Машина жасаушылар форумы өтті

Астанада «Машина жасау – жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытудың драйвері» тақырыбында Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясын қалыптастыруда бұл форум айрықша маңызға ие екенін атап өткен жөн.

«Машина жасау саласы – кез келген индустриалды дамыған мемлекет экономикасының ма­ңызды бөлшегі. Жабдықтар, ма­шиналар, түрлі аспап, сондай-ақ халыққа арналған тауардың бар­лық түрін өндіре отырып, машина жасау кешені экономиканың барлық негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамта­масыз етеді», – деп атап өтті  Ин­дустрия және инфрақұры­лым­­дық даму вице-министрі Ілияс Оспанов.

Бүгінде отандық өнеркәсіпте машина жасау үлесі 6%-ды, ЖІӨ бойынша 1,5%-ды қамтиды. Атал­ған салада 4 мыңға жуық кә­сіпорын жұмыс істейді. Соны­мен қатар биыл құны шамамен 230 млрд теңге болатын 36 жоба­ны іске асыру жоспарланып отыр.

Саланы одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде. Осы орайда маңызды құжатты әзірлеуге қатысты толық ақпаратпен «Qazindustry қазақ­стандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төра­ғасының орынбасары Әлихан Абаканов бөлісті.

«Машина жасау саласының инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, оның бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кешенді жоспар әзірленуде. Оны табысты іске асыру саланың дамуына қуатты серпін береді және еліміздің тұ­рақты индустриялық өсуіне ма­ңызды үлес қосады. Биыл ИИДМ тау-кен металлургия, элек­тро­­техника, мұнай-газ, теміржол, ауыл шаруашылығы, машина жасау салалары бойынша 7 жұмыс тобы құрылды. Кешенді жос­­пардың әрбір бөлігі егжей-тег­жейлі тал­қыланып келеді», – деді А.Абаканов.

Өз кезегінде Қазақстан ма­шина жасаушылар одағының атқарушы директоры Өмірсерік Ержанов машина жасау кәсіп­орындарын қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы айтып берді.

«Бұл форум саланы өркен­детуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Әлбетте, қа­зақстандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінде жетекші рөл атқа­рады. Машина жасау саласын да­мыту шеңберіндегі жұмыс жал­ғасатын болады», – деді отандық машина жасаушылар одағының өкілі.

Б.ИКРАМОВА