Асау жүректі ақынның ататегі жайынан

Газет ақтарып оқып отырмын. Ұзақ жыл қазақ баспа­сөзінде қызмет еткен азаматтың мамандық дерті. Міне, AIQYN газеті. «Сұлтанмахмұттың алғашқы биографы» (№44, 20 сәуір 2023 ж.) аталатын мақалаға көзім түседі. Мақала авторы Мөлдір Төлепбай. Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері. Тәп-тәуір мақала. Асылында, былтырлы-биыл «Алаш ұранын» жазған Сұлтанмахмұттай ұлы ақынның туғанына 125 жыл толып отыр.

«Былтырлы-биылы» несі? С.Торайғырұлының өлген жылы нақты болғанымен, туған жылы жайында әдеби, ғылыми ортада аздаған пікір ауытқушылығы бар. Ондай-ондай бола береді. Мөлдірдің мақаласына байланысты асау жүректі ақын ататегі, өмірі, әдеби мұрасының жиналуы жайында менде бірсыпыра материал бар көп жылдан жинақталған. Әрине, оның қай-қайсысы да Сұлтанмахмұт атын да, затын да саяи қуғын-сүргіннен жанпи­да жүріп, аман алып қалған профессор Бей­сембай Кенжебайұлы есімімен әбден байла­нысты. Бір шаңырақтың астында 10 жылдай бірге тұрып, баласына айналып күн кешкен кезімде аяулы ұстаз, әкедей әзіз адамнан бар әңгімесін қағазға түсіріп жазып ала бере­тінмін. Міне, тағы да күнде­лігіме көз тігемін жалма-жан.

...Қарт профессор архивінен бір көне фото суретті алып, көзін сықсита қарап, көзілдірігін түзеп қойып әңгіме сабақтады. 

Ана жылы Сұлтанмахмұттың мұрасын іздеп әрі жатқан жеріне барып, тағзым етейін деген оймен Баянауылға бардым. Көнекөз қариялармен, Сұлтанмахмұтты көрген, білген жандармен сөй­лестім. Досы, туысы Шәйбай Ай­мановпен ертеден таныс-біліспін. Кейбір өлеңдерін Шәйбай атынан жариялатқаны да бар Сұлтан­мах­мұттың. Шәйбай соғысқа бай­ла­нысты, Сталиннің сенімсіздік біл­діруіне байланысты ығысып келіп, қазақ арасында тұрған қа­рашай қызына үйленген ғой. Ол бүгінде Қап тауында қарашай зи­ратында мәңгілікке дамылдап жатыр.

Қарт профессор ойына әлдене түскендей бір күрсініп салып, аздап дамылдады. Осы сәтті пай­даланып, Шәйбаймен туыс, ұлы режиссер Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевқа мектеп партасында отырған оқушы сәтінде сабақ бер­ген Әйткен Аймановпен орайын тауып әңгімелескенімді айтып, әңгімені әрі қарай сабақтауын қаладым.

«Ә, Әйткен бе? Ол да мен жо­лыққан кісі. Әңгімешіл адам. Сұл­танмахмұттың арғы тегі жайынан әңгіме айтып беріп еді» деп тағы тоқтады қарт ғалым.

Арғы тегінен маған да әңгіме тиегін ағытты Әйткен қария. Шы­нында Сұлтанмахмұт бала кезінде қой аузынан шөп алмайтын жуас бала болыпты ғой. Бірде достары «Махмуд, өгіз бұзаулады...» десе соған иланып, көрмек үшін далаға жүгіріп шығыпты. Ал өлеңіне қа­расаң, нағыз асау жүректі ақын. Тіпті, сіздің бір әңгімеңізге қара­ғанда Алаштың көсемі атанған Әлихан Бөкейхан бетіне келгені де бар. Сонда осы мінез қайдан? Асы­лында, Сұлтанмахмұттың әр өлеңі, бар өлеңі шатырлаған мінез қай­шылығынан тұрады емес пе?! 

