Қиманың күйін кім түсінеді?

Жақсы ауданына қарасты Қима ауылы тұрғындарының мәселесіне құлақ салар ешкім болмай тұр. Ауылдың маңын түгелдей малдың өлексесі жайлаған. Бейберекет шашылған қоқыс арасында арам өлген мал, басқа да ит пен мысықтардың өлекселерін жиі кезіктіресіз.

Ауыл тұрғындары бұл жайында жергілікті атқарушы органдарға айтқанымен, одан ешқандай нәтиже шықпаған. Қазір қоқысқа тасталған өлекселер тіптен көбейіпті.

Кезінде аудан орталығы болған Қима ауылының маңындағы қоқыс үйінділері бүгінде ауылдың ірге­сіне жеткен. Ауыл тұрғындары  қоқыспен өлексе­лердің ашық-шашық шіріп жатуы экологияға кері әсер етіп, қала берді түрлі жұқпалы аурудың тара­луына себеп болар деп қауіптенеді. Сөйте тұра, шаруа қожалықтары мен тұрғындары мұнда мал өлексесін әкеп тастауды тоқтатар емес. Өйткені Жақ­сы ауданында бірде-бір мал қорымы жоқ. Ауыл тұрғындары бұл мәселені аудан әкімінің жыл сайынғы есептік кездесулері кезінде де талай көтер­генін, бірақ жауаптылар құр  уәде берумен шек­те­летінін айтады.  

–  Аудан әкімінің есептік кездесуінде жыл сайын осы мәселені көтереміз. Қоқыс үйіндісі ауылдың тү­біне дейін тақап қалды. Енді аз күнде ауылдың ішіне кірмек. Оны ешкім тазалап жатқан жоқ.  Тау- төбе болып үйілген қоқыс өз алдына. Онда тасталған малдың, ит пен мысықтың өлексесінің иісінен еркін тыныстау мүмкін емес.

Мал қорымы деген атымен жоқ. Мұндай қорым­ның қажет екенін айтып аудан әкімдігіне талай рет жү­гіндік. Бірақ біздің жанайқайымызды тыңдар құлақ табылмай тұр, – дейді Қима ауылының тұр­ғыны Рамазан Сейтжапаров. 

Осы мәселе бойынша Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралинамен тілдеспек болғанбыз.  Бірақ аудан әкімі өзінің іс-шарада екенін айтып, бізге  орынбасарларының бірі хабарласатынын ес­керт­кен. Алайда әкімдіктен еш хабар болмады. Артынша аудан әкімінің орынбасары Бахтияр Қасеновпен сөйлесудің сәті түсті. Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары Жақсы ауданында расын­да мал қорымының жоқ екенін мойындады. Қималықтарды қинаған мәселені шешу аудан әкім­дігінің жоспарында қарастырылмағанын жет­кізді. 

– Өкінішке қарай, Жақсы ауданы аумағында рес­ми тіркелген бірде-бір мал қорымы жоқ. Өлген малды тастайтын бір шұңқыр мен малды жағып өртейтін жер бар. Мал қорымы бойынша Ақмола облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасы типтік үлгідегі мал қорымының жобасын берген. Бірақ оған әзірге жобалық-сметалық құжаттар жасалған жоқ. Биылғы жоспарға да енгізілмеді. Ал Қима ауылын­дағы қоқыс шаруа қожалықтарының күшімен тазар­тылып келді, – дейді Жақсы ауданы әкімінің орын­басары Бахтияр Қасенов. 

Әкімнің орынбасары қоқыстағы мал өлекселері тазартылды дегенмен, ауыл тұрғындары бәрі сол қалпында жатқанын айтады. Бұл жағдайдан Ақмола облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылығы  Қима ауылындағы жағдайдан хабарсыз болып шықты. 

–  Жақсы ауданы Қима ауылында мал өлексе­лерінің бейберекет шашылып жатқаны туралы бізге ешқандай хабар түскен жоқ. Мал өлекселері әлі күнге дейін жатқан болса, әрине түрлі ауру таралуы әбден мүмкін. Бұл мәселені шешу жергілікті атқару­шы органдардың құзырында, – дейді Ақмола облы­сы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық ба­қы­лау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов. 

Дәл ауылдың іргесіне дейін  өлекселері жайылған қималықтар енді қайда шағымданарын білмей дал. Аудан әкімдігі аймақта мал қорымының қашан салынатынын да тап басып айта алмады. Ал оған дейін ауыл іргесіне тасталған мал өлексесінен төрт түліктің арасында аймақта түрлі  жұқпалы ау­ру­лардың таралмауына кепілдік жоқ.  Қима ауылындағы қолқа қабатын иіс қашанғы қалары белгісіз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы