Бұл ел қазынасына құйылатын қаражаттың күрт артуына ықпал етіпті. Жалпы, енді Үкімет өкілдері де кедендегі сыбайлас жемқорлыққа бұрынғы ел басшылығына жақын адамдар қолдау көрсеткенін жоққа шығармайды. Билік бүгінде бұл кеселден қаншалықты арылып жатыр?
Жемқорлардың аузынан «жырып алды»
Кеден мен салық саласына қатар жауап беретін Мемлекеттік кірістер комитеті қызықты дерек жариялады: 2023 жылғы 1 тоқсанда республикалық бюджеттің салық түсімдері 5 триллион 667,3 млрд теңгені құрады. Яғни, ел табысы өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бірден 21,4% немесе 998 миллиард теңгеге өсті. Жылда осы қарқынмен артса, онда Қазақстан тез арада дамыған елдерді қуып жетер ме еді.
«Жемқорлықтың акулалары» қосылған құн салығын (ҚҚС) жемсауға айналдырып алғаны жасырын емес. Онымен күрес арқасында биылғы 1-ші тоқсанда өткен жылғыға қарағанда бюджетке импортқа ҚҚС-тен түскен түсім ғаламат көлемге, 2 есеге ұлғайды. Мұның сыртында ішкі өндіріс тауарларына ҚҚС 21,2%-ға, корпоративті табыс салығы 20,7%-ға және ЕАЭО елдерінен импортқа ҚҚС 2%-ға көбейді.
Жемқорлардың көптеген схемасы жалған электронды шот-фактуралар жазуға қатысты. Бұл сала да ретке келтіріліп жатыр. Нәтижесінде, биылғы жыл басынан ЭШФ аясында салық салынатын тауар айналымының базасы 27,7%-ға немесе 8,8 триллион теңгеге өсті.
Шетелден тауар таситын импорттаушылардың бір бөлігі салықты аз төлеу үшін жүктің құнын арзандатып көрсетеді немесе кеденшіге пара беріп, оның көлемін кемітуге қол жеткізеді. Кедендегі бұл кесір құбылыспен де белсенді күрес жүргізілуде. Соның нәтижесіндей, 2023 жылғы 1 тоқсанда Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы 13,9%-ға өссе, соның ішінде импорт 1,8 есеге артып шыға келген.
Осының бәрі ел ауқатын арттыру, мемлекетте әділдікті орнықтыру үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті ары қарай өрістету қажет екенін растайды.
Жалпы, 2022 жылы Президент Қ.Тоқаев кеден саласында тәртіп орнатуды бірнеше рет талап еткен болатын. Осыдан кейін кеденде пара алуды конвейерге қойған бірқатар ірі басшы ұсталды. Қаржы министрлігі салаға тексеріс жүргізіп, көптеген бұзушылықты әшкереледі. Сарапшылар «кедендегі контрабандадан ұзақ жыл бойы бұрынғы президенттің отбасы заңсыз табыс тауып келгенін» ашық айтып жүр. Мұның қаншалықты шын екенін таяуда журналистер вице-премьер–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрады.
– Шынында, олардың саны өте көп. Тауар тасумен айналысатын 15-тен астам экономикалық оператор болған. Бірақ олардың нақты қайсысына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын, келтірілген шығынның нақты көлемін құқық қорғау органдары айта алады. Мен тек бюджетке заң бұзғандардан қосымша шамамен 50 миллиард теңге өндірілгенін айта аламын. Бас прокуратурамен, өзге құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс тобы құрылып, кеденде тексеріс жүргізілді. Анықталған барлық факті бойынша материалдарды құзырлы органдар пысықтап, түрлі тергеу жүргізіп жатыр. Бірнеше экономикалық оператор заңды жүйелі бұзып келген. Олардың қожайындарын, ақырғы бенефициарларын өздеріңіз атадыңыздар, – деді Е.Жамаубаев.
Соған қарағанда, кеденді жемқорлардан тазалауға билік салмақты түрде кіріскенге ұқсайды.
Парақорлық алапат ауқымға жеткен
Еліміздегі жетекші трейдерлік компанияның өкілі, кәсіпкер Ерболат Жақсыбек кеденнің біраз тәртіпке келгенін айтады. Әйтпесе, кедендегі өткізу бекеттері үлкен адамдардың делдалдық фирмаларының қалтасын қампайтатын «қара кассаға» айналып кеткен. Мысалы, жүкті Қытайдың кеденіндегі бейтарап аймақтан Қазақстан аумағына алып өту үшін тек қолма-қол ақшамен төлеу талап етілген. Чемодандар толы сол орасан қаржының қайда тасылғаны беймәлім. Рұқсатнама, бланк ала алмаған жүктерді ҚХР аумағына алып өтуді де делдалдар іске асырды. Тіпті, жұңғо елінде жүруге қажетті құжаттары жоқ жүргізушіні ауыстырып, оның орнына рөлге отыратын «араағайын» жүргізушілер де кеденді жағалаған.
«Кеденде бұрын барлығы үшін пара талап етілетін: тауарыңды кедендік тексеруге жібермесін десең, төле. Кеденші не мемлекеттік кірістер органының өкілі тауарларыңның декларацияда көрсетілген құнына күмәнданып, көрші елден құжат сұратып, сонымен салыстырмасын десең, онда да төле. Мұндай тексеріс жүгіңнің салмағына және ондағы тауарлардың классификациясына қатысты да басталуы мүмкін. Биліктің өзі бизнесті пара беруге итермеледі: ережелердің түсініксіздігі, бұлыңғырлығы салдарынан тіпті барлық құжаты толық болған жүгіңнің кеденнен уақытында өтетінін, әлде қосымша тексеруге жіберіліп, бұғатталып қалатынын білмей, үнемі қылпылдап, қобалжып отырасың. Біздің компания, әрине пара берген емес, сондықтан осы жылдары қаншама қиындық көрді», – дейді Ерболат.
Ол ең көп пара талап етілетін кеден ретінде Қытаймен және Өзбекстанмен арадағы шекаралық өтпелерді атады. Өйткені шекараны кесіп өтуде кездесетін ең көп түйткіл де соларда туындайды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасырын сауалнама жүргізу арқылы анықтағандай, шекараны кесіп өту кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың 90%-ы сыбайлас жемқорлыққа кезігіпті. Барлық параның жартысын 300 долларға дейінгі сома құрады. Мысалы, кеденнен кезексіз немесе тез өту «құны» осы шамалас.
Кедендегі қозғалыстың барлық түрін: импортты, экспортты және транзитті коррупция жайлаған. Кеденде мұндай қылмыстарды жасау тәсілі өте көп. Кең тараған түрлеріне тауарлар мен көліктерді заңсыз өткізу, тауарларға ілеспе құжаттарды, басқа құжаттарын фальсификациялау, тауарларды кеденнен заңсыз шығару жатады.
Қазақстан – Қытай және Қазақстан – Өзбекстан шекараларындағы кедендік өткізу бекеттерінде жемқорлық фактілері көп тіркелетін көрінеді. Ондаған жыл бойы батпандап кірген кесел енді ғана мысқалдап шығып жатыр. Сондықтан Үкіметтен, құзырлы органдардан осы тараптағы күреске соны серпін беру, тегеурінді қимылдау, кешенді жұмыс жүргізу талап етіледі.
Айтпақшы, кедендегі жемқорлықтың тамыр жайған «шұратының» бірі – «Қорғас» шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығы болыпты. Пандемия кезінде Қорғас ШЫХО жабылып қалды. Коронавирус беті қайтса да, орталық ашылмады. Әйтпесе, ірі, салтанатты той-томалақ өткізетін қазақстандықтардың көбі тауар, киіт, сый-сияпат алу үшін екі ел арасындағы осы шағын шаһарға шабатын. Үш жыл жабық болған «Қорғас» елді зарықтырып барып, биылғы 24 сәуірде қайта ашылды. Жетісу облысы әкімдігінің түсіндіруінше, оны ашу үшін жыл басынан бері орталық аумағындағы барлық бизнес-процесті модернизациялау, кеденді тәртіпке келтіру, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары жүзеге асырылды.
Қытай тарапынан жүк тасу қызметін уәкілетті экономикалық операторлар басыбайлы меншіктеп алып, өзге бизнесмендерге өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген. Құзырлы органдар бұл операторларға қатысты тергеулер жүргізді, олар өз қызметтерінің құнын ымыраласып, шектен тыс қымбаттатқанын мойындады. Бизнесмендердің мәліметінше, операторлар Қазақстаннан Қытайға өтіп, жүгін арнайы аймаққа түсіріп, кері қайту, яғни небәрі 1 500 метр жүріп өту үшін әрбір көліктен 40 мың долларға дейін жинаған. Ал күніне кеденнен 200-ден астам машина өтеді. Бұл заңсыз баю схемаларында олармен кейбір кеден бекетінің бастықтары әмпей-жәмпей болған. Мысалы, Антикор «Нұр Жолы» кеден бекетінің басшысын және оның орынбасарларын тұтқындағаны белгілі.
«Нұр Жолы» кеден бекетінің жаңа басшысы Асқар Бекбергенов шекарадағы көптеген делдал алып тасталғанын жеткізді. Барлық құжаты дұрыс әрі толық кез келген бизнесмен кеденге келіп, рәсімделіп, еркін өтіп кете алатын көрінеді.
Күрес электронды майданда өрістеді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жемқорлыққа себеп болатын факторларды жоюға күш салуда. Мысалы, Qoldau цифрлық платформасы аясында 2023 жылғы 26 сәуірде CarGoAlem электронды сервисі іске қосылды. Осының арқасында қазақстандық тасымалдаушылар, трейдерлер Қытай аумағына өту үшін қажетті «рұқсатнаманың шетелдік бланкін» дәл шекараны кесіп өту кезінде ала алатын болады. Тасымалдаушылар «дозвол» атап кеткен осы рұқсатнама құжатын енді өткізу пунктінде CarGoAlem арқылы «онлайн» рәсімдеуге мүмкіндік туды.
Бұған қоса, Qoldau тұғырнамасында CarGoRuqsat сервисі де ел игілігіне тапсырылды: ол арқылы тасымалдаушылар көлігінің кедендегі электронды кезегін бекіте алады. Осылайша, қос сервис сыртқы экономикалық қызметке қатысатын кәсіпкерлер қаржысын да, уақыт ресурсын да үнемдейтін болады.
Бұрынғы тәжірибе бойынша «дозвол» бланктерін компаниялар алдын ала алуы тиіс еді. Содан әлдебір заңды тұлғалар рұқсатнаманың басым бөлігін өзара «ханталапайға» салып, бөлісіп алатын. Олардан түк қалмауы мүмкін екенін түсінетін өзге тасымалдаушылар да мұндай бланкілерді басы артық, үлкен «запаспен» алуға тырысатын. Соңынан оның біразын пайдаланбай, бланкіге зәру болып, таппай отырған әріптестеріне сататын. Соның кесірінен бұл рұқсатнама да жемқорлықтың құралына айналып кетті.
Сонымен бірге бланк тез таусылып қалып, шың еліне өнімін өткізетін отандық өндірушілер зардап шекті, экспорт құлдырады. Рұқсатнама болмаған соң тауарлары тиелген жүк көліктері соны күтіп, кеден жанында кептеліс туғызып, қаңтарылып тұратын.
Жаңа тәртіп пен тәжірибе бойынша бланк күнібұрын емес, жүк кеденге келіп жеткенде және CarGoRuqsat электронды кезегіне тұрғанда ғана рәсімделеді. Яғни, тек шекараны кесіп өтуге шын мұқтаж көліктерге беріледі. Тасымалдаушылардың айтуынша, бастапқы кезде бұл жаңа тәртіп те кептеліс туғызған. Бірақ Мемлекеттік кірістер комитеті жүйедегі кемшіліктерді түзетуге тырысуда. Жүк тасушы шекараны кесіп өту мақсатында электронды кезекті брондағанда комитет сол өтінім иесінің деректеріне онлайн режимде форматты-логикалық бақылау жүргізеді. Тиісінше, кеденшінің жұмысы жеңілдейді, кедендік бақылау тым ұзаққа созылмауы тиіс.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «рұқсатнаманың шетелдік бланкін» кеденде онлайн рәсімдеу бойынша бірлескен жобасын әзірге тек «пилоттық режимде» және Қытай бағытында ғана іске қосып отыр. Сынақ 2024 жылғы 15 наурызға дейін жалғасады. Ол Жетісу облысындағы «Достық-авто» және «Нұр Жолы», Алматы облысындағы «Көлжат», Абай облысындағы «Бақты» және ШҚО-дағы «Майқапшағай» өткізу пункттерінде жүзеге асырылады.
Кедендегі жемқорлықты жоюдың «мультипликативті эффекті» үлкен және ол күннің шуағындай барлық дерлік салаға тарайды. Соның арқасында қазақстандық тасымалдаушылардың, кәсіпкерлердің басы артық шығындары жойылады, оларға тауарларын ел ішінде арзандатуға мүмкіндік беріледі. Ал отандық өндірушілер өз өнімін шетелге кедергісіз, көбірек экспорттай алады. Осы күрестің нәтижесінде Қазақстанның транзиттік әлеуеті де артады, экономика дамиды. Ендеше мемлекет коррупциямен күресті орта жолдан қайыра салмай, оған қуатты қарқын бергені абзал.
Елдос СЕНБАЙ