Сұлтанмахмұттың немере інісі «Тентек Шаймерден» атанған кісі. Ауылда бірсыпыра уақыт мұғалім болған. Тентек Шаймерден, Екін­ші дүниежүзілік соғысы жылдары болса керек, қостанайлық Жәния есімді ақынмен айтысқа түседі. Айтысқа түсер алдында екі ақын бірін-бірі едәуір зерттеп алады. Ауылы аралас, қойы қоралас жат­қан ел ғой тегінде. Күні келіп ай­тыс басталып кетеді. Шаймерден жай отырмай, қарсыласына «мұр­ның қағаз мұрын, қазақтікіне кел­мейді», – деп өлеңдетеді. Бұл оның тегін ишаралағаны екен.

Жәния сөзден қайтсын ба? «Та­науымның татарға ұқсайтыны рас. Шешем – татар қызы. Бірақ сен­дердің ұлы апаларыңдай өз ая­ғымен келмеген. Ит те болса әкем барып алып келген», – дейді. Сөйт­се, Жәния тентек Шаймер­денмен айтысарда оның түп-тұ­қиянын түгел сұрастырып біліп алыпты. Ишаралап отырғаны – Шаймерденнің ұлы шешесі, Сұл­танмахмұттың әжесі – Мәлике деген кісінің «өз аяғымен» келген­дігі екен. Ол жөнінде ел аузында бірталай әңгіме бар деседі.

Шоң, Шорман – би ауылы, бай ауылы. Торайғыр – олардың неме­ре, шөбере жақын туысы. Сөз ұс­тайтын тілді, қу орта дәулеттің ада­мы. Айналасына билік айтатын ақылды кісі. Содан да «Торайғыр би» аты қалған тарихта. Билер институты деген мәселені сендер біле бермейсіңдер. Ол Алтын ор­дадан әріден басталып, бері қарай сабақталып келе жатқан бір тоқтам жүйесі еді ғой. Тұқиянымен құрт­тық қой, құртты ғой Совет өкі­меті... Қарт ғалымның көзі ша­пыраштанып барып, әңгімесін мұңданып аяқтады. Сәл мүдіріп әңгімесін әрі қарай жалғады.

Бір күні Шоң ауылының жыл­қысын көрші бір байдың жылқы­шылары (барымташылары) ба­рым­талап кетеді. Малын даулап Шоң мен Торайғыр көрші байдың ауылына келеді. Қонақасы бері­леді. Жатарда бойжеткен қызының отауына енгізіп, кісілерге жерге төсек салып береді. Қыз болыскей кереуетте жатады. Қазақтың бар ауылы, бай ауылы салтанатты тұрған ғой тұрмыста. Шоң төсекті жайдақтау салғанына, жерге салғанына намыстанады. Бәлекет болып қалған қыздың қастарында, қол созым жерде жатқанын көре, біле тұра еркек шіркін қайдан шыдасын?! Бірін-бірі түртіседі. Ақыры, Торайғыр барып бәлекей қыз көрпесін ашады.

Қыз:

– Ата жолы ғой. Бірақ аяқ жақ­тан келіңіз, – дейді.

Торайғыр аяқ жағынан бара бергенде қыз қайқайтып тұрып бір тебеді. Торайғырдың беті болыскей кереуеттің аяғына тиіп дал болады. Мал даулайтын жағдай қайда енді? Масқара болған екеуі ертелеп зытып отырады. Сонда Шоң ауы­лына қайтады да, Торайғыр сол ауылда қалып қояды. Торайғыр:

– Елге баратын, кісіге көрінетін бетім жоқ, – дейді.

Сөйтеді де ауылда елеусіз кісі болып қалып, Мәликенің жайын зерттейді. Айттырған жері кім, қайтсе қыздан есе қайтарады? Бақса, Мәликені айттырған жер бір терезесі теңдес байдың баласы екен. Айттырған. Бірақ қызды әлі көрмеген. Ұрын келмеген. Торай­ғыр енді сол байдың ауылына тар­тады. Барады. Бай баласымен дос болады. Төрт айда ғұмыр бойы бір­ге өскендей қалыпқа, тығыз сый­ластыққа келеді. Сол өңірге тұтас мәшһүр екі бәйге аты бар екен, соны екеуі жарыса жараса мі­ніп жүреді. Бір күні Торайғыр қай­татын рай танытады. Қайтар сәтінде бай баласы қалауын сұ­райды. Торайғыр Көкқасқаны қол­­қалайды. Бай баласы мәрт­тікпен беріп жібереді...

Көкқасқаны қолына түсірген Торайғыр түпкілікті мақсатына көшеді.

