«7-20-25» бағдарламасы Президент тапсырмасынан кейін жалғасады. Алайда сұраныс артса да, бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі көбеймейді.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
«Қазақпараттың» жазуынша, «7-20-25» бағдарламасын Ұлттық банк 2018 жылы бюджеті 1 трлн теңгемен іске қосты.
«Бағдарлама аясында биылға дейін жалпы сомасы 873,6 млрд теңгеге 65 554 отбасы несие алды. Бағдарлама 2023 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 19 желтоқсанда Ұлттық банк басқармасының шешімімен бағдарламаны іске асыру мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Бұл ретте, 2023 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру тәртібі өзгерді. 1 трлн теңге сомасында жалпы бюджеттің орнына жылына 100 млрд теңге белгіленеді», – деді Роман Скляр.
Баспана нарығындағы ахуалды ескере отырып, лимит енгізу туралы шешім қабылданған.