Балалардың қауіпсіздігі

Жаз мезгілінде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе, жазғы демалыс уақытында олардың бел­сен­­ділігі артады. Қызық қуған бала­лардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсі­нік­ті.

Ал оның соңы жазатайым оқи­ғаларға әкелуі мүмкін. Салдарынан жазғы кезеңдегі балаларға қатысты  жазатайым оқиғалар қатарына  су айдын­дарындағы оқыс жағдайлар да  кіреді.

Сол үшін жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар  депар­таменті жергілікті атқарушы орган және басқа құзыретті мекемелермен бірлесіп жыл сайын іс-шаралар кешенін тұрақты жүргізеді. Биыл да балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып отыр. Жазда балалар көбіне ересектердің қарауынсыз қалып, су айдындарына, әдетте қайғылы оқиғалар болатын жабдықталмаған жерлерге шомылады. Су айдындарында балалардың қауіпсіздік мәселесі ерекше алаңдаушылық тудырады. Мәселен, соңғы 5 жылда облыс бойынша 102 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 28-і бала. Былтыр да шомылу маусымында суға батып кеткен 15 адамның 6-ы кәмелетке толмаған. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, су айдындарындағы адам өліміне тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде, мас күйінде шомылу, жүзе алмау мен балаларды қараусыз қалдыру жиі себеп болып жатады екен. «Балалардың өмірі мен денсаулығына ересектер жауап береді.  Ең алдымен біз, ата-аналар жазғы ке­зеңде балаларға қауіпсіз жағдай жаса­уы­мыз керек. Ата-аналар ең бірінші кезек­те баланы қараусыз қалдырмауды қаперде ұстағаны дұрыс. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында департамент үзбелі түбіртегі бар жадынама әзірлеп, ата-аналарға қол қойғызып, тапсырады», – дейді департамент қызмет­керлері.

Бүгінде су айдындарының қауіпті, шо­мылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде 303 тыйым салу белгісі мен 77 ақпараттық стенд орнатылған.

Былтыр қыркүйек пен биыл 28 наурыз аралығында облыс бойынша 4 076 бала жүзуге оқытылған. Соның ішінде  тегін бассейндерде – 1 406, ақылы бассейндерде  2 670 бала жүзудің қыр-сырын меңгеріпті. Сондай-ақ облыстың 556 білім беру меке­месінде су айдындарындағы қауіпсіздік бұрыштары құрылды. Ал шомылу кезеңін­дегі төтенше жағдайларға ден қою үшін БҚО Төтенше жағдайлар департаменті 70 құтқарушыны, 20 жүзу құралы және па­труль­деу үшін 12 автокөлікті дайындады. Одан басқа департаменттің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары наурыз айын­да 1 баланы, Орал қаласының орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқу­шысын құтқарған. 

Ол достарымен ойнап жүріп суға түсіп кетіп, ағаш бұтағына ілініп қалған. Оны өтіп бара жатқан адам көріп, құтқарушы­ларды оқиға орнына шақырған көрінеді. Биыл наурызда Орал қаласы Жеңіс алаңы ау­данының «Стелла» монументінің жа­нын­да тайып, суға түсіп кетіп, артынша ағаш бұтағына ілініп қалған жасөспірімге дер кезінде көмек көрсетіліп, ажалдан аман қалды. 

Биыл да жазғы кезеңде рейдтік іс-шараларды өткізу және халықты үгіттеу үшін облыстың Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган, полиция және көліктік бақылау инспек­циясы жеке құрамының 400-ден астам адамы жұмылдырылатын болады. Сондай-ақ еріктілерді тарту жоспарлануда. Облыс әкімінің өкімімен «Облыс су айдын­дарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары» бекітіліп, оның негізінде су ай­дын­дарын­дағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жө­ніндегі іс-шаралар жүргізілмек.

Десе де, департамент өкілдері демалыс пайдалы әрі ол туралы тек жақсы естеліктер қалатындай болуын ерекше ескертеді. Бұл үшін демалыс орындарындағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы естен шы­ғармаған абзал. Ал жазатайым жағдайды болдырмау үшін тыйым салынған жерлерге бармау керек. Мәселен, «Суға түсуге ты­йым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға, жүзудің шекарасын белгілейтін қалқыбел­гілерден кейін жүзу­ге, шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жүзуге, суға қайық­тардан, катерлерден, айлақ­тар­дан, жаға­жай­лардан, табиғи құралым­дардан, сон­дай-ақ осы мақсат­тар­ға бейімделмеген құры­лыстардан секіруге болмайды. Соны­мен бірге жалған дабыл айқайларын беруге, мас және есірткі белгісі бар күйінде суға шомылуға, тексе­ріл­меген және жаб­дық­талмаған жерлерде сүңгуге, жүзуге арнал­маған заттармен жүзуге және бала­ларға ересектерсіз суға кіруге жол беріл­мейді. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын айтқан мамандар төтенше жағдайға тап болғандарға 112 нөміріне хабарласу қа­жетін де қаперге салады. Сондай-ақ су айдын­дарында қауіпсіздік ережелерін бұзып,  талапты орындамаған демалушы­ларға жауапкершілік те қаралуы мүмкін. Мәселен, ескерту белгілері мен суда жүзу ережелерін орындамағандарға Құқық­бұзу­шылық әкімшілігі кодексінің 412-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 24 150 теңге мөл­шерінде айыппұл салынады.

Жаздағы демалыс аймақ басшысы Н.Төреғалиевтің жіті  назарында. Өңір басшысы бұл мәселеге ерекше мән беріп, биылғы жылдың сәуір айында өткен жедел штаб отырысында барлық қажетті құры­лымға судағы қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша тапсырма берді.

Ж.АСҚАРБЕК