ошақтарының құрылыс сапасы мен олардың уақытылы пайдалануға берілуін «AMANAT» партиясының мүшелері қада­ғалайды.

Сонымен қатар ама­нат­тықтар тағы бір құрылыс жұ­мысын тек­серді. Shymkent City шағынау­да­нында партияның қалалық сай­лауалды бағдар­ламасы аясында 2 мың орындық конгресс-холл са­лынып жатыр. Бұл – конфе­ренция, концерт, фестиваль және өзге де бұ­қара­лық іс-шараларды өткізуге ар­налған көпқызметті орталық. Мердігер ұйым аталған нысан­ның құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, «AMANAT»-тың сайлауалды бағ­дарламасы аясында ел аумағында салынып жатқан нысандарда пар­тиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның бай­ланыс нөмірлері көрсетілген тех­никалық паспортқа ұқсас тақ­тайша орнатылады. Жұртшылық­ты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақ­сатында оның құрамына мәс­лихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, блогерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.

Ерке ЕРҚОҢЫР