Тартып отырып Мәлике ауы­лына (Бай ауылына) келеді. Өзі бі­летін Мәлике отауына түседі.

«Қоянды жәрмеңкесіне бара жатыр едім. Жол-жөнекей «ұрын» келген бетім», – дейді. Атас­ты­рылған қыз – матастырылған қыз. Дегеніне көнеді.

Сырласқанда қыз Торайғыр­дың масқара болған қылығын әңгі­мелейді.

Сөйтсе, Торайғыр айтады дейді:

– Торайғыр қу еді ғой. Ол қалай арандап қалды екен? – деп.

Ұпайын түгендеген Торайғыр жылы хоштасып, ауылына тартады. Қоянды жәрмеңкесіне қарай кет­пей, басқа бағытқа кеткен «кү­йеуден» күдік алған анасы қызынан күйеудің сын-сипатын сұрайды. Қызы білгенінше тәтіштеп айтады. Анасы күйеу баласына ұқсата ал­майды. Бір кәкірдің Шоң ауылы­нан келгенін біледі. 

Қызына:

– Кіммен қарайсаң, сонымен ағар. Бар, байыңды тауып ал! – дейді ана байғұс. Адуынды кісі болса керек. Еркекше киінген «ер­кекшора» қыз бозбаланың ізінен қуа шығады. Көкқасқа Шоң ауы­лына келеді. Мәлике «жігіт» те ке­леді соңынан. Аз күн сол ауылда «жігіт» болып жүреді.

Бір күні Шоң ауылы ұлан-асыр той жасайды. Балуан күрестіреді, ат шаптырады. Балуан күресіне жігіт болып түскен Мәлике жан шыдатпайды. Бас бәйгені жеңіп алады. Ат бәйгесінде Торайғырдың Көкқасқасы бірінші келе жатады. Мәлике аттың алдын тосып тұ­рады. Торайғырдың Көкқасқасы кер­меге жақындай бергенде, Мә­лике алдынан шығады да ат үс­тіндегі Торайғырды ерден жұлып алады. Ат жайына кетеді. Көкқасқа бірінші келеді деп күтіп отырған Шоң мына құбылысқа таң-тамаша қалады. Мән-жайын білмекке кісі шаптырады. 

Мәлике:

– Дат, – деп алдына қамшысын тастайды. Бөріктің ішіне жасырған шашын төгілдіріп жібереді. Кеткен есесін даулап жүргенін айтады.

 Шоң мән-жайды жедел түсі­ніп, Торайғыр мен Мәликені қо­сып, тойды тойға ұластырады. Екі жас бақытқа кенеледі.

Шаймерденмен айтысқан Жә­ния ақынның астарлап айтқаны осы екен...

Бұл – ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы мен әжесі жайындағы әңгіме.

Қарт ғалым «әңгіме тәмәм» дегендей, естіген, білгенін маған жеткізіп, жәй тыныстап отыр. Ме­нің «тамағым жыбырлады». Сонда Шоқпыт атанған Әубәкір Торай­ғырдай би мен Мәликедей адуын анадан туған ба? 

– Е, шырағым, – деді әкедей әзіз Бейсекең, – Жақсыдан жаман да туады, жаманнан жақсы да туады-ау. Аңызға айналған екі жақ­сыдан «Шоқпыт» аталған Әубәкір есімді нашар, момын адам туған. Ол – Сұлтанмахмұттың әкесі. Бірақ өткір әже, өжет ана қадір-қасиеті әкені аттап немереге өткен. Сұлтанмахмұт – өткір ақын. Сұл­танмахмұттай өткір ақын, өжет жан бар ма екен, сірә?! 

Ұлы ақын Сұлтанмахмұт То­райғырұлына бар саналы ғұмырын арнап, тынбай зерттеп, кеңестік қытымыр жүйеден табандап тұрып қорғап өткен қарт ғалым Бей­сем­бай Кенжебайұлымен арадағы әңгіме 1985 жылы наурыздың 19-ы күні болып еді.  

Құлбек ЕРГӨБЕК,

жазушы

 

Суреттерде: Сұлтанмахмұттың бұрынғы зираты. Зиратының ба­сында сұлтанмахмұттанушы про­фессор Бейсембай Кенжебайұлы. 1950-ші жылдар. Баянауыл