Футбол алаңына сыйып кететін қауіпсіз АЭС жасалды

Шағын модульді AP300 ядролық реакторы Westinghouse-тың III+ буыны. Бұл реакторлар өте ұзақ әрі құрылысы қымбат тұратын атом электростанцияларына керемет балама болып отыр.

Атом энергетикасымен айналысатын америкалық Westinghouse Electric компаниясы жаңа ядролық технологиясын іске қосты.  «Шағын әрі әдемі» деп сипатталған реактор атом энергиясын пайдалануда жаңа дәуірді бастайтын сияқты. Әлемге танымал компанияның жаңа өнімінің техникалық сипаттарымен Newatlas.com сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz таныстырады.

Фото Westinghouse Electric компаниясының ресми сайтынан алынды

Шағын модульды AP300 ядролық реакторы Westinghouse-тың III+ буын реакторларының кішірейтілген үлгісі деп саналады.

Соңғы жылдары шағын көлемді ядролық реакторлар өте ұзақ әрі құрылысы қымбат тұратын атом электростанцияларына керемет балама деп аталуда. Екінші жағынан, шағын станциялар экономикалық жағынан және қауіпсіздік тұрғысынан алғанда ыңғайлы шешім болмақшы.  

Үлкен атом станцияларын салуда рұқсат алу мен пайдалану тұрғысынан да, қауіпсіздік жағынан да қоғамда күшті саяси қарсылық туғызып жатқанда, футбол алаңының жартысына сыйып кететін шағын атом реакторларына қызығушылық көбеюі мүмкін.

Фото Westinghouse Electric компаниясының ресми сайтынан алынды

Шағын ядролық реактор (MMR) идеясы – үлкен аймаққа қызмет көрсету үшін бір үлкен реактор салудың орнына бірнеше AP300 шағын атом электр станциясын салуға негізделген. Шығаратын энергия көлемін көбейту қажет болса, екі-үші шағын станцияны қатар салуға болады.

Мұндай реакторлар ығайлы, сонымен қатар олардың құны да айтарлықтай төмен. Өйткені, бүгінгі бірнеше алып реакторы бар АЭС салу үшін қажетті ауқымды, қымбат құрылыс жұмыстарының көп бөлігі қажет болмайды.  Кішкентай реакторды жер астына орналастыру арқылы оны ауыр бетондармен қоршаудың қажеті болмайды, ол қоршаған орта үшін қауіпсіз болады және шығындар азаяды.

Westinghouse мәліметтері бойынша, AP300 шағын реакторының қызмет ету мерзімі 80 жылдан асады. AP300 қуаты 300 МВт, ол бір контурлы сумен суытылатын реактор және компанияның қуаты 1ГВт AP1000 реакторына негізделген. Яғни, жаңа шағын реакторды дайындауға керек техникалық шығындар керек емес, олар үлкен реактор үлгісімен жасалады.

Фото pbctoday.co.uk сайтынан алынды

AP300 шағын реакторы үлкен AP1000 реакторының 18 жылдық жұмыс тәжірибесіне негізделген және жетілдірілген жеткізу тізбегін, конструкциясын, ядролық отын құю мен пайдалану процедураларын қолданады. Бұл технология АҚШ-та, Ұлыбританияда және Қытайда мақұлданған, European Utility Requirements (EUR) стандарттарына сәйкес келеді, бұл басқа елдерде рұқсат алу процестерін тездетеді.

Футбол алаңына оңай сыятындай шағын AP300 реакторын мүмкіндігінше қауіпсіз ету үшін жеңілдетілген конструкцияда жасалған. Бұл жерде құбырлар, қақпақшалар мен қозғалтқыштар, басқа да ықтимал ақаулық нүктелері аз.

Ал апаттық жағдайда өшіру және салқындату жүйелері пассивті, жүйеде дизельдік қозғалтқыштар мен сорғылар емес, гравитацияға негізделген табиғи айналым және газ қысымы қолданылады. Сонымен қатар, реакторды бақылау және оны қауіпті ауытқулардан қорғаудың қауіпсіз жүйелері және апат кезінде ядроның қызып кетуіне жол бермеу үшін реактордың сыртын көп мөлшерде сумен толтыру жүйесі бар.

Фото Westinghouse Electric компаниясының ресми сайтынан алынды

AP300 электр қуатын өндіруге және жылытуға, мұнай және газ кен орындарына техникалық қызмет көрсетуге және өнеркәсіптік нысандар сияқты басқа мақсаттарда қолдануға арналған. Реакторды сондай-ақ дамып жатқан сутегі экономикасы үшін сутегін өндіруде қолдануға болады.

Westinghouse президенті және бас директоры Патрик Фрагман: «AP300 – қазіргі қолданыстағы  ең озық реактор технологияларына негізделген жалғыз шағын модульдік реактор», – дейді. «AP300-дің іске қосылуы Westinghouse реакторларының технологиялық тізбегінің толық өнімдерін көрсетеді. Бұл бізге дүние жүзіндегі тұтынушыларымыздың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді».

AP300 шағын модульді реакторлардың құны 1 млрд доллар болады деп жарияланды. Төрт шағын AP300 4 млрд доллар тұрады және шамамен 1ГВт энергия өндіре алады екен.

Қазақстанда салынуы тиіс қуаты 1 ГВт АЭС-тың жобалық құны 6-12 млрд доллар деп болжануда. 

Елімізде атом электр станциясын салуға қатысты жүріп жатқан пікір алмасуларда, қоғамның ядролық технологиялардың оң және мүмкін болатын теріс салдарын дұрыс түсінуіне осындай шағын АЭС формаларының да бар екенін білу маңызды. Энергияның тапшылығы сезілетін өндіріс аймақтарында осындай шағын атом реакторларын жер астына, шахталарда орналастыру арқылы экономикалық пайда мен экологиялық қауіпсіздік мәселесін бірге шешуге болатын жолдарды сала мамандарының талқысына салған дұрыс болар еді.