Жұмыс көп, жұмысшы жетіспейді

Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Осынау ауқымды жоспарға қарамастан өңірдегі бірқатар іргелі мекемеде жұмыс күші жетіспейді.

Электронды жұмыс биржасында еліміз бойынша 21 509 бос орын бар екен. Оның 2 655-і Қарағанды облысына тиесілі. Қара­ғандылықтарға ұсынылған ең төменгі жа­ла­қы 70 мың теңгеден басталады. 

– Биыл  Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді, оған сәйкес 54 мың адам­ды жұмысқа орналастыруды жоспар­лап отырмыз.  Сәуір айындағы мәлімет бойынша 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Ізденушілер сондай-ақ «Жас­тар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жо­балары бойынша субси­дия­ланатын жұ­мыс орындарына жолдама алмақ. Өңір­дегі Saran индустриялық айма­ғында, Нұра және Бұқар жырау аудан­дарында және Те­міртауда жаңа жұмыс орындары құрыла­ды. Қысқа мерзімді курстарда 1 551 адам оқиды. Облыстың мыңнан астам тұрғыны Skills Enbek плат­формасы арқылы мамандық алмақ, – дейді басқарма басшысы. 

Дегенмен еңбек нарығындағы жағдай мен басқарма басшысы мысал еткен ста­тистиканың арасы жер мен көктей.  Әсі­ресе, өңірдегі  жеңіл өнеркәсіп секторында кадр тапшылығы байқалады. Бірнеше фабрикада тек жасы келген азаматтар жұмыс істейді. Жастардың бұл салаға қызығушылығы жоқ.

«Қазір осы жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтін мамандарды ауыстыратын жас кадрлар даярланбайды. Мәселен, облыста 315 колледж бар. Осы колледждердің үштен екісі мемлекеттік аттестациядан өтпей қалған екен. Бұл дайындықтан өт­кен мамандардың жоғы, колледжде сала­лық мамандықтар бойынша берілетін білім сапасы төмен екенінен, түлектердің кәсіпорындармен байланысының жоғы­нан да көрінеді. Колледж бітірген түлектер жұмысқа ешбір кәсіптік бағдарсыз келеді. Кәсіпорындар мамандарды қайтадан оқытуға мәжбүр. Кадрдың біліксіздігінен еңбек өнімділігі де төмендей бастады. Кәсіпорындар зейнет жасына жақындап қалған кадрларды әрең ұстап отыр.  Егер осы тенденция жалғаса берсе, кәсіпорын­ның дамуы мен жаңғыруына кедергі келе­тіні сөзсіз», – деді «Еско» компания­сының директоры Андрей Шмарин.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова аймақта тігіншілерді даяр­лайтын 4 мемлекеттік және 2 жекеменшік оқу орны барын айтады. Бұл колледждерде 359 адам «тігінші» мамандығын меңгеруде. Кадрларды даярлауға 30 кәсіпорын қаты­сады», – дейді басқарма басшысы.

Қарағанды облысында жаңадан ашы­лып жатқан кәсіпорындар да жеткілікті. Әрі олар да жұмыс күшін қажетсінеді. Бір ғана Саран қаласында 1 500-ден астам бос жұмыс орны бар.  

– Бос орындардың басым бөлігін жұмысшы мамандықтар алады. Тігіншілер, дәнекерлеушілер, газбен жұмыс істейтін қазандық жабдықтарының аппаратшысы, автобояушылар, вулканизаторлар, меди­циналық ұйымдағы бейінді мамандар мен пән мұғалімдері аса сұранысқа ие. Дөңге­лек зауытына резеңке бұйымдар мен бөл­шек­терді пішуші, шиналарды жинаушы, құрастыру станоктарын қайта зарядтаушы, автоматика құралдары мен технологиялық жабдықтардың аспаптары бойынша элек­тромеханик, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі элек­тро­монтер және басқа да мамандар қажет,  – деп атап өтті Марина Шегай.

Жұмыс бар, маман қаттығы басты мәселе болып тұрғаны рас. Ол үшін жасалып жатқан іс те аз емес. Тек ниет болса болғаны.